Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы құрбан шалудың ерекшелігіне тоқталды.
Сонымен қатар келіп түскен бірнеше сауалға жауап берді. Құрбан айт мерекесі Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды деп атап өтті Бас мүфти.
«Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайтын бүгін толықтай іске қостық. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр.
«Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым. пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық» деді Бас мүфти.
Брифинг кезінде бұл жобаны келесі жылы да жалғастыру жоспарда бар екені айтылды. Айта кетуіміз керек, онлайн құрбандық шалу барысында имамдардың жұмысы делдалдық емес, аталған рәсімді ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіру. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, әр облыста құрбан шалу орны ашылған.
Діни рәсім жергілікті әкімдік пен санитарлық-дәрігер мамандардың рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады.