Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасып жатыр

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Аграр­лық несие корпорациясы» агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытуға зор үлес қосып келеді. Атап айтқанда, көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыстарын төмен пайызбен қаржыландырады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтитын «Агробизнес» бағдарламасын сәтті жүзеге асырып жатыр. Корпорация өңдеу өнеркәсібінің дамуына да қаржы бөледі. Осылайша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп келеді.

Президент тапсырма­сын орындау аясында, Үкімет қолдауымен 2025 жылдың көктемгі егін егу және күзгі жиын-терін жұмыстарына 700 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оның 560 млрд теңгеге жуығын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» нарық капиталынан тартады.

«Біз көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұ­мыс­тарын жүргізу үшін қар­жы­ландыруға өтінім қа­был­дауды биыл ерте бас­тап кеттік. Жыл соңына дейін 100 млрд теңгенің өтіні­мін қабылдаймыз деп жос­парлап отырмыз. Соны­мен қатар мем­лекеттік қол­дау шаралары бұрынғыдай сақталады және фермерлер несиесін әдеттегі шарттармен төлей алады», деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Айта кету керек, биыл корпорация көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 320 млрд теңге бөлді. 2023 жылы 140 млрд теңге берілген еді.

«2022 жылдан бері «Аг­рар­лық несие корпорация­сы» қаржыландыру шарт­тарын жеңілдетіп келеді. Егер бұ­ған дейін көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыс­тарын жүргізуге бюд­жет қаражаты есебінен жы­лына 5% мөл­шерлеме бойын­ша шамамен 60-70 млрд теңге берілсе, 2022 жыл­дан бастап бюджеттік несиелеу есебінен қаржыландыру көлемін екі есеге арт­тырдық және не­сиені қайтару мерзімін ұлғайт­тық. Бұрын несие қаража­тын желтоқсан айында қай­тару керек болған, біз наурыз айына дейін создық. Бұл фермерлерді қолдау үшін жасалды. Бұл – фермерлер­дің астықтарын қолайлы баға­да сатулары үшін беріл­ген мүмкіндік», дейді Алмат Әшірбеков.

Осылайша, ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндіру­ші­лер мемлекеттік қолдау шара­ларының арқасында барынша қолайлы жағдайда қаржылық қолдауға ие болады. Біріншіден, олар үшін «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталды. Екіншіден, көбі­не агроөнеркәсіп кешені су­бъек­тілері корпорациядан несие алуға келгенде кепіл­дік жетіспеушілігі проб­лемасына тап болады. Бұл – ауыл шаруашылығы саласы­ның барлық кәсіпкері мен қоғамдық ұйымдары айтып жүрген мәселе еді. Енді оның да шешімі бар. Мемлекеттік қолдаудың сынақтан өткен тетігіне сәйкес, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін құрал ұсынады.

Өз кезегінде, «Аграр­лық не­сие корпорациясы­ның» еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жыл­дық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қос­ты. Бағдарлама отандық өндіру­ші­лердің ауыл шаруашылы­ғы техникасын сатып алуы үшін 7 жылға дейінгі мерзімге қар­жы­­ландырады. Бүгінде көп­те­­ген қаржы институты ауыл шаруашылығын қаржы­лан­ды­ра­ды. Дегенмен АӨК-ті қар­­жы­ландыруды қамта­ма­сыз ету­дегі негізгі үлес «Аграр­лық несие корпорациясына» тиесілі. Бір­неше жылдан бері корпора­ция өз қыз­метін біртіндеп жақ­сартып келеді және секторды­ қаржы­лан­дыру көлемін арттырып жатыр.

Кеңес алу үшін және «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясының» аймақтағы филиалдарына бару қажет. Қосымша ақпаратты «Agrocredit.kz» сайтынан алуға болады. «Kcell», «Activ», «Beeline» абоненттері үшін 5353 Call center нөмірі, «Tele 2», «Altel» үшін 8 701 006 19 91 телефон нөмірі жұмыс істейді. 

Абай Аймағамбет

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT