Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі сайлауалды сапарлары жалғасуда. Кандидат Шымкент қаласына сапарында «АГФ Групп» атты тігін фабрикасының ұжымымен жүздесті.
Кездесу барысында кандидаттың бағдарламасы таныстырылып, қоғамдағы өзекті мәселелер мен әлеуметтік сұрақтар талқыланды. Тігін фабрикасы ұжымының басым көпшілігі әйелдер қауымы болғандықтан, олардың тарапынан кандидат ұсынған әйел-аналарды, көп балалы отбасыларды қолдау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қатысты шараларға баса мән берілді.
«Отбасы мен аналардың әлеуметтік мәселелері – бұл ел экономикасының дамуын көрсететін бірден-бір көрсеткіш. Менің сайлауалды бағдарламамда бұл сұрақтарға көп көңіл бөлінген. Әрбір отбасы, әсіресе көп балалы отбасының рухани-өнегелік әлеуеті зор, сондықтан ол халықтың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды ұғым болып табылады. Қазіргі кезде отбасы институтын жан-жақты нығайту, оның мәртебесін арттыру, көп балалы аналарға қолдау көрсету ерекше маңызды», - деді Қ.Әбден.
Сондай-ақ кездесуге ОБСЕ байқаушылар миссиясының өкілдері Кристофер Маккалоу мен Кристина Богданова қатысты. Олар үгіт-насихат науқанының барысымен, Қарақат Әбденнің сайлауалды штабтарының жұмысымен танысты.