Қайбір жылдары әлеуметтік желідегі бір досымның жазбасына көзім түсті.
Өзі – оңтүстік өңірдің тумасы. Жеке қожалығы бар еңбекқор жігіт. Сол досым әлеуметтік желі арқылы өзі туған ауылындағы керемет дәстүр туралы баяндады. Яғни, ауыл әкімдігіне жоғарыдан бөлінетін бюджеттен бөлек қосымша қор ұйымдастыруды қолға алған екен. Мен үшін оған қажетті қаржыны басқадан емес, өз қалталарынан шығаратыны қызықты болды.
Қалай дейсіз ғой? Былай... Мысалы, ауылдағы 1981 жылы туған азаматтардың әрқайсысы бір жылда орташа есеппен 1 000 теңгеден жинайды. Шамамен 30 адамнан 30 000 теңге шығады және оған құрдастары арасынан біреуі жауапты болады. Дәл сол сияқты 1982 жылы туған жігіттер мен қыздар да бір жылда шама-шарқынша ақша жинап, ол ақшаны өз қатарларынан шыққан біреуге сеніп тапсырады. Сосын осы қаржының бәрі бір жерге жиналған соң, қаржы ауылдағы ең өзекті деген проблемаға құйылады. Мысалы, мемлекеттік бағдарламада қарастырылмаған жерлерге су тарту, жол салу, жарық қосу сияқты мәселелерді шешуге жұмсайды екен. Досымның өз ауылында жүзеге асырып отырған бұл жобасы менің де көңілімнен шықты.
«Енді осы дәстүрді неге біздің ауылда жолға салмасқа?» деген ой бізге де келді. Он ойланып, мың толғанғандай болдық. Заңның қалай дейтінін білмеймін, бірақ алауыз болған ауылды айрандай ұйытатын уақыт жеткен сияқты. Бір мақсатқа, бір мүддеге жұмылып, туған топырақтағы тұралап жатқан жерлерді барымызша көтерсек, көтермелесек деген тәтті ойдың жетегінде осы ұсынысты 1987 жылы туған құрдастарыма жеткіздім. Барлығы түсінді. Қолдады. Енді ақша жинауды бастап та кеттік. Өз құрдастарым қолдағаннан кейін осы ұсынысты әлеуметтік желі арқылы барша мұқырлық ағайынға жеткіздік. Игі бастаманы ауылдастар қуана қолдады. Қолдаушыларға әлеуметтік желі арқылы «Алдымен әр жылғы азаматтар өз қалтасынан 1 000 теңгеден жинап, оны өз араларынан шыққан біреуге беру керек. Яғни, сол жауапты адам өздері жинаған ақшаның қайда кетіп жатқанын біліп отыруға, есебін алуға құқылы. Сосын әр жылдың жауапты азаматы өздеріндегі қаржыны ауылдан шыққан сенімді деген, Алласына қараған азаматқа тапсыруы тиіс» деп қаржы жинаудың жүйесін түсіндірдік. Қазіргі таңда, бұл бастама қызу қолдау тауып, әр жылы туған азаматтар қаржы жинауды бастап кетті. Биылғы жылға арналған қаржыны жинау мерзімі 22 наурызға дейін. Осы мерзімге дейін қаржы толық жиналғасын ауыл әкімін, мектеп директорын, ақсақалдар алқасының төрағасын, тағы да басқа үлкен кісілер мен жастарды (оның ішінде әр жылдың жауапты тұлғалары болуы керек) қатыстыра отырып, қоғамдық кеңес өтуі тиіс. Сол жерде ең өзекті деген мәселе ортаға тасталып, жиналған соманың қанша бөлігі қайда жұмсалатыны шешілетін болады.
Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ,
Мұқыр ауылының тұрғыны