Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

Дүйсенбі күні аудандық соттың биылғы тоғыз айда атқарған жұмыстары бойынша брифинг өтті. Брифингті ашып, жүргізген аудандық соттың төрағасы Айдын Байназаров атқарылған жұмыстар бойынша баяндады. 

    Оның айтуынша, биылғы  тоғыз айда аудандық соттың қарауына жалпы 425 іс түскен. Оның 225-і азаматтық іс бойынша болса, 231-і әкімшілік құқық бұзушылық іс бойынша, 19-ы қылмыстық іс бойынша түскен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азаматтық іс 43 іске, яғни 19 пайызға көбейсе,  әкімшілік іс 46 іске (20 пайыз), қылмыстық іс 8 іске (42 пайыз) артып отыр. Азаматтық істер негізінен тұрмыстық қатынастан туындайтын даулар, яғни неке бұзу, алимент өндіру, екінші деңгейлі банктерге бережақ бойынша түскен талап-арызбен көбейіп тұр. Сондай-ақ, сотқа түскен істердің көбеюімен бірге оның қаралу деңгейі де көбейіп отыр. Бұл орайда,  медиаторлар, билер кеңесі үлкен жұмыс атқаруда. Яғни, барлық қаралған істің 35-і  (24 пайыз) судья медиаторлардың қатысуымен екі тарап бітімгершілікке келіп, іс тоқтатылды. Сондай-ақ, сотқа түскен 16 іс қараусыз қалдырылды. Бұл жерде екі тарап өзара келісімге келіп, жәбірленуші тарап-арызды қайтарып алды. Есепті мерзім ішінде азаматтық істер бойынша сот шығарған үш шешімге апелляциялық шағым түсіргенімен, қанағаттандырылмай өз күшінде қалды. Ал,  9 айда 168 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралып, 63 тұлғаға әкімшілік айыппұл, 88 тұлғаға әкімшілік қамақ, 11 тұлғаға ескерту, 4 тұлғаға Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығару жазасы қолданылды. 

    – Сотқа келген қылмыстық істерде мал ұрлығы көбейіп тұр. Бұл іс бойынша биыл бес адамға қатысты бір іс қаралып, төрт адамға  бас бостандығынан айыру жазасы қолданса, бір адамның жәбірленушімен татуласына орай заңға сәйкес жауаптылықтан босатылды. Сонымен бірге әлі де алкагольді ішімдік ішкен күйінде көлік құралын басқару тыйылмай отыр. 2020 жылға дейін  ішімдік  ішіп, көлік айдағанға  үш жыл көлік басқару құқынан айыру туралы жаза қарастырылған болса, қазіргі таңда  15 тәулікке қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқынан айырылады. Бұл ретте биыл екі тұлғаға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылды. Әрине, аудандық сот бұқаралық ақпарат құралдарымен, соның ішінде аудандық «Qyzylqoga» газетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отыр. Яғни есепті мерзім ішінде газет беттерінде 18 мақала жарияланса, сот қызметі жайлы 18 дайджест оқырман назарына ұсынылды. Әр түрлі өзекті тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер мен кездесулер  ұйымдастырылып, мектептер мен мекемелерде дәрістер оқылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, - деді аудандық соттың төрағасы Айдын Байназаров

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT