Биыл «ҚазМұнайГаз» еншілес кәсіпорындарымен бірге «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакцияға белсенді қатысып, 97 218 ағаш екті.
Осылайша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған айтулы іс-шараға компания да елеулі үлес қосып отыр. Ағаш отырғызу акциясы «ҚазМұнайГаз»-дың кәсіпорындары орналасқан барлық өңірді – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда және Астананы қамтыды. Қалалар мен ауылдарда жаңа жасыл-желекті аймақтар құруға, компанияның өндірістік нысандарының аумағын көгалдандыруға ерекше назар аударылды. Жергілікті климатқа төзімді ағаштар, соның ішінде қайың, қарағай және сәмбітал егілді. 0220-2023 жылдар аралығында ҚМГ-ның еншілес және тәуелді ұйымдары 100 мыңға жуық ағаш екті. Сонымен бірге 2024 жылы сәуір айының басында «ҚазМұнайГаз»-дың ұйымдастыруымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 15 мың гектар алқапқа 4,5 млн сексеуіл көшеті отырғызылды. «ҚазМұнайГаз» көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмысты әлі де жалғастырады.