Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН КӨРНЕКТІ ТҰЛҒА немесе Ұлт Көшбасшысы туралы ой-толғаныс

Бүгінде Елбасының есімі жұрттың бәрінің бірдей жүрегіне жақын әрі ыстық.

Келбетінде даладай дархандық пен теңіздей тереңдіктің, таудай асқақтықтың шынайы белгісі бар, халық ісіне мейлінше берілген, иманжүзді, мейірімді де, парасатты, кемеңгер Адам жайлы ақ сөйлеу, адалын айту – ардың ісі. Туған халқын, тіпті, әлем жұртшылығын бейбітшілік пен ізгілік жолына, планетада тыныштық пен ынтымақты сақтауға, адам баласына тек бақыт пен қуанышты өмір сыйлауға, қасірет, қантөгіс атаулыны жоюға бар күш-жігерін, ақыл-ойын, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін аянбай жұмсап келе жатқан әлемдік тұлға – Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы қалай айтсақ та, қандай мақтау сөз айтсақ та жарасады. Осындай әлем мойындаған Елбасымыз бар екендігімен ерекше мақтануымыз да керек емес пе?! Біздің қазақтың ежелгі данышпандары «Ұлық болсаң – кішік бол» деген сөзді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған. Ата-баба дәстүрінен, ұлы даланың бұрынғы құндылықтарынан терең сусындап өскен Елбасының өмір жолы осы қағидаға әрдайым адал болып келгенін сөзсіз айғақтайды. Елдің бәріне бірдей белгілі жәйт, Елбасының ел аралаған сәттерінде қоғадай жапырылған халықтың бәрімен бірдей жылы шырайлы жүзбен жүздесіп, ең алдымен сол аймақтың, сол ауылдың ақсақалдарымен қос қолдасып, хал-жағдай сұрасып, амандасатын жақсы әдеті бар.

Мұның өзі үлкен өнеге, тәрбие мектебі іспетті. Кісіліктің кілті – қарапайымдылық пен кішіпейілдікте екен-ау деген ойда қаласың. Қазір елімізде Елбасының өмір, еңбек жолын зерттеу, оған терең үңілу, елдік істер мен ел бірлігін байыпты бағалау, болашақты байсалды болжау, өткен жолдарымызға әділ көзқарас қалыптастыру сияқты жұмыстардың қолға алынып жатқаны байқалады. Бұл – құптарлық шаруа. Елбасының еңбек жолы – нағыз өнеге мектебі. Оны жеткіншек ұрпақ жете ұғынуы керек. Ол үшін насихаттық, ақпараттық жұмыстарды күшейте түсудің маңызы зор. «Елтанудың қазығы – Елбасытану» деп орынды айтылған. Шын мәнінде, Елбасының өмірі ел тағдырымен тығыз байланысты. Тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де мемлекет басшысы тындырған істердің шоқтығы тым биік. Көне ғасырларда әйгілі Қорқыт абыз адамдарға мәңгі өшпейтін өмір отын іздесе, қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап өскен заманында тәуелсіз Қазақстанның алдына Елбасы «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Оның туған халқы мен Отанын сүйген күрескерлік қасиетінен туған бұл ойының сөзсіз орындалатыны анық. Сол бағытта жүргізіліп жатқан нақты қадамдар да көңіл қуантады. Тәуелсіз Қазақ елінің басшысы туралы сөз айту – өз еліміз, өз тағдырымыз, өз болашағымыз туралы толымды сөз айту деп түсінген абзал. Бұрынғы өткен замандарда ел басқарған талай әділ, мейірімді патшалардың, хан, сұлтандардың болғаны белгілі. Дана халқымыз ел басқарушылар хақында «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, небір қанатты сөздерді қалдырған. Бейнелі түрде айтылған: «Мың қосшыдан – бір басшы артық», «Бір адам атқа қонса, қырық адам атқа қонады», т.б. мақал-мәтелдердің мәйегінде өмір шындығы бар екені сөзсіз. Елбасы және ел мұраты хақында да заман, уақыт талай маржан сөздердің мәйегін тудыруы да әбден мүмкін ғой. Елбасының еңбек жолы өткен ғасырда құж-құж қайнаған Қазақстан Магниткасында – Теміртауда домна пешінде басталғаны белгілі. Қарапайым болат балқытушы, жанарынан жалынды оттың ұшқыны жарқылдаған жас жігіт Нұрсұлтан сонда болашақта мемлекет басшысы болам деп ойламаған да шығар. Бірақ, оны өмір алға басуға үйретті, ал, еңбек өзі құйған құрыштай берік етіп, ширата түсті. Осынау қызу орта, өндірістің қайнаған ошағы оған «Сабыр түбі – сары алтын» екендігін ұқтырды. Бүгінде ауыр жұмысқа барудан бас тартып, бірақ, оның есесіне көп ақша табуға құмартып тұратын жастарға сабақ болатын жәйттің бірі – осы. Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаянын тізбелеу – біздің мақаламыздың мақсаты емес. Ол өзінің ақыл-ойы, терең білімдарлығы, кісіге жақын бауырмалдығы, ең бастысы, табандылығы мен сабырлылығы арқылы талай биіктерді бағындыра білуімен өзгелерден оқ бойы жоғары тұрды. Комсомол, партия қызметінде ұдайы өсіп отырды.

Шыншылдығымен, әділдігімен дараланды. Сөйтіп, бірте-бірте сабырлы да, салмақты мінезі арқылы елін де, өзін де әлемге мойындатқан көрнекті тұлғаға айналды. Астанаға барған сайын көк аспанның ала бұлттарымен таласа бой көтерген «Бәйтерек» монументіне қызыға қарайтыным бар. Заңғардың аты – заңғар ғой. Елбасы туралы осылай ой түюге болады. Таза ұлттық топырақтан нәр алып, тереңнен тамыр тартқан алып бәйтерекке Елбасыны теңесек, оның несі айып?! Ақылының тереңдігі мен білімінің кенендігі, алысты болжайтын көрегендігі мен ойлау жүйесінің бірізділігі, сөзінің өткірлігі, ешкімге дес бермейтін шешендігі, бәрі-бәрі осыған сайма-сай келіп-ақ тұр. Өзге елдердің басшыларымен салыстырып қарасақ та, біздің Елбасымыздың жолы да, болмыс-бітімі де бөлек-ау деген ойға қаласың. Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Әрине, қиындықтар да болмай қалған жоқ. Әсіресе, жекешелендіру кезіндегі жөнсіздіктердің, соған жол берген пайдакүнем басшылардың қулық-сұмдығынан қарапайым халықтың көп зардап шеккені белгілі. Уақыт өте келе оның бәрі ретке келтірілді. Жекешелендіру кезінде қолдан келгенін істеп, қонышынан басқандар мемлекеттің меншігін өзіне қайтарып беруге мәжбүр болды. Елдің тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар тың серпін алды. Биыл еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткеніне 24 жыл толғалы отыр. Келер жылы ширек ғасырлық тойымыз келеді.

Осы орайда «Тәуелсіздікке қалай қол жетті?» деген заңды сұрақ туындауы да мүмкін. Оның нақты жауабы – табанды еңбек, талмай іздену, ел, халықты ұлы мұрат жолына жетелей білу екенін Елбасы сөзімен де, ісімен дәлелдей білді. «Қайратты туған ер болсаң, қамын ойла халқыңның» деп Тұрмағамбет шайыр жырлағандай, Президент алған бетінен қайтпады. Күндіз – күлкіден, түнде – ұйқыдан айырылды. Баяғы ел қорғаған батырлардай ат үстінен түспеді. Оқыды, ізденді, нарықтық қатынастарды зерттеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заманның экономикасын терең меңгерді. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенді, олардағы белгілі қаржыгерлер мен экономист-ғалымдардың жазған дүниелерін оқып-тоқыды.

Өз мамандарымызды да соған тартты. Елбасының сондай ауыр жұмыстардан қажыған кезде сүйенетін, дем беретін кәсібі – спортпен шұғылдану болғандығы әмсеге белгілі. Спортпен айналысу үшін арнайы кесте жасап, әр минутына дейін есептеуі оң нәтиже берген еді. Елбасының миын сергітіп, денесін ширатуына теннис, гольф ойнаудың, шаңғы тебудің және атқа мініп серуендеудің көп көмегі тиіп те келеді. Сондықтан болар, Елбасы: «Спорт – адамды сергектікке ғана емес, жүйрік ойлауға және тез шешім қабылдауға дағдыландырады», – деген сөзді қайталап айтқанды ұнатады. Елбасы жастармен кездескенде жер байлығына емес, ең бастысы – ел байлығына сену қажеттігін үнемі алға тартады. Мемлекет үшін басты капитал адам болса, ел байлығы – білім, жаңа технология, заманауи инфрақұрылым, берік те тұрақты отаншылдық сезім екенін айтады. Сондықтан Елбасы ең қайтарымды, ең ізгі капитал – жастардың заман талабына сай білім алуына жұмсалған қаражат деп танып, білімді жастарды «Болашақ» бағдарламасымен дамыған шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп отырады. Қазір де бұл үрдіс толастаған жоқ. Елбасының сындарлы, салиқалы саясаты арқылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі ұсыныс, алғаш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Қазақстанның жаңа, осы заманғы астанасын орнату, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеялары – бүгінгі таңда жаһандық маңызға ие болған саяси оқиғалар ретінде жоғары бағаланады.

Сондай-ақ, «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы да көп жұмыстар тындырылды. Шетелдермен мәдени-рухани байланыс нығайтылды. Биылғы жыл – мерейлі мерекелі оқиғалардың тоғысқан жылы ретінде ерекше есте қалмақ. Көктем айында Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын тойладық. Елбасы ел бірлігінің басты белгісі – халықтар достығын ерекше бағалайды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу халықтың рухын көтеріп, Жеңісті жақындатқан ардагерлер мен соғыс құрбандарының даңқын көкке асырды. Қазақ хандығының 550 жылдық тойы да кең көлемде аталып өтпек. Қазір жер-жерде бұл маңызды шараға байланысты жиындар өткізу жалғасын табуда. Ата Заңымыздың 20 жылдығы да салтанатты жағдайда аталып өтетін болады. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының елдің әлеуметтік-экономкалық дамуына үлкен серпін, тың ырғақ бергенін ерекше айтқан жөн. Сондай-ақ, мемлекет башысының бес институттық реформасынан туындайтын» 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары барша қазақстандықтарды бір мақсатқа – еселі еңбекке бір кісідей жұмылдыра түсуде. Өйткені, Елбасының сындарлы саясаты ел мүддесін қорғайды.

 

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

baq.kz 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT