Жиында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиева санақ ұлттық санақ науқанының мерзімі ұзартылғанын хабарлады.
Департамент басшысы еліміздің барлық өңірлердің тұрғындарынан онлайн санақтан өту функциясының мерзімін ұзарту туралы Ұлттық статистика бюросына көптеген өтініш келіп түскенін, осыған байланысты Үкімет тарапынан онлайн сауалнама функциясын қайта қосу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
«Онлайн өту мүмкіндігі ағымдағы жылғы 8 қарашаға дейін қолжетімді болмақ. Санақ сауалдарына бұрынғыдай арнайы sanaq.gov.kz сайты, E-Gov веб-порталы және Aitu қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Сонымен қатар, тұрғын үйлерді интервьюерлердің аралау жұмыстары 30 - қазанға дейін, іріктеп алынған үй-жайларды бақылап, аралау 8-қарашаға дейін жалғасады»,-деді Г.Мұханғалиева.
Оның айтуынша, осы жылдың 24 қазандағы жағдайында облыс бойынша халық санағынан онлайн режимінде өткен тұрғындардың саны 292 317 адамға жетіп, облыс халқының 44 пайызын құраған. Ал, онлайн және оффлайн әдіспен санақтан өткен тұрғындардың жалпы саны 539 321 адамға жетіп, облыс халқының 81,2 пайызын қамтыған. Сондай-ақ, жиында Жылыой, Индер сияқты кейбір аудандардың бұл бағыттағы көрсеткіштері 90 пайыздан асқаны да белгілі болды. Десе де, департамент басшысы интервьюерлердің санақ кезіндегі тұрақсыздығы, кейбір тұрғындардың үйлерінің есігін ашпауы – санақ жұмысын мерзімінде аяқтауға кедергі болып жатқанын айтып өтті. Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов көтерілген барлық мәселе бойынша жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру бағытында жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
«Санақ науқанын ойдағыдай аяқтауымыз керек. Бұл еліміз үшін, жалпы әлеуметтік жағдайды бағдарлау үшін аса маңызды екенін халыққа дұрыс түсіндірген абзал. Сондықтан, жоспарланған жұмысты мерзімінде орындау әрбіріңіздің міндетіңіз»,-деді. Айта кету керек, осы жылдың 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты арқылы онлайн режимінде санақтан өте алады.