Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Дронмен мал бағып, GPS-пен бақылайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында саланы цифрландырудың маңызы туралы тоқталып, шығынды азайтып, өнімділікті арттыру үшін жаңа технологиялардың мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдалану керек екені туралы айтқан еді. Бұл бағытта біршама ілгерілеушілік бар. Мәселен, арқаның аграрлық саласы заманауи құрал-жабдықтармен толығып, жұмыс жүйелене түскен. Айталық, малшылар бұрынғыдай жоғын іздеп, тау-тас кезбейді. Жылқысының қай төңіректе жүргенін ұялы телефонынан қарап, тез тауып алады. Бұл – смарт-агро технология әкелген игілік.

Жылқыдағы смарт-құрылғы

Аймақта дәл осындай озық тех­нологияның арқасында жұмыс күшін жеңілдетіп, сапасын арттырып отырған іргелі агрокешендер де жетерлік. Жылқы жалындағы GPS өңірдегі жаңашыл фермерлердің қажетін өтеп отыр. Кейінгі кезде аймақта жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтар GPS-трекерлерді кеңінен қолдана бастады. Олар жылқының қозғалысы мен жайылымдағы жағдайын смарт құрылғы арқылы бақылайды.

Әр жылқының мойнына немесе жал тұсына шағын GPS-датчик орнатылады. Бұл құрылғы күн энергия­сымен қуаттанып, спутник желісі арқылы малдың нақты орна­ласқан жерін көрсетеді. Фермер смарт­фондағы арнайы қосымшаны ашып, кез келген уақытта үйірін картадан көре алады.

Агромамандардың айтуынша, GPS-трекерлер тек жоғалған малды табуға емес, жылқының денсаулығы мен қозғалысын бақылауға да мүм­кіндік береді. Кейбір құрылғыларда жүрісі мен температураны өлшейтін сенсорлар да бар көрінеді. Егер малдың қозғалысы баяуласа немесе ұзақ уақыт қозғалмай тұрса, жүйе фермердің телефонына ескерту жібереді. Бұл әсіресе, асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықтар үшін аса маңызды. Ақтоғай ауданындағы «Жанқұтты» шаруа қожалығының басшысы Азамат Ғазизұлы үйір-үйір жылқысындағы биелерге осы құрылғыны орнатып, жұмысын жеңілдетіп, қазір жаңа технологияның рахатын көріп отыр.

– Бұрын мотоцикл, атпен аралап жүріп, іздейтін едік. Қазір телефонға қарап-ақ жылқылардың қай төңіректе жайылып жүргенін білемін. Бұл жаңа жүйе – уақыт пен жанармайға үнем. Бұрын бір үйірді тауып алып келіп, келесі үйірді іздеуге қайта жолға шығатын едік, қазір жұмыс жеңіл­деді. Оған қоса, бұл мал ұрлығының тоқтауына да септігін тигізіп отыр, – дейді жаңашыл фермер.

Жақында көзге көрінбейтін чип қолданысқа енуге тиіс. Арнайы чип жылқыға тері астына орнатылады, бұл технологияның арқасында барымташылардың ізіне түсу құқық қорғау органдарына қиындық тудырмайды. Егер малды біреу айдап әкетсе, жылқының қазір қайда, қай бағытқа алып кеткенін де оңай анықтауға болады. «Тіпті қылмыскерлер жылқыны сойып, етін бөлшектеп тастаса да, жылқының қай уақытта ұрланғанын және қайда әкеткенін білуге мүмкіндік бар», дейді агромамандар.

 

Егінге енген «технология»

Нұра ауданындағы «Шахтерское» шаруашылығы – Арқадағы алпауыт агрокешендердің бірі. Іргелі шаруа­шылық агросаланы табысты цифр­ландырудың нақты үлгісін көрсетіп отыр. Кейінгі жылдары озық технологияларды батыл енгізіп, егін шаруа­сын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде заманауи цифрлық жүйелер арқылы жер өңдеу, тұқым себу, тамшылатып суару әдісі және өнім жинау үдерісі серіктестіктің автоматтандырылған орталығының толық бақылауында.

– Біздің егіс алқаптарымызда GPS-навигациясы бар тракторлар, комбайндар мен дәлдікпен бағыттайтын автопилот жүйелері қолданылады. Бұл тәсіл топырақты өңдеу кезінде артық жүріс пен жанармай шығынын азайтады. Ал агродрондар мен спутниктік жүйе арқылы егістік жағдайын бақылауға, арамшөп пен зиянкестердің таралуын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Онымен қоса, бұрын гектардың өнім­ділігін болжап айту қиын болатын. Енді арнайы сенсорлар мен спутниктік карта арқылы әр алқаптың нақты жағдайын білеміз. Ылғал аз болса, қосымша суару шараларын қолданамыз. Нәтижесінде, өнім көлемі айтарлықтай артты, – дейді серіктестік басшысы Георгий Прокоп.

Агрокешенді цифрландыру тек техникалық жабдықтармен шектел­мейді. «Шахтерское» шаруашылығы бүгінде AgroData, Cropio секілді ана­ли­ти­калық платформаларды қолданады. Бұл бағдарламалар егістік пен ауа райының жағдайы туралы дерек­терді жинап, алдын ала талдап отырады.

– Мысалы, егін науқаны кезінде фермерлер ауа температурасы мен то­пырақ ылғалдылығы туралы дерек­терді онлайн түрде көріп, шешім қа­былдай алады. Сондай-ақ тыңайт­қыш пен отын шығынын есептей­тін цифрлық жүйе енгізілген. Бұл еңбек өнім­ділігін арттырып қана қой­май, шаруашылықтың шығынын 10–15 пайызға дейін қысқартқан. «Шахтерское» шаруашылығында барлық техника – біріктірілген жүйеде. Әр трактор мен комбайнның қозғалысы GPS арқылы бақыланып, қанша көлемде егін орып, картоп жинағаны нақты есептеледі. Бұл тәсіл арқылы әділ еңбекақы жүйесі қалыптасып отыр, – дейді шаруашы­лықтың бас агрономы Дидар Әкішев.

Осакаров ауданы Ақпан ауы­лындағы шаруасы шалқыған «Най­­доровское» серіктестігі де жаңа тех­нологиядан шарапат көріп, соның арқасында өнімдерін шетелге экспорттап отыр.

Бұдан бұрын шаруашылық бидайдың аустриялық сұрыбының тұқымын 550 гектар алқапқа сіңіріпті. Жерін аустриялық мамандар әзірле­ген «Nourivit» инновациялық тыңайт­қышымен өңдеді. Бұл тыңайтқыштың құрамында топырақты микроэлементтермен байытатын, оның ауа өткіз­гіштік қасиетін арттыратын микро­организмдердің қосындысы бар. Мұ­ның нәтижесі аста-төк өнім алуға қол жеткізді. Бидайдың бұл түріне Италия мен Аустрия тарапынан сұраныс мол болып, өнімін Еуропаға экспорттаған.

 

«Ақылды» фермалар адымы

Өңірде алғашқы «ақылды» сүт фермасы Нұра ауданы Көбетей аулынан салынып, бүгінде сәтті жұмыс істеп жатыр. Екі-ақ жылда бой көтерген фермадағы 1 100 сиырдан күніне 25-30 тонна сүт сауады. Президенттің ірі сүт фермаларын салу жөніндегі пәрме­нінен соң, көп ұзамай Көбетей аулынан ашылған жаңа технологиямен толық жабдықталған тауарлы сүт фермасы сәйкесінше табысын еселеп отыр.

Ферманың ең басты артықшылығы – цифрлық технологиясында. Тек сауын­ды автоматтандырып қана қоймай, табындағы әр сиырдың күйіне қатысты көрсеткіштерді бақылайды. «Ақылды» арнайы қондырғысы арқылы орта­лық басқару пультіне түсіп отыр. Бұл шешім зоотехниктерге де өте тиімді. Компьютермен қай сиырдың сүтті екені, қайсысының сүті азая бастағаны, қай сиырдың дұрыс жем жемей жүр­гені туралы мәліметтерді онлайн режім­­де алып, қажетті шаруасын алдын ала ба­ғамдап отыр. Еуропаның әйгілі «Dairycomp» технологиясын да орнатып жатыр.

пп

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Фермаға жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама енгізіл­ген. Яғни сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдық­талды. Мұндай толық «ақылды» құрыл­ғыны Германиядан арнайы алдырдық. Бұл бағдарламаның ең бір кереметі – сауын алаңындағы әр сиырдың күйі, дене қызуы, жүрек қағысы, жемшөбі мен салмағы, күндік беретін сүтінің мөлшері мен құрамы туралы мәліметтер жинақталып отырады. Әр асылтұқымды сиырдың арнайы чипі бар. Сол арқылы күніне, айы­на қанша сүт бергенін көруге болады, – дейді ферманың жетекшісі Жансерік Сейітмұратұлы.

Ферманың мал қорасын жел­детіп, тазартып тұратын арнайы қондырғы да қоймақ. Тіпті малдың жемшөбін беретін ауыл шаруа­шылығына пайдаланылатын шетелдің шағын техникаларын сатып алып жатыр. Демек мұнда жұмыс атқаратын малшылардың да, сауыншылардың да жұмысы жеңіл­дейді.

Ақтоғай ауданы Сарытерек ауы­лындағы «Saq NS» қымыз цехын да «ақылды» ферма деп те атауға болады. Қазір серіктестік 200 сауын биеден күніне 1000 литр қымыз алып отыр. Алдағы уақытта бие басын көбейтіп, ет өнімін шығаруды да жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, сиыр сүтін өндіріп, оны өткізу үшін «Natige» ЖШС-мен меморандум жасаған.

Бие сауылғаннан бастап, ашытып, пісіп, оны құтыға құйып, дүкенге дайын күйінде тауарға айналғанға дейінгі үдерісті қамтитын үлкен жүйе – неміс технологиясымен жүзеге асады. Барлығы да автоматты құ­­рылғылар. Қымыз толтырылатын заманауи күбі де өзі пісіледі. Шаруа­шылықтың тағы бір ерекшелігі биеге бұрынғыдай құлын салып, идіріп, уақыт жоғалтпайды. Алдына жемшөбін қойып, автоматты сауын машинасын желініне сала қояды.

– Қымызды халықаралық нарыққа шығарып, əлемге таныту үшін жаңа технологияларды қолданамыз. Яғни артық еңбек күші де қажет емес, әрі уақытқа үнем. Бес адамды жұмыспен қамтыдық. Шаруашылықты одан әрі дамытуға арнайы жоспар құрылған. Басты мақсат – өзіміз өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін ешқандай делдалсыз саудалау. Бүгінде қымыз арнайы сайт арқылы саудаға шық­ты. Түскен табысқа көңіліміз толады. Сонымен қатар қымыз өндірудегі межені арттыру мақсатында жергілікті тұрғындардың да биелерін сауып, сатып алуды жолға қойғалы отырмыз, – дейді шаруашылық басшысы Нұрым Мұхамедиев.

 

Ауылдың цифрлық дәуірі

Арқаның агроөнеркәсіп саласы цифрлық құрылғы мен смарт техно­логияның күшімен дамып келеді. Мал шаруашылығындағы GPS-трекерлер мен чиптер, егіншілікке енген дрондар мен спутниктік бақылау жүйелері, автоматтандырылған сүт және қымыз өндіру цехтары – мұның барлығы ауылдың «цифрлық» дәуірін қалыптастырып отыр.

Қарағандылық фермерлер технология мен маңдай терді ұштастырып, ауыл шаруашылығын цифрлы басқару­ға көшті. Ең бастысы – бұл үдеріс ауыл­дағы өмір сапасына серпіліс сыйлады. Еңбек жеңілдеп, табыс тұрақтады, ең маңыздысы – жас­тар ауылда қалды. Осылайша, смарт құрылғы ауыл тұрмысының ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Жаңа технология ауыл тіршілігіне серпін беріп, дәстүрлі шаруаны жаңа бағытқа бұрды. Қымыз бен сүт, егін мен ет – барлығы енді сапалы өңделіп, отандық және халықаралық нарыққа сұраныспен жол тартып отыр.

 

Қарағанды облысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT