Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін»,- деп тапсырма берген бо­латын. Осыған орай, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесулері өтті. Өткен аптада аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев Махамбет округінің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ түрді. Жиын он айдағы атқарылған жұмыстардың есебімен басталды.

 – Аудан бойынша тасқын судан 94 шаруа қожалығы зардап шекті, оның ішінде 43 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. 1-балық өсіретін зауыт, 1-ешкі сүтін өндіретін зауыт, 4-жылыжай зардап шекті. Қалған 45 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар да зардап шекті. Қазіргі таңда «Жылжымай­тын мүлік және кадастр» мекемесі арқылы зардап шеккен шаруа қожалықтарының қызметтік үйлері мен қоражайлар саны нақтылануда.

2024 жылғы 21 тамыздағы №222 «Ма­хамбет ауданы аумағында 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде нысандардың жұмысқа дайындығы туралы» қаулысы қабылданып, осы қаулыға сәйкес ауданның өндірістік және әлеуметтік кешенін жұмысқа дайындауды бағалау жөніндегі ауданаралық ведомоствоаралық комиссиясының құрамы бекітілді.

Аудан бойынша 2243 адам жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамы­ту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1526 адам уақытша жұмысқа тартылды. Атап айтсақ, оның 93-і жастар тәжірибесі, 54-і күміс жас, 40-ы әлеуметтік жұмыс орындары, 24-і алғашқы жұмыс орын­дары 274-і қоғамдық жұмыс. Ұрпақтар келісімшарты арқылы-2, тұрақты жұмысқа, 716 адам орналасты. Со­нымен қатар 189 адам онлайн SkiIIs арқылы оқытылып, сертификат алды. «Теңізшевройл» ЖШС арқылы 9 адам қайта даярлауға оқуға жіберілді. Кәсіпкерлік негіздеріне-100 адам оқытылып, 25-не грант берілген. Бүгінде жұмыссыздар саны 982 адамды құрап отыр. 65 отбасының 495 адамына 28529,1 мың теңге АӘК тағайындалып, төленді. Сондай-ақ 1-6 жастағы 93 балаға 3721,5 теңге қосымша төлем төленді. Демеушілер есебінен аудан көлемінде 844 әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасыларға 6906, 0 мың теңгенің көмегі көрсетілді, -деді аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев.

Махамбет ауылының тұрғыны Т.Төлеуов Сарытоғай жақтағы жерлерді су басып, облыс әкімі ол жерлер үкіметке қайтарылатынын, оған арнайы комиссия жіберетіндігін айтқанын еске алып, бұл мәселе қалай шешілгенін сұрады. Аудан басшысы Сарытоғай бағытында суға кеткен 3200 га жер бар екенін, оның себебі ауылды тасқыннан қорғау үшін ашық жерлерге су шығару керек болғанын атап өтті. Қаңтардан бастап бөгет жұмыстары басталатынын, сол себепті дамбыны алмай отырғанын да еске салды.

Ал, Сарытоғай ауылының тұрғыны Н.Ақмурзиев ауылда жазғы-қысқы су тоқтап қалғанын, ескі санаторий жақта орналасқан үйіне газ тартуға көмектесуді сұрады. Аудан басшысы бюджет есебінен жеке адамға газ тартылмайтынын, оған әр адам өзі жұмыстануы керек екенін еске салды.

Су жөнінде «Махамбет-су» мекемесінің басшысы М.Хайдаров жауап берді. Ол жазғы суды күз мезгілі болған соң тоқтатқандарын, қысқы суға реконструкция жүріп жатқанын, жұмыстар аяқталған соң ғана суды қосатынын ескертті.

«Алтын алқа» иегері К.Айбасова біткен барлық іске өз ризашылығын білдіріп, аудан басшысы қолынан келгеннің бәрін жасап жатқанын, бос сөзді қойып, бірігіп жұмыс жасауды, әр адам бәріне шүкіршілік ету қажет екенін айтып, жастарға үлкен сенім артып, оларды қолдауға шақырды.

Зейнеткер Ж.Байтанатов «Шұғыла» мөлтек ауданында асфальт тозып кеткенін, жол белгілері орнатылмағанын, жасыл желек аз екенін және Қ.Ахмедияров көшесіне қашан су құбырлары жүргізілетінін сұрады. Сонымен қатар, жұмыссыз ұлын жұмысқа орналастыру жөнінде өтінішін білдірді.

Махамбет ауылдық округі әкімі Н.Сапаров «Шұғыла» мөлтек ауданындағы Қ.Ахмедияров көшесінде жазғы су ғана тартылғанын, кезінде көшеге қосымша талдар егіліп, газ жәшіктері орнатылғанын, қоршаулары қирап жатқанын, алдағы уақыттар олар қайта жаңғыртылатынын тілге тиек етті.

Аудан басшысы жол белгісі мен жа­санды жол кедергісін салуды анықтап беретін де, қоятын да полиция бөлімі екенін еске салды. Ол 2025 жылдан бастап барлық жерге «Сергек» бейнебақылау камерасы қойылатынын меңзеді.

Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшы­сы Д.Расулиев ауданда алты учаскелік полиция тобы қызмет атқаратынын, көшелерге жол белгілері мен жасанды жол кедергілері қойылып жатқанын айтты.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Пазулов таяуда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін, зейнеткердің ұлы құжаттарымен кел­се, мамандығына сай қалаған жұмысқа орналасатынын айтты.

Ауыл тұрғыны Ж.Тұрдағалиев Ма­хамбеттен қалаға жүретін автобусқа халық симай жатқанын, жолаушы­лар үшін «Нарыннан» автостанция ашылғанына ризашылығын білдіріп, ішін кеңейтсе деген ұсыныс тастады.

Аудан басшысы бұл жөнінде қалалық автопаркке хат жолдағанын, енді Ақтоғай-Махамбет бағытында шығармақ ойы барын жеткізді.

Зейнеткер Т.Үмбеталиев өзі тұратын Б.Нысанбаев көшесі тұйық көше екенін, осыған дейін бірнеше мәрте айтып келе жатқан көшемізге жасанды жол кедергісін салса деген ұсыныс тастады. Сондай-ақ , ардагер дәрігер мамандары қарияларды үйге келіп қараса, әкімдер секілді құқық қорғау саласы өкілдері халықпен кездесіп отырса деген ойын да қосты.

Аудандық аурухана директоры міндетін атқарушы С.Сандыбаев қарт адамдарды емханада қарайтындарын, №149 бұйыққа сай динамикалық байқау жүргізілетінін, ауруханада 30 төсектік күндізгі стационар, 50 төсектік стационар бар екенін, соған қаралуға болатынын, жедел жәрдем шұғыл шақыртуларға ғана баратынын еске салды.

Аудан басшысы тек әкімдер ғана емес, полицейлер де халықпен кез­дессе, артық етпейтінін, тоқсан сайын кездесу өткізуді тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев тұрғындар тарапынан көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT