1941 жылдың 22 маусымында басталып 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл – 80 жыл толмақ. Жеңіс туын желбіретіп, елінің, жерінің азаттығы мен ұрпағының келешегі үшін жанын пида еткен боздақтарымыздың есімдерін ұмытпай, ерлігіне тағзым ету – қасиетті борышымыз.
ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ҚОС БАУЫР
Ел басына күн туған сол бір қатыгез заманда майданға аттанып, хабарсыз кеткендердің қайда жерленгенін білу өте қиын болған. Өйткені, ол кезде майдан шебінде көз жұмған жауынгерлер туралы ақпарат тым аз еді. Кейінірек, қазақ жауынгерлерінің жерленген жерлерін олардың туыстары газет-журнал, кітаптардан және ғаламтордан іздестіріп, сондағы шағын деректерден біліп жатты. Сондай ақ, «Атамның аманаты» бірлестігі арқылы да жауынгерлердің жерленген жерлері медальондары арқылы анықталып, сүйегі елге әкелініп, туған топырағына қайтадан жерленгендер де болды. Десе де, арамызда хабарсыз кеткен ата-бабасы туралы бір дерек тапсам деп шарқ ұрып іздеп жүрген жандар әлі де жетерлік.
Солардың бірі, майдангерлер отбасының ұрпағы Асқар Қашауов Хамзаұлы. Ол өз әкесінің соғыста хабарсыз кеткен екі ағасы туралы деректерді ұзақ жылдар бойы іздестіріп, осыдан екі жыл бұрын ғана тапқан. Майдан даласына аттанған ағайынды Қашауовтар туралы барлық деректерін жинақтап, газет бетіне жариялауды тапсырған болатын. Ұлы Жеңіс күнін жақындату жолында күрескен жерлес жауынгерлеріміз жайында баяндайтын боламыз. Асқар ағамыздың айтуынша, атасы Қашауов Сұлтанғұби Бақсай ауданының №7 ауылында туып-өскен. Сол ауылдың белді биі болған. Жұбайы Майжан екеуі өмірге 4 ұл, 1 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіреді. Атап айтсақ, Есенаман, Жоламан, Хасан, Хамза ұлдары және Слуқыз атты қыздары дүниеге келген. Майжан апамыз дүниеден өткеннен кейін, екінші рет шаңырақ көтереді. Дәмегөй есімді әйелінен, Ханымқыз, Жұмақыз, Сланқыз және Үміт (Шөпіш апа) қыздары туған. Отбасының тұңғышы Қашауов Есенаман Сұлтанғұбиұлы 1909 жылы қазақ ССР Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Құмшығанақ ауылында туған. Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Калмыков ауылында салық комитетінің инспекторы қызметін атқарады. 1941 жылы сұрапыл соғыс өрті тұтанғанда 32 жастағы Есенаман Гурьев әскери комиссариатынан соғысқа аттанып, Волгоградқа аялдап, қанқұйлы соғыс жүріп жатқан Украина майданына түседі. Қызыл әскер әскери шенін алған жас сарбаз 213 атқыштар дивизиясы қатарына қосылады.
Винницада соғыс майданына кіріп, Киев, Гомель, Смоленскі, Тверьді азат етіп, Брянскіге жетіп, Харков арқылы Днепрге қайта келеді. Табылған деректерге сүйенсек, майдангер шамамен 1943 жылдың 16 қазанында қаза тапқан. Алғашқы жерленген жері: Украина, Днепропетровская облысы, Верхне- Днепропетровский район, Калужино ауылынан солтүстік шығысқа қарай 200 м кейін қайта жерленген болуы да мүмкін деген деректер де бар. Сұрапыл сұм соғыстың басқа салған тауқыметі аз болмады. Елде қалған жұрт бауырынан, баласынан, әкесінен, жолдасынан қара қағаз алып, қара жамылды. Есенаман ағамыз майдан даласына аттанғанда артында жұбайы Қашауова Нұрша Сардарқызы (1911-1976жж.), ұлы Амангелді мен қызы Сәнім қалған еді. Ұлы ер жетіп, шаңырақ көтеріп, зайыбы Жұмалиева Нәсіпхан екеуінен Асхат Есенаманов (1966-1989жж.), Нариман Есенаманов (1971-2003жж.), Жасұлан Есенаманов (1976 ж.), Жанар Есенаманова (1968ж.) атты ұл-қыздары тарады. Сәнім 11 ауылда француз тілінен, жолдасы Ерсайын математика, сызу пәндерінен сабақ берген. Ұстаздар отбасында Серік (1962), Берік (1963), Ерік (1966), Бибігүл (1971-2007), Бибінұр (1981) ұл-қыздары дүниеге келген Із-түссіз кеткен екінші жауынгер Қашауов Хасан Сұлтанғұбиұлы. Ол 1921 жылы Қазақ ССР Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Құмшығанақ ауылында туған. Мектепті үздік бітіріп, ұстаздық қызмет атқарып жүріп, 1941 жылы небары 20 жасында Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданынан ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанады. Болжам бойынша сол өңірден аттанғандармен бірге Украина майданына түсуі мүмкін. Ол уақыттағы сарбаздарға берілетін Қызыл әскер әскери шенін алып, атқыштар дивизиясы қатарына қосылуы да ғажап емес. 1942 жылы ағасы Есенаманның жұбайы Қашауова Нұршаға қайын інісі Хасаннан хат келеді. Ел жұртының амандығын сұрап: «біз бүгін Мәскеуден майдан алаңына аттанғалы тұрмыз» деп жазған екен. Соған қарағанда Мәскеуді қорғауға қатысқаны анық. 1944 жылы із-түссіз жоғалғандар қатарына қосылады. ЖАУЫНГЕР ЖОЛАМАН Енді елге аман-есен оралған Жоламан мен Хамза Қашауовтар туралы баяндасақ. Ұлы Отан соғысының ардагері Қашауов Жоламан Сұлтанғұбиұлы 1913 жылы Бақсай ауданының №7 ауылында дүниеге келген. №8 ауылдағы Қызыл үй мектебінде 4 кластық білім алады. Жастайынан еңбекке араласып, ОРС-эмбанефті есепші, аға қаржы есепшісі қызметін атқарады. 1941 жылы соғысқа аттанып, 2 аптадай дайындық курсынан өтеді де украи-нек фронтына жіберіліп, Мәскеуді қорғауға аттанды. Ефрейтордан бастап бөлімше командирі, командир орудия шеніне дейін көтеріледі. Осы шайқастың қорытындысымен «За оборону Москвы» медаліне ие болады. Елге қайтқаннан кейін бір сөзінде: «Москва үшін шайқас өте қиынға соқты, күндіз-түні соғыс, біздің взводтан 3 адам қалдық, не керек содан соң бізді Беларус фронтына жіберді», - деп еске алған екен қарт майдангер. 1943 жылы партия қатарына қабылданған жас сарбаз өмірінің соңғы күндеріне дейін коммунистік партия қатарында болып, сол кездің шарттары бойынша еліне адал қызмет етеді. Ештеңеден тайсалмайтын, жасқанбайтын, орыс тіліне өткір, суырып салма, ақындық қасиеті де бар ол соғыста жүргенде қойын дәптеріне өзі шығарған өлеңдерін жазып жүрген деседі. Бір күні сарбаздар окопта қару- жарақтарын тазалап отырғанда «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі келіп, кіші сержант Қашауов Днепр өзені үшін болған шайқаста үлкен ерлік көрсетті» деген газетке шыққан мақаламен таныстырады. Осы Днепр үшін болған шайқаста немістің қаптап келе жатқан солдаттары мен танкісін жойып, совет солдаттарының шабуылға шығуына жол ашқаны үшін 1944 ж. «За отвагу» медалі және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері атағына ие болады. Осындай ұрыста қасына екі солдат беріп командир Жоламанды тіл алып келуге жұмсайды. Сыртта тұрған қарауылдардың көзін жойып, немістің штабына басып кіріп, үш-төртеуін өлтіріп, бір офицерін ақ қарда жалаң аяқ штабқа алып келеді. Сол сәтін:
«Бізге жалынып жылап келеді, етігін шешіп алып қасымдағы солдатқа бердім, өзім помазогын алдым. Елге аман-есен оралсам, балаларыма көрсетемін», деп еске алған.
Тағы бір әңгімесінде:
«Могилев облысының бір деревнясын азат етуде үш күн нәр татпадық. Қасыма үш солдат қосып алып, сарбаздарға тамақ тауып әкелуге бел буып, жолға шықтым. Көрші деревняға келдік. «Откройте, мы свои» деп әр үйдің терезесін соғып жүрміз. Ешкім ашпайды. Бір үйдің терезе жапқышы қозғалғандай болды. Содан жаңағы үйге келіп, есігін қағып, совет солдаты екенімізді, оларға залал келтірмейтінімізді, үш күн нәр татпағанымызды айттым. Егде жастағы әйел көже толтырып, қалған кепкен нандарын берді. Бізді шығарып салып тұрып, көзіне жас алып, «жолдасыммен үш балам соғысқа аттанды, екеуінен қара қағаз келді» деп қоштасты. Анаға риза болған мен «елге аман оралып, қызды болсам сіздің атыңызды қоямын деп уәде беріп кеттім» деп сол күндерін есіне алған.
Қашауов Жоламан Польша, Венгрия, Германия мемлекеттерінің қалаларын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін Сталиннің бұйрығымен «Германияны азат еткені үшін» медалі, «ССР Қарулы Күштеріне 50 жыл» мерекелік медалімен және бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталды. Соғыстан аман оралған соң, 1945-1947жж. Ленин атындағы балық консерві комбинаты жанында «Чапаев» артелінде председатель болып жұмыс істейді. Өмірінің соңғы жылдарына дейін комбинатқа қарасты партия жұмсаған бөлімдерінде абыроймен қызмет атқарады. 1938 жылы Амина анамызбен шаңырақ көтеріп, дүниеге он бес бала әкелген. Бес баласы кішкентай кезінде дүние салған. Соғыстан елге оралсам бір қызыма сіздің атыңызды қоямын деген уәдесін орындап, өмірге келген қызына «Лиман» деп ат қойыпты. Оның тағы бір қасиеті – елді аузына қаратқан әңгімешіл, домбырашы, жыршы болғандығы. «Бес ғасыр жырлайды» томдарын, Бұқар жырау, Жиренше шешен, Қарашаш жырларын жатқа айтқан. Кітап оқығанды, домбырамен ән салғанды, ән тыңдағанды жақсы көрген. Ауырып жатса да, басына сүйеулі домбырасы, іргесінде көзілдірігі мен кітап-газетін тастаған емес. «Кітап сыйлағанда балаша қуанатын еді» деп еске алады ұлдары.
«Өте балажан, қатты дауыс көтермейтін, ағайын-туманың балалары шарбағымыздан арылған емес. Әкеміз жұмыстан келе жатқанда (шарбақта 4 үйміз) «алақай, ақ папа келе жатыр» деп бәріміз бірдей жүгіреміз. Әкемізге жеткенше «ақ папа, төре папа, Төреғали папа» деп әндетіп жетеміз. Ол балаларды түгел еркелетіп, «құдай құлдық, құлыншақтарым менің» деп көтеріп бетімізден сүйіп, жетектеп қайтады. Жүрегі кең, мейірбан әкеміз Отанын да қорғап, ұрпағын да тәрбиелеген абыройлы азамат еді», - деп еске алады балалары.
МАЙДАН ДАЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСШЫ
Ендігі әңгімеміз осы мақаланы жариялауға түрткі болған Асқар Қашауовтың әкесі Хамза Қашауов Сұлтанғұбиұлы туралы болмақ. Ол 1924 жылдың 18 қазанында Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Есбол селосы № 7 ауылда дүниеге келген. 1941 жылы 10 сыныптық Калмыково орта мектебін үздік бітіріп, Калмыков селосындағы радиобайланысшы, моторист қызметтерін атқарады. 1942 жылдың жазында 18-ге толмастан өз өтінішімен майданға аттанады. 1942 жылы Орал қаласына көшірілген Ленинград әскери байланыс училищесінің курсанты ретінде қабылданып, 1943 жылға дейін осында оқып, әрі мамандығына байланысты қызметін атқарады. 4 мамыр 1943 жылы Оңтүстік-Батыс майданға бағынышты 3-ші Украина фронты №223 атқыштар дивизиясының №1041 атқыштар полкі құрамына байланысшы ретінде жіберіледі. Екі айдан соң әскери тапсырма орындау үстінде ауыр жарақатпен госпитальға түседі. Емделіп шыққан соң Оңтүстік- Батыс майданының №50 атқыштар дивизиясында №49 атқыштар полкінің телефоншысы қызметін жалғастырады. Майдан даласында құпия тапсырмамен жүрген байланысшы атылған снарядтың астында қалып, қайта жарақаттанып госпитальға түседі. Екі ай емделіп, 1943- 1944 жж. №28 атқыштар дивизиясының №40 жеке батальонында әуеге жарық беруші жабдықтар бастығы қызметіне ауыстырылады. 1944 жылдың қаңтар айынан 1946 жылдың қаңтар айына дейін Кубышев әскери байланыс училищесінде оқуын жалғастырып, оны аяқтаған соң кіші лейтенант шенін иығына тағады. 1946-1947 жж. атқыштар батальоны байланысының бастығы болып тағайындалады. 1947 жылдан ВКП(б) мүшесі. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен, «За победу над Германией в Великой Отчественной войне 1941-1945гг.» медалімен марапатталады. Майдангер әскери міндетін абыроймен атқарып, елге оралғасын қызу еңбекке араласып, 1947-1948 жж. Бақсай аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісіне тағайындалады. Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Яманка ауылындағы пленум мүшесі және аудандық комсомол комиетінің мүшесі және аудандық партия комитетінің мүшесі болған. 1955-1958жж. еңбегі ескеріліп, Бақсай аудандық кеңесінің депутаттығына сайланады. Бақсай аудандық партия комитетінің нұсқаушысы 1948-1949жж., бөлім меңгерушісі 1949-1952 жж., Бақсай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы 1952-1955жж., Бақсай аудандық советі атқару комитеті жоспарлау комиссиясының төрағасы 1954-1955жж., Сталин атындағы Құлтай орта мектебінің (ескі Бесікті ауылы) директоры 1955-1956жж., Зауральный машина-трактор станциясы партия бюросының хатшысы 1956-1958жж., Шымкент совет-партия мектебінің тыңдаушысы 1958-1961жж., «Зауральный» совхозы партия бюросының хатшысы 1961-1962жж., 14 қазан 1962 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Бақсай селолық советіне №1 Степной сайлау округінен депутат болып сайланғандығын куәландырады. 1963 жылдың 3 наурызынан Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Бақсай селолық советіне №22 «Қуат» сайлау округіне депутат болып сайланады. «Бақсай» қаракүл совхозы партия бюросының хатшысы, «Теңдік» совхозы №3 фермасының басқарушысы қызметтерін де атқарды. 1965-1967 жылдары Гурьев облысының Главмест Снабсбыта КазСНК бастығы және В.И.Ленин атындағы балық консерві комбинатының техникалық бөлімінің бастығы болған. 1973-1979 жж. ПО «Эмбанефть» техникалық көлікті басқару инженері қызметін атқарды. Соғыс ардагері өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек етіп, 54 жасында дүниеден өтті. Осы жылдарда оған әркез қолдау танытып, сенім арта білген өмірлік жары Хиуа Емзина болатын. Екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары Асқар 1951ж.т., Асан 1955 ж.т., Арон 1969 ж.т., және қыздары Оңай 1959 ж.т., Гүлнар 1962 ж.т., Маржан 1966 ж.туған. МАЙДАНГЕР-МҰҒАЛІМ Балаларының анасы Хиуа апамыздың 1914 жылы туған ағасы Хайдар Емзінұлы да соғыс ардагері. 1941 жылы Гурьев облысы, Доссор поселкесінен соғысқа аттанған. Ерлікпен жауды жеңіп, 1945 жылдың тамыз айында елге оралады. Содан бастап Жаманқала(Яманка) орта мектебінде жоғары сынып оқушыларына математика, физика, сызу, астрономия пәндерінен екі тілде сабақ берген. Ол соғысқа дейінгі жылдары яғни, 1936 жылы Орал қаласында А.С.Пушкин атындағы пединститутын бітіргеннен кейін Гурьев облысының Доссор, Мақат аудандарының мектептерінде, Балықшы поселесінде Ә.Жангелдин мектебінде нәтижелі білім берген. Жоғары білімді педагог Хайдар Емзінұлынан тәлім алған шәкірттерінің барлығы дерлік жоғары оқу орындарын бітіріп, ғылыми атақтарын мінсіз қорғаған. Отыздан аса физика-математика, техника ғылымдарының кандидаты мен докторлары өздерін Х.Емзінұлының шекпенінен шыққандармыз деп санайды. Олардың арасында академик, геология-минерология ғылымдарының докторы, ғалым, эколог, профессор Мұфтах Дияров, академиктер Е.Қайыржанов, Хасан Қамашев, ғылым кандидаты Қасым Тұхпатов, облыстық дәрежедегі зейнеткерлер Ақым Тәжі, Егізбаев Мерген, ҚР Халық ағарту ісінің үздігі Сембі Берғалиевтерді атап өтуге болады. Хайдар ағамыздың зайыбы Салима Хамитова да мұғалім болған, Жаманқала орта мектебінде сабақ берген. Одан тараған ұрпақтары – қызы Сәуле – ардагер-мұнайшы, ұлы Нұржан – ұшқыш (ерте өмірден өтті), кенже қызы Роза да еңбек етіп жүріп, тағдырдың жазуымен бақилық болды. Қашауов Сұлтанғұби отбасының 4 ұлынан бөлек, жалғыз қызы Сұлуқыз Қашауова туралы да айтпай кетуге болмас. Ол 1929 жылы туған. Баспа саласының байырғы маманы, аудандық баспаханада ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен. Баспахананың байырғы қызметкерлері Тәтікей Бисенғалиева, Иба Суханова, Слуқия Ысмағұлова, Ләтипа Темірғалиева, Өкила Шәріповалармен қатар Слуқыз апамыздың да еңбегі ерекше аталады. Өзінің атына сай жан дүниесі де сұлу болған Слуқыз апаның газет тарихындағы орны біз үшін қашанда бөлек.
БІЗ БҰЛ МАҚАЛАДА ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУЫП, СОҒЫС ӨРТІ ТҰТАНҒАН ШАҚТА БІР ОТБАСЫНАН АТТАНҒАН МАЙДАНГЕРЛЕРІМІЗДІҢ ӨМІР ЖОЛЫН БАЯН ЕТТІК. ОТАНЫ МЕН ЖЕРІН ҚОРҒАП, ҰЛЫ ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА КҮРЕСКЕН ЖАУЫНГЕРЛЕРІМІЗДІҢ ЕСІМІ МЕН ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНДА МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ.
Б.САПАРОВА