Нашақорлық – әлемге ортақ мәселе, қоғамның дерті. Есірткі – тікелей санаға, миға әсер етеді. Әдетте, адам есірткінің көмегімен қиындықтарды жеңіп, өмірдің ащы шындықтарынан алыстағысы келеді. Бірінші рет көргенде ләззат алып, сосын адам тәуелді болып, іздеумен болады. Сөйтіп, қас-қағым сәтте нашақорға айналып шығады. Қоғам мен әлеуметтік орта бұл кеселмен күресуде өз ықпалын тигізуі қажет.
Жасөспірімдік кезеңнің психологиялық ерекшелігі, атап айтқанда, өзін-өзі бағалау, құрбыларының ықпалына көну, психикалық ауру-депрессиялық синдром есірткіні қолдануды ертеректен бастауға себеп болады.
Адам оны бірінші рет татып көргеннен кейін, оны іздеп тәуелді бола бастайды. Есірткіге ақша табу үшін ата-анасын тілдеп, небір қастандықтарға барып, мал-мүлкін сатып жіберуге дайын тұратын немесе отбасын қатты қинайтын жағдайларға тап болады. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең.
Есірткіге құмар адамдардың қылмыстық істердің ауыр түрлеріне баруы жиі кездесетін жағдайлардың бірі. Осы қатермен күресудің негізі – есірткінің таралуы мен қолданылуына шек қою. Осы күрестің негізгі үлесі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне артылады. Олар осы жүкті сезіне отырып, өз қызметтерін жоғары деңгейде мүлтіксіз орындап келеді.
Нашақорлық қасіреті туралы қаншама айтылып жүрсе де, азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыз күреспей, бірлікте жұмыла күрессек, алынбас қамал жоқ. Біз өзімізді – өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Бойымыздағы бар қабілетімізді тек жақсылыққа бағыттап, зиянды әдеттерден, ішімдіктен, шылымнан, есірткіден аулақ болуымыз қажет. Өзіміздің бос уақытымызды еліміз үшін, болашағымыз үшін пайдалы іске арнайық. Өз тағдырымыз – өз қолымызда. Бәріміз ғажайып өмірге лайықпыз!
Гүлдана САЛАМАТОВА,
Ойыл ауылдық округі
әкімі аппаратының бас маманы


