Ұлттық құрылтайда ұлттық киімге қатысты келелі ойлар қозғалып, өзекті мәселелер көтеріліп жатқаны қуантады. Осы орайда, мен де ұлттық киімнің жанашыры және қарапайым тігінші ретінде өз пікірімді білдіргім келеді...
Ұлттық киім жалпыхалықтық сипат алу үшін, ең алдымен ұлттық нақышпен киім тігетін жергілікті тігіншілер мен дизайнерлерге нақты қолдау шараларын көрсету керек. Себебі, отандық өндірушілердің өнімін өзіміз сатып алып, кәдемізге жаратпасақ, өзге жақтан қазақтың ұлттық киімін ешкім іздеп келмейді.
Екіншіден, ұлттық киім-кешек тігетін өндіріс орындарына субсидия қарастыру қажет деп ойлаймын. Себебі, олар мемлекеттік қаржылай қолдаусыз толық қуатта жұмыс жасай алмайды. Мәселен, мен өзім 2016 жылдың маусымында іске қосылған «Каспий лана» жүн өндіру кешенінде екі жыл жұмыс жасаған болатынмын. Айтқым келгені, мұндай зауыт Атырау өңірі үшін ауадай қажет. Бірақ, шикізаттың негізгі көзі болып табылатын жүннің өзі аздық еткендіктен, аталған кәсіпорын өзінің жобалық қуатына (100 тонна түйе, 350 тонна қой жүнін қайта өңдеу) ілесе алмады. Ақыры, 2020 жылы жұмыс тұралап қалды, қазір де тапсырыс жоқ. Жұмысты қайта жандандыру үшін облыс әкімдігі тарапынан инвесторлар іздестіріліп жатыр. Енді сол инвесторлар тезірек табылып кетсе, өңіріміздегі бірегей нысан өзінің қалыпты жұмысына оралады деп үміттенеміз.
Міне, сондықтан биылғы құрылтайда көтеріліп жатқан тақырыптардың ауқымы кең, маңызы жоғары деп санаймын. Осы жиында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта іс жүзінде де жалғасын тапса екен деген тілегіміз бар.
Арман Жәдігер,
атыраулық тігінші, дизайнер, «Шабыт» өнер университетінің түлегі