Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мемлекеттік хатшы атыраулықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Президенттің тапсырмасы бойынша Атырау облысына келіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстан барлық салада зор табыстарға жеткенін, табысты мемлекет ретінде қалыптасқанын, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болғанын атап өтті.

» Біз – еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген дана халықпыз. Біз – тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ елміз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде құт-берекеге айналды. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз.

Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал.

Отыз жылда қазақ халқы  асыққанына  жетіп, аңсағанын көрді. Тәуелсіздік ұлттық намысымызды оятты. Тәуелсіздік қазақты әлемге азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытты. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен егемен ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт», – деді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ, мемлекеттік хатшы  тәуелсіздікті нығайтудағы Елбасының ерекше рөлін атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлының дана да көреген саясатының арқасында Қазақстан өзінің мемлекет ретінде қалыптасуында ауыр сынақтардан сәтті өтіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай жасампаз саясатты жалғастыруы,  елдің одан әрі табысты дамуының кепілі болып табылады.

Мемлекеттік хатшы Атырау облысы стратегиялық маңызды өңір, Қазақстан экономикасының тірегі екеніне де тоқталды. Мұнда экономика дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз ететін әлемдік деңгейдегі ауқымды жобалар іске асырылып келетінін баса айтты.

Одан кейін  құттықтау сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов отыз жыл ішінде өңір әлеуметтік-экономикалық жағынан айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалғанын, адамдардың әл-ауқатының артқанын айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы жасалынып жатқан игі істердің көпшілігі тәу етер Тәуелсіздіктің, Елбасының, ел Президентінің жасампаз саясатының жемісі екенін атап өтті.

Салтанатты шара барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегі үшін атыраулықтарға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша тағайындалған мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Атап айтқанда, «Парасат», «Құрмет», «ІІ дәрежелі Барыс», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және ҚР Құрмет грамоталары бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT