Қуатты ел бастауын қуатты өңірден алады. Ал, оның өзі қай-қай саланың да даму қарқынымен тығыз байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыдан сараласақ, облыста өзгелерімен қатар құрылыс саласы да айтарлықтай жұмыстарды атқарып келеді.
Мәселен, жыл басынан бері 628,985 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «NCOC» компаниясы арқылы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы шеңберінде Махамбет, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат аудандарының орталықтарында 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Облыстық құрылыс, қала және сәулет құрылысы басқармасының мәліметінше, кейінгі кездері тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандар құрылысына да айрықша назар аударылып, қомақты қаржы бөлініп отыр. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жобалар іске асуда. Соның ішінде алдымен білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, санын ғана емес, сапасын да көтеруге көңіл бөлінген. Атырау қаласындағы Ақжар ауылында 600 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, қазіргі таңда 13 мектептің құрылысы жүруде. Жыл аяғына дейін Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, Береке мөлтек ауданындағы 600 орындық орта мектеп құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі. Оған қоса 9 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалынып жатыр. Демографиялық ахуалдың жақсарып, бала санының өсуіне байланысты мектепке дейінгі балалар мекемелеріне де қажеттілік артып барады. Биыл Бесікті ауылында 280 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда 5 балабақшаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. «Қоғамның басты байлығы – адам» десек, халықтың саулығын сақтау саласын нығайту – мемлекеттің алдындағы маңызды міндеттің бірі. Бұл бағытта да жүзеге асып жатқан жобалар жеткілікті. Биыл тұрғындардың уақытылы медициналық көмек алуы үшін “Дамба” және “Жұлдыз” шағынаудандарында дәрігерлік амбулатория, Құрманғазы ауданы Азғыр және Сүйіндік ауылдарында медициналық нысан құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Исатай ауданы Аққыстау селосы Өркен ықшам ауданынан ФАП құрылысы, Жылыой ауданы Қарағай ауылынан медициналық пункт және Махамбет ауданы Аққайың ауылынан медициналық пункт құрылысы аяқталды. Жас өренді өнер мен спортқа баулудың маңыздылығын ойлаған елде бұл саланың жағдайын жақсартып, мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріледі. Бұл бағыттағы жоба-жоспарлардың да өңірлерден басталып отырғаны құптарлық жайт. Осы жылы Атырау қаласы Химпоселок және Бірлік ықшам аудандарында және Қызылқоға ауданы Жасқайрат және Тасшағыл ауылындағы спорт кешені салынып, құрылысы аяқталды.
Сондай-ақ Мақат ауданы Мақат кентінде дене шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек 18 спорт нысанын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осыдан біраз бұрын басталған Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету, гидрологиялық ұлғайту бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Нақты айтқанда Жайық өзенінің 50,5 шақырымына және Қиғаш өзенінің 74,5 шақырымын суландыру және гидрологиялық режимін ұлғайтуды жалғастыру бойынша жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда 58 шақырым түп тереңдету жұмыстары жасалды. Оның 23 шақырымы Жем өзені бойынша, 35 шақырымы Құрсай каналы бойынша іске асырылған. Айта кету керек, кейінгі кезде коммуналдық сала нысандарының құрылысына көбірек көңіл бөліне бастағаны байқалады. Аққыстау ауылында кәріз-тазарту ғимаратының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Құрманғазы, Махамбет, Мақат, Жылыой аудандарында кәріз-тазарту ғимаратының құрылысын салу үшін жобасы жасалып жатыр. Алдағы уақытта барлық жоба бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жалғаспақшы. Демек, құрылыс саласының дамуы Қазақстан үшін стратегиялық басымдықтардың біріне айналғанына жаңа деректер мен жанды мысалдар арқылы тағы бір көз жеткізгендейміз.
Талғат ЖАУДИН,
құрылыс саласының ардагері