Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Бұл жәй ғана науқан емес, бұл еңбек адамының маңдай терін бағалау, қарапайым кәсіп иесін тану, адал еңбектің абыройын көтеру жылы екені белгілі.
Еңбек жәй ғана қызымет емес – адам болмысының айнасы. Ал ауыл шаруашылығы елдің әлеуметтік экономикасының дамуының негізі. Қарапайым еңбек адамдары ала жаздай тер төгіп, аптап ыстыққа қарамастан тіршілік етіп жүрген жұмысшылардың еңбегі бағалануға тұрарлық. Бұл жағынан біздің Құрманғазы топырағында еңбекпен өрілген өнегелі жолдар аз емес. Солардың бірі ауданымызда егін шаруашылығымен шұғылданып, елдің ырысын еселеп, көп адамды жұмыспен қамтып отырған «Сандуғаш» шаруа қожалығы.
«Сандауғаш» шаруа қожалығы ауданымыздың ауыл шаруашылығын, соның ішінде егін шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек ұжымы. Егіншілік саласын таңдаған бұл қожалық жыл сайын жер ананың төсін игеріп, халыққа қажетті дақыл түрлерін өсірумен айналысады. Бұл шаруа қожалығының тарихына үңіле қарасақ 2005 жылы Асылбек Еділбаевтің жетекшілігімен құрылды. Сол жылдар ауданымызда егіншілік саласы енді ғана қарқынды дамып келе жатса керек. Алғашқылардың бірі болып бұл қожалықта өз кәсібін игере бастайды. Міне, күні бүгінге дейін тұтастай 20 жыл уақыт бойына ауданымыздың еңбек шежіресіне елеулі із қалдырып келе жатқан қожалық. Бұл шаруашылық үшін еңбек жәй ғана күнкөріс емес, туған жерге қызымет етудің ең жарқын жолы. Бүгінде бұл қожалықта 20 гектарға жуық жер өңделіп, жаз бойына алқаптарда адал еңбектің маңдай терін төгіп отыр.
Қазіргі таңда бұл аталған шаруашылықта көкінөстердің әр түрлі және шетелдік сорттары өсірілуде. Атап айтар болсақ, қарбыз, қауын, қызанақ, қияр, ащы және тәтті бұрыштар, қырыққабат және басқа да көкөніс түрлері тамшылатып суару арқылы өсіп, өнім беріп жайқалуда. Бұл аталған өнімдердің барлығы дерлік аудан орталығында және Атырау қаласындағы «Дина» сауда орындарында халыққа қамтамасыз етіп, өз кәсіптерін шыр айналдырып, бейнеттерінің зейнетін көруде.
Шаруашылық жетекшісі Асылбек ағамыздың өзінің іскерлігінің, іздемпаздығының арқасында биылғы жылы бұл қожалықта 13 гектарға жуық жерде әртүрлі сорттардан құралған 50 түрлі шабдалы ағаштары өсірілуде. Және қауынныңда сырты сары, іші қызыл болып өсетін, сирек кездесетін Алакөл сорты көздің жауын алардай болып жайқалып тұр. Бұл жетістіктердің барлығы дерлік Еділбаев Асылбек ағамыздың күн - түн демей шапқылап, өз білімін жетілдіру мақсатында түрлі семинарларға, іс-шараларға қатысып, әлеуметтік желілер арқылы ізденіп, тәжірбие жинағанының арқасы. Нәтижесінде істері оңға басып, еңбектері ақталуда. Шаруашылық жетекшілерінің алдағы жоспары да егістікті үлкейтіп, өнімді көбейтуді көздеп отыр. Қожалық құрылған жылдан бері суармалы жерлер жүйеленіп, тамшылатып суару әдісі де енгізілген. Бұл бір жағынан заманауи тәсілдерді игерудің жолы болса, екінші жағынан еңбек өнімділігін арттырудың нақты көрсеткіші екені сөзсіз.
Аянбай тер төгіп жүрген, шаруашылық жетекшісі Асылбек Құрмантайұлының ұйымдастыруымен іске асып жатырған қожалықта көптеген адамдар еңбектенуде. Еңбекші ауылдық окрогіне қарасты Қаражар елді мекенінде орналасқан «Сандуғаш» шаруа қожалығына студенттер, сол ауылдың тұрғындары және отбасылық адамдар да маусымдық жұмыспен таңның атысы, кештің батысына дейінгі аралықта өз несібелерін тауып, қызымет етуде. Міне, шаруа қожалығы тек бір ғана адамды емес, ауданымыздың көптеген тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың жағдайларын жасап, ауылшаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар ауданымыздағы агротехникалық колледжбен тығыз байланыс орнатып, ондағы студенттерді жаз айларында тәжірбие жұмыстарын жүргізіп, шәкіріттердің аграрлық салада білімдерін жетілдіруіне де кең мүмкіндік жасауда.
Адамды әрқашан алға жетелейтін еңбек екені белгілі. Қарапайым еңбектен өз бақыттарын тауып, тынымсыз күндердің, тындырымды істердің бел ортасында жүрген Асылбек Еділбаев ағамыздың еңбегін елге таныстырып, көршілікке ұсынып отырмын. Бұл «Сандуғаш» шаруа қожалығы тек ел экономикасына үлес қосып ғана қоймай ауданымыздағы көптеген адамдардың күнкөрісіне себепкер болып отырған еңбек ұжымы. Осы ұжымдағы жұмысшылардың маңдай терін ескеріп, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай шаруашылық жұмысымен танысып, олардың да еңбектерін ескергенді жөн көрдім. Бұл шаруашылыққа мол толағай табыстар тілеймін! Алға қойған мақсаттары орындалып, жұмыстары оңынан болғай!
Ғазиз Азамат,
жас тілші
Құрманғазы ауданы