«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақйылдырымды қабылдады»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы түрік инвестицияларын тартуға және бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі екенін жеткізді.
«Атырау өңірі қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті зор аймақтардың бірі. Мұнда тек мұнай-газ емес өзге де салаларды дамытуға күш салудамыз. Атап айтқанда, облыста газ-химия кешені мен полипропилен шығаратын зауыт салынуда. Сонымен қатар, логистика мен ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытуға күш салып жатырмыз. Өңірде суды тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар атқаруды қарастырып отырмыз. Сондай-ақ, көне Сарайшық қаласын туристік орталыққа айналдыруды көздеудеміз. Міне, осының барлығына заманауи технологиялар мен сапалы жұмыс жасайтын компаниялар керек. Мұны айтып отырған себебім, Түркия елінде аталып өткен салалар жақсы дамыған. Сондықтан, осы салаға инвестиция құйып, жұмыс істегісі келетін компанияларға әрдайым есігіміз ашық» - деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Бас консул Мұзаффер Ақйылдырым екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді. Түрік кәсіпкерлерінің сөз болған салаларға инвестиция құюына ықпал етуге күш салатынын айтты.
Сондай-ақ, өңір басшысы Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен шетелдік инвесторлар үшін жасалған тиімді жағдай туралы да тоқталып өтті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Атырау облысында түрік капиталының қатысуымен қызмет көрсету, құрылыс және тағы басқа салаларда 225 кәсіпорын тіркелген.
2022 жылғы қаңтарда Атырау облысының Түркиямен сыртқы сауда айналымы 20,1 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт - 18,9 млн., импорт - 1,2 млн. АҚШ долларын құрады. Экспортталатын өнімдер қатарында: күкірттің барлық түрлері, битуминоз түрлерінен алынған шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері, мұнай газдары және газ тәрізді көмірсутектер болса, ал импортталатын өнімдерге: тамақ өнімдері, жемістер мен көкөністер, құбырлар, түтіктер, тауарларды тасымалдауға арналған өнімдер, пластмассадан жасалған өзге де бұйымдар, ас үй ыдыстары бар.