Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлттық құрылтайда Президент қоғамдағы өзекті мәселелерге арнайы тоқталды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Жанарбек Әшімжан IV Ұлттық құрылтайға қатысып, байыпты басқосудың мәні мен маңызына қатысты пікір білдірді.

– ДҰРЫС САЛЫҚ САЯСАТЫ – МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕНІҢ КЕПІЛІ
Анығында сапалы салық жүйесі болашақ ұрпақтың жақсы өмір сүруіне тікелей әсер ететін экономикалық фактор. Осы мақсатта Мемлекет басшысы салық реформасын ел-халыққа түсінікті етіп жеткізу керек дейді.
Өкінішке орай мемлекеттен қаржылай қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған ірі бизнес өкілдері салықтан жалтару үшін бизнестерін боршалап жатқаны бар. Президент өз баяндамасында Салық кодексіне жедел түрде тиісті түзетулер енгізу арқылы осы олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
 
МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ІСІНДЕ БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ҚАЖЕТ
 
Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен Парламент, қоғам белсенділері бірлесе талқылаған бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі мемлекеттік басқару ісі, логистика мен көптеген бизнес саласын оңтайландыруға септігін тигізетіндігіне тоқталды. Пікірталасты доғару қажет деген ойды ортаға салды.
 
ӘДЕПТЕН ОЗБАЙ...
Ұлтымыздың ең асыл құндылығы – ар-ұят, әдеп-тұғын. Мемлекет басшысы құрылтай мүшелерінің қоғамдық әдеп мәселесі бойынша пікірлерін тілге тиек етіп, офлайн-онлайн әлемдегі азаматтардың ар-намысын аяққа таптайтын келеңсіз үрдістерді, жаман ғадеттерді тыю жолын қарастыруды сөз етті.
Сондай-ақ, діни ахуалға байланысты өз ұстанымын білдіріп, асыл діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру дей келе, жат діни ағымдарға заңнама аясында жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды деді.
 
АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС
Соңғы уақытта түрлі қайырымдылық қорлары ел-жұрттың пейілін пайдаланып, қаржы жинап қалтасын қампайтуда. Ал, «ауадан ақша істеген» пысықай психологтар мен «коучтар» «ақыл» сатып аңқау елдің асына ортақтасып отыр. Кемелұлы бұл қауіпті індеттің алдын алуды жауапты органдарға жүктеді.
 
ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ ЭКРАНЫҢДЫ ТҮЗЕ
Кинотеатрда көрсетілетін фильмдердің ішінде зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын туындылардың көбейе бастағанына алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы отандық фильмдерді кинопрокатқа шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн, – дейді.
Мәжіліс отырысында бізде Президент назар аударған осы мәселені депутаттық сауал ретінде Үкімет басшысына жолдаған болатынбыз.

Бұл бағыттағы Президент тапсырмасын салалық министрліктермен бірлесіп, сапалы орындауға бар күшімізді салуға дайынбыз.

Жанарбек Әшімжан
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT