Соңғы кездері өзекті мәселенің жасөспірімдер арасында кең етек жаюы алаңдатуда. Жалпы, суицид жасайтын адамда бір белгі болуы мүмкін. 14-19 жас арасындағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау көп кездеседі. Жастар өздерінің өмірлерін бағалай білмейді. Ата-ана баласына қатты көңіл бөлген жөн. Баланың көңіл-күйін ұдайы назарда ұстап, жабырқаулы жүрсе сөйлесіп, сырласқан дұрыс.
Басқалар үшiн жақсылықты аямау қажет. Біреу қиындыққа ұшырап қалса, оған көмектесу міндет. Барлығы бірден бола қоймайды. Жүйкесі шаршаған адамдар қандай да болмасын iсті күрделi деп санап, оны бітіру үшін көп күш жұмсайды.
Суицидке талпынған адамға: «Ойлан, сенің өлімің жақындарыңа қандай қайғы әкеледі?» деп айтқанша, оның ойына мүмкін әлі келе қоймаған басқа шешімді салған жөн. Сіз ол адамның жан жарасын білдіретін сөздерін, мейлі ол уайым-қайғы, кінә, қорқыныш немесе ашу-ыза болсын, тыңдай білсеңіз, оған баға жетпес көмек бергеніңіз. Тіпті кейде жай ғана үндемей онымен бірге отырсаңыз да, бұл сіздің оған деген қамқорлық қатынасыңыздың, оның тағдырына немқұрайлы қарамайтыныңыздың дәлелі бола алады.
Суицидтік әрекет жасағандар әдетте қатты жан кеселмен ауыратын және күйзеліс қалпында жүрген, сонымен бірге өздері кездескен қиыншылықтарды жеңуге жолдың жоқтығына сенген адамдар. Суицидке бағытталған қандай да болмасын әрекеттерге, сөздерге үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Жасөспірімдердің жабығу көңіл-күйінің алдын алуда ата-ананың орны ерекше. Бала көңіл-күйінің төмендеуі және жабығудың басқа белгілері байқала бастағанда-ақ аталған күйден шығару бойынша жедел шаралар жасаған жөн.
Бүгінде көп ата-ана бала жұмсамайды. Баланы кішкентайынан еңбекқорлыққа үйреткен жөн. Үй шаруасына жұмсап, үйреткен абзал. Көбі смартфонға телміріп робот болып кеткен. Баланың бар ойы телефонда, ойында болады да қоғамнан алыстап кетеді. Жан-жағында не болып жатқанымен шаруасы жоқ. Баланың күн тәртібін сақтағаны жөн. Оның ұйқысының қанғандығын, жақсы тамақтанғандығын, таза ауамен қажетті уақыт демалғандығын, қимыл, спорт түрімен ай-налысатындығын бақылап отыру қажет. Сонымен қатар, баланың сынып жетекшісі мен мектеп психологтарымен байланыста болған дұрыс.
Айша БОРАНБАЙ,
ата-ана


