Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаевтың 90 жас мерейтойы аталып өтті

«Мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтіп, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты жиынға Республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Чердабаев, ақын Ханбибі Есенқарақызы, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Дүйсенбай Тұрғанов, сала ардагерлері Амангелді Селбаев пен Ғаділбек Мусин және өзге өңірлерден келген сондай-ақ аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алдымен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ҚР Президені Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Өзіңізді замандастарыңыз өмір мектебінде шыңдалып, еңбегімен құрметке бөленген қоғам қайраткері, іскер азамат ретінде жақсы біледі. Мәскеуден жоғары білім алып, білікті маман атанып, туып-өскен өңіріңізде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс жасадыңыз. Мұнай өндірісін дамытуға қосқан үлесіңіз өте мол. Сонымен қатар, саяси-әкімшілік қызметтер атқарып, Атырау қаласының және мұнайлы өлкенің экономикалық, әлеуметтік жағдайының жақсаруына бар күш-жігеріңізді арнадыңыз. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да, мемлекетіміздің жан-жақты өркендеуіне, ел ішінде ынтымақ пен татулықтың сақталып, халықтың береке-бірлігінің арта беруіне атсалысып келесіз. Өнегелі өміріңіз кейінгі жастарға үлгі болмақ»,-делінген құттықтау хатта.

7bc26427-14b6-455f-8f3b-6f3efeab95c0

Одан соң аймақ басшысы Е.Тасқынбаевтың өңір үшін атқарған елеулі еңбегін айтып өтті.

«Есен Тасқынбайұлының өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық жағынан өсіп-өркендеуінде өзіндік қолтаңбасы бар. Прорва-Қаратон мұнай құбырын қысқа мерзімде тұрғызып, мұнай өндіру жоспарын арттырудағы еңбегін ембілік мұнайшылар ешқашан ұмытпайды. Ел басқару секілді күрделі салада да Есен Тасқынбайұлының еңбегі зор. Атырау қаласын 12 жыл басқарып, қаланы көркеюіне күш салып, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешті. Есен ағаның мол тәжірибесі өңірдің барша маңызды саласын жаңа деңгейге көтерді. Атап айтқанда, өндіріс, ауыл шаруашылығы, темір жол саласы, әлеумет, қоғам, білім мен денсаулық, сауда секілді бағыттар жанданды»,-деген аймақ басшысы, мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде сөз алған республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайловтың және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің құттықтау хатын табыстады.

Жиында ҚР Парламентінің депутаттары Ғ.Дүйсембаев пен Д.Тұрғанов Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаттарын оқып берді.

Ал, Мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Чердабаев мерейтой иесінің қажірлі еңбегі мен азаматтық тұлғасына тоқталды.

b0bd66db-f86d-4b40-a89a-f66638fd5275

«Есен ағамыз өңіріміздің мұнай саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Облыстағы бірнеше кен орындарын ашқан осы Тасқынбайұлы. Сонымен қатар, бірнеше жыл жауапты жұмыстарды өзінің қажырлі еңбегімен атқара отырып, азаматтық болмысымен орта жинай білді. Облыстың әлеуметтік, экономикалық және мәдени өркендеуіне зор үлес қосты. Оның келелі еңбегі еленіп, жоғары дәрежедегі награттармен марапатталды. Ағамыздың қандай жұмыс тапсырса да игеріп кете беретін ерекше қасиеті бар»,- деген ол, Е.Тасқынбаевтың жары Ермек Алдиярқызының да ұзақ жылдар университетте ұстаздық етіп, көптеген шәкірт тәрбиелегенін де айтып өтті.

Салтанатты жиында сала ардагерлері мен үзеңгілес азаматтар той иегеріне берекелі ғұмыр тілесе, ақын Ханбибі Есенқарақызы жыр шумақтарын арнады.

Сондай-ақ документалді фильм көрсетіліп, концерттік бағдарлама қатысушылар назарына ұсынылды.

Іс-шара соңында сөз алған Есен Тасқынбаев «Еліміздің ертеңі үшін істеп жатқан жұмыстарыңызға ризамыз. Ал, маған көрсетіліп жатқан құрмет – елдің алдындағы атқарған азаматтық борышымның еленгені деп білем»,-дей келе барлығына алғысын білдірді.

Айта кетейік, Есен Тасқынбаев он екі жыл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, он жыл бойы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. Ол Атырау облысының, Атырау қаласының және Жылой ауданының «Құрметті азаматы». Сондай-ақ «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT