Атырау облысының Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 2,6 млрд теңге өтемақы тағайындалды.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыровтың айтуынша, өңірлік комиссия мүшелері тасқын судың салдарынан 300 кәсіпкерлік нысанның бүлінгенін анықтаған.
«Қазір Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу жүріп жатыр. Осы кезге дейін өңірлік комиссияның 15 отырысы өтті.Соның нәтижесімен 288 кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылды. Кәсіпкерлерге өтемақы төлеу үшін 2,6 млрд теңге тағайындалды», - деп хабарлады Сәттіғұл Сабыров.
Оның мәліметінше, 42 кәсіпкердің өтініші Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 10 желтоқсанға дейін қаралады.
«Шығындарды есептеу жұмысына 13 бағалау компаниясынан 58 маман тартылды. Нысандары бүлінген кәсіпкерлер есептелген өтемақыға қатысты шағым түсірген жоқ», - деп мәлім етті Сәттіғұл Сабыров.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары халқына үй сатып алуға, жөндеуге 70 млрд теңге аударылғанын жазған едік. Сондай-ақ Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа шағын аудан салынып жатқанын хабарлаған болатынбыз.