Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек құрмет қана емес, сонымен бірге жастарды кәсіптік білімге тарту, жұмысшы мәртебесін көтеру, еңбек адамын ұлықтау жолындағы маңызды қадам. Өндіріс пен құрылыс, ауыл шаруашылығы мен энергетика, көлік және қызмет көрсету салаларында тер төгіп жүрген жұмысшы мамандар — ел экономикасының тірегі.
Олар — өміріміздің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп отырған жандар. Әрбір техника мен құралдың, ғимарат пен жолдың артында осы еңбек адамдарының маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр. Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылының аясында аудандық ардагерлар кеңесінің бастамасымен колледж студенттерімен «Халқынан алып Азамат деген шын баға» атты өңірге танымал азамат Харес Биляшевті еске алуға арналған тағылымды да, тағзымды, ерекше мәні бар басқосу өтті.
Еңбек жолының алғашқы баспалдағын жұмысшы мамандығынан бастап, Құрманғазы кеңшарының басшысына дейін көтеріліп, өзі басқарған шаруашылықты одақ көлеміне танытқан ауыл шаруашылығының ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Харес Биләшев ауыл шаруашылығы саласына өлшеусіз еңбек етті, балалығын еңбекке, жастығын ел қызметіне, азаматтығын халыққа арнап, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытып, төрт түлігін түлетіп, ұжымның шаруасын өрге сүйреген, осы салада бірнеше ізбасар мамандарын даярлаған басшы. «Адам еңбектен ғана бақ табады» - деп жатады, бұл шын мәнінде де солай. Ағамыздың өмір жолдары соның айқын көрінісі. Ұзақ жылдар бойы дала төсінде тынымсыз тер төгіп, туған жердің өркендеуіне қосқан үлесі — болашақ ұрпақ үшін зор мақтаныш. Ала жаздай егін егіп, мал бағып, табиғатпен етене еңбек еткені – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Кезінде – тек отбасының ғана емес, тұтас бір қауымның қадірлі ақсақалы, кемеңгер кеңесшісі бола білді. Бұл — тек жай кездесу емес, елге еңбегі сіңген, халқының құрметіне бөленген азаматтарға арналған құрметтің, ризашылықтың, алғыстың көрінісі.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық маслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, прокуратура ардагері, Х.Биляшевтің мерейтойын аудан көлемінде атап өтуге мұрындық болып жүрген Ғизатолла Мүрсалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов бастаған жұмыстас болған ізбасар інілері Сабыржан Сұлтанов, Бержан Кенжеғалиев, қарындасы Нұржиян апай, қызы Салтанат қатысты. Агроколледж басшысы Болатбек Тағанқожаұлы шараны ашып, қонақтарға қош келдіңін айтты. Шара барысында Харес Биляшевтің балалық шағы және алғашқы еңбек жолы, ауыл шаруашылығындағы қызметі, шығармашылығы, қоғамдық қызметі, депутаттық және партиялық жұмысы, отбасылық өмірі студенттерге таныстырылып, қатысушылар естеліктермен бөлісті. Бұл шараның мақсаты – осындай азаматтарға тағзым ету, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сол арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғап, елдің ертеңіне сеніммен қарауға тәрбиелеу.
Болатбек Өтегенов