«ҚазМұнайГаз» – елдегі барлық мұнай өндірудің 26%-ын, тасымалдаудың 56%-ын және мұнай өңдеудің 80%-ын қамтамасыз етіп отырған ұлттық компания. Оның мемлекет бюджеті мен ұлттық қордағы шоғырландырылған үлесі шамамен 10%-ға жетеді. Бүгінде компания – еліміздің ең ірі жұмыс берушілерінің бірі. Мердігер ұйымдарды ескерсек, ҚМГ құрылымында 80 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл компанияның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етіп әрі маңызды рөл атқарып келе жатқанын көрсетеді.
Халықаралық рейтинг агенттіктері ҚМГ-ға жоғары баға берді. IPO өткізілген сәттен бастап 2024 жылдың соңында компания акцияларының құны 73,9%-ға өсті. Активтерінен тұрақты түсіп тұратын дивиденд ҚМГ-ның қаржылық орнықтылығын көрсетеді. Мысалы, 2020 жылдан бастап төленген дивиденд сомасы 7 есе өсті. Мемлекет басшысы ҚМГ алдына еліміздің ресурстық қорын және мұнай мен газ өндіру көлемін ұлғайту, мұнай-газ химиясын дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында нақты тапсырмалар жүктеген. Бұл ретте ҚМГ аталған міндеттерді орындау үшін жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді.
Елдің ресурстық қорын толықтыру
Геологиялық барлау қызметі әуелден ҚМГ жұмыстарының негізгі бағыты болып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша мұнай мен конденсаттың өндірілетін қоры – 767 млн тонна. Кейінгі 5 жылда қосымша барлау іс-шаралары мен активтерді сатып алу есебінен қорды толтыру коэффициенті 176%-ға жетті. Қазір геологиялық мұнай қорының көлемі шамамен 2 млрд тоннаға тең келетін жер қойнауын пайдалануға арналған 11 келісімшарт бар. Олардың бір бөлігі стратегиялық серіктестердің қатысуымен іске асырылып жатыр. Жер қойнауында терең орналасқан қорлардың мүмкіндігін зерттеу аясында былтыр Қызылорда облысында Торғай Палеозой және Атырау облысында Қаратон Подсолевой учаскелерінде тереңдігі 5 500 метр ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары басталды.
Терең ұңғымаларды бұрғылау көп қаржыны қажет етеді. Әрі бұл жұмысты үлкен геологиялық әрі технологиялық тәуекел десек те болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Жақсартылған модельдік келісімшарт» тетігі осындай күрделі жобалардың тартымдылығын арттырды. Сонымен қатар «Қаражар» және «Тайсойған» учаскелерінде бұрғылау басталды. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы болашағы зор учаскелерде бұрғылау жұмыстарын бастауға қатысты жаңа келісімшарттар қолға алынуда. Бұл жобаларға «Shell», «Chevron», CNOOC, «Sinopec», CNPC сынды әлемдік ірі компаниялар қызығушылық танытып отыр.
Бұл ретте маңызды қызмет бағыттың бірі – Каспий маңы ойпаты және Маңғышылақ түбегінде терең орналасқан көкжиектерді түбегейлі зерттеу. Аталған аймақта ауқымды сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу заманауи озық технологияларды және қомақты инвестициялық қаражатты қажет етеді.
Мұнай және газ өндіру көлемін ұлғайту
2024 жылы ҚМГ 23,8 млн тонна мұнай өндірді. Жоспар бойынша 23,5 млн тонна өндіруге тиіс еді. Кейінгі 5 жылда мұнай өндіру көлемі 2 млн тоннадан астам көрсеткішке өсті. Компания осы көрсеткішті өсіре түсуге ниетті. Үш ірі кен орнындағы (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) бірқатар инвестициялық жоба, Қаламқас-теңіз кен орнында өнеркәсіптік игеруді бастау, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатқан жобалардың пайдалану кезеңіне өту бастамалары өндіріс үдерісіне серпін бермек. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізе отырып, ескі кен орындарындағы өндіру көлемін сақтап тұруға ерекше ден қойылады. Әдетте мұндай кен орындары қолданыстағы инфрақұрылыммен және елді мекендермен тығыз байланысты, сондықтан олардың дамуы мен жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз ету – маңызды міндет.
ҚМГ технологиялық сын-қатерлер бағдарламасын әзірледі. Бұл бастама әрбір кен орнындағы мұнай көлемін арттыруда сараланған әдістерді қолдануды көздейді. Былтыр осы жобаның есебінен қосымша 418 мың тонна мұнай өндірілді.
Осы ретте ҚМГ-ның тиімділігі төмен кен орындарын игеру мәселесіне жеке тоқталып өтсек. Компания өндіру көлемін ұлғайту және мұнай алу коэффициентін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Компания бұл мақсаттарға жету үшін осындай қиындықтарға тап болатын стратегиялық серіктестермен өзара жұмыс істеп, тәжірибе алмасады. Кейінгі жылдары жетекші отандық және шетелдік ғылыми зерттеу институттармен ынтымақтаса отырып, ғылыми зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіле бастады. Мысалы, Сәтбаев атындағы университетпен мұнай өндіруді ұлғайтуға бағытталған мұнай қабаттарындағы ағындарды қайта бөлу бойынша жұмыс атқарылды. Сокольский атындағы отын, катализ және электр химиясы институтымен мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының коррозиясымен күресу бойынша жұмыс жүргізді. Газ шоғырын игеруге қатысты кешенді жұмыс та жүргізіліп жатыр, бұл 2030 жылға қарай жылына 2,8 млрд текше метр қосымша газ көлемімен қамтамасыз етеді.
Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету
Отандық мұнай өңдеу зауыттары үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеп жатыр. Зауыт жұмысшыларының қажырлы еңбегінің арқасында жыл сайын мұнай өңдеу және жеңіл мұнай өнімдерін өндіру бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркелуде. ҚМГ 5 жыл ішінде жеңіл мұнай өнімдерін шығаруды 2 млн тоннаға ұлғайтты, оның ішінде 900 мың тонна автобензин, 800 мың тонна дизель отыны және 300 мың тонна авиаотын бар. Уақыт өткен сайын өсіп келе жатқан сұранысты өтеу үшін барлық 3 отандық мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға дейін 7,9 млн тоннаға кеңейту бойынша инвестициялық жобалар қолға алынды.
Өзекті мәселелердің бірі – жол-құрылыс компанияларын отандық битуммен қамтамасыз ету. 2024 жылы Павлодар мұнай-химия зауыты битум өндірісін 24,5%-ға ұлғайтып, 360 мың тонна жол битумын шығарды. Қазір Ақтаудағы «Caspi Bitum» битум зауытының қуатын 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Мұнай-газ химиясын дамыту
Елімізде мұнай мен газдың қоры мол. Бірақ оны тиімді пайдалану аса маңызды мәселенің бірі. Шикізатты қосылған құны жоғары өнімге айналдыру – ҚМГ-ның стратегиялық басымдығы. Мұнай-газ химиясы шағын және орта бизнестің дамуында зор мәнге ие. Жаңа кәсіпорындар ашу, өндіріс тізбектері мен қосымша салаларды дамыту өңірлердің экономикалық өсуіне ықпал ететіні анық. Бұдан бұрын белгілі болғандай, Атырау облысында қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы зауыттың құрылыс жұмыстары басталды.
Карбамид пен ПЭТФ (полиэтилентерефталат) өндіру бойынша болашақта салынатын зауыттардың жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар 2030 жылға қарай ел экономикасына 13 млрд доллардан астам қаражат тартып, құрылыс кезінде шамамен 15 мың жұмыс орнын және 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашады. Келешекте мұнай-газ химиясы өндірістерінің табысты жұмыс істеуі тұрақты экожүйенің қалыптасуын талап етеді. Яғни өнімге деген сұраныс полимерлер тұтынудың дамыған ішкі нарығы есебінен қамтамасыз етіледі.
ҚМГ құрылыста, тұрғын үй шаруашылығында және агроөнеркәсіп кешенінде полимер материалдарын пайдалануды талдау және ілгерілету үшін Жобалау кеңсесін ашқан болатын. Полимерлер халықаралық нарықта өз артықшылығын көрсетіп отыр. Олар – дәстүрлі материалдарға қарағанда экологиялық таза, арзан әрі берік шикізат. Қазіргі уақытта полимер өнімдерін экономиканың түрлі салаларына енгізу үшін нормативтік база әзірленіп жатыр.
Мұнай тасымалы
Каспий құбыр желісі консорциумы – Қазақстан мұнайын экспортқа шығарудың ең ірі арнасы. Сонымен қатар мұнай тасымалының қосымша бағыттарын дамыту маңызды. Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша экспорт көлемі оң динамиканы көрсетіп жатыр: 2 жылда 2,5 млн тонна мұнай жөнелтілді.
ҚМГ жергілікті теңіз инфрақұрылымын дамытып, кемелерді жаңартып жатыр. 2024 жылы Қазақтеңізкөлікфлоты рекордтық 13,2 млн тонна мұнай тасымалдады. Бүгінгі таңда компанияның барлығы 15 кемесі бар. Арабтың «AD Ports Group» компаниясымен бірлесіп, теңіз флотын одан әрі дамыту жоспарда. Жалпы, бұл серіктестік теңіз тасымалы саласында озық тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Жыл басында араб серіктестерімен Каспий теңізінде жұмыс істеуге арналған сыйымдылығы 500 ЖФЭ-ден асатын (жиырма футтық эквивалент) екі заманауи контейнерлік кеме салуға келісті. Осылайша, ҚМГ тұрақты теңіз тасымалын қамтамасыз етеді және елдің, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында көлік логистикалық әлеуетін дамытуда.
Төмен көміртек бағытын дамыту және экологиялық бастамалар
Климатқа қатысты күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді ескеріп, еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарын қолдай отырып, «ҚазМұнайГаз» өз қызметінде қалыпты, жүйелі әрі дәйекті декарбонизациялау бағытын ұстанбақшы. Бұл міндетті шешу үшін ҚМГ-ның 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның мақсаты – парник газдар шығарындыларын 2019 жылғы көрсеткіштен 64%-ға қысқарту.
ҚМГ өз стратегиясын негізге ала отырып, бірқатар жасыл жобаны, соның ішінде ЖЭК-ті дамытуды, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіруді жоспарлы түрде іске асырып келеді. Мысалы, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 2024 жылы «Eni» компаниясымен бірлесіп, жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасын салу жұмыстары басталды. Жоба аясында биыл қуаты 50 МВт күн электр стансасының I кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. 2026 жылға дейін газ электр стансасының (120 МВт) және жел энергиясы стансасының (77 МВт) құрылысы аяқталады. Ортамерзімді перспективада биологиялық отын, тұрақты авиациялық отын SAF өндірісін бастау міндетін қойып отыр. Бүгінгі таңда бұл жобаның техникалық-экономикалық зерттеу жұмыстары аяқталды. Төмен көміртекті экономикаға көшу ауаға таралатын шығарындыларды азайтуға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар мұнай-газ саласында ұзақмерзімді өсу мен инновациялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
ҚМГ жасыл бастамаларға белсене атсалысады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ҚМГ компаниялар тобы 97 мыңнан астам ағаш екті. «ҚазМұнайГаздың» қызметін жүргізетін барлық өңір – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда және Астана қамтылды. Қалалар мен кенттерде жаңа жасыл аймақтарды құруға, сондай-ақ компанияның өндіріс нысандарының аумағын көгалдандыруға ерекше назар аударылды.
Өңірлер дамуына үлес қосу және жұмысшы мамандықтарына қолдау көрсету
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруды жалғастырып жатыр. Өзінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания өңірлерде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорттық-мәдени нысандарды салуға жан-жақты үлес қосады. 2014–2024 жылдар аралығында ҚМГ қолдауымен 255 млрд теңгеден астам сомаға әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.
«Отпан» жобасы аясында ауылдағы білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. «ҚазМұнайГаздың» қолдауымен Маңғыстау облысында үш тірек мектеп жабдықталған. Үйірмелер ашуға барлық жағдай жасалды. Үш тірек мектепте роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, арт және телестудиялар, сондай-ақ оқушыларға арналған демалыс аймақтары ашылды. Бұл мектептерде 3,5 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Ал педагогтер ұжымында 380 адам бар.
Атырау облысының Құлсары қаласында 2024 жылы құны 983,2 млн теңге балаларды оңалту орталығы салынды. Ғимаратта заманауи құрал-жабдық орнатылған. Қазіргі уақытта бұл мекемеде ерекше қажеттіліктері бар 146 бала ем алып жатыр.
Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Орал қаласында «Jaiyq Arena» көпфункционалды спорт кешенін қысқа уақыт ішінде салып шықты. Құны 20 млрд теңге болатын әлеуметтік маңызы бар нысан болашақ чемпиондарды даярлау орталығы ғана емес, қала тұрғындарына спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған орынға айналмақ.
Компания қаражатына Қызылордада Оқушылар сарайы бой көтерді. Ауданы 3 мың шаршы метрге жуық заманауи көпфункционалды кешен 350 балаға есептелген. Заманауи оқушылар сарайында техноорталық, бағдарламалау, роботтехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар мен хореография сыныптары бар. Бұл «ҚазМұнайГаз» іске асырған әлеуметтік жобалардың толық тізімі емес, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жүргізіледі.
Өндірісте еңбек ететін персоналға келетін болсақ, ыңғайлы еңбек жағдайын жасау және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар кәсіби оқыту, біліктілікті арттыру, тағылымдамадан өту және тәжірибе алмасу үшін мүмкіндіктер ұсыну маңызды.
Бұл ретте, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған Президенттің бастамасы өзекті болып отыр. ҚМГ компаниялар тобында өндірісте 43 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған негізгі іс-шаралардың бірі – «Үздік маман» шеберлік байқауы. Бұл дәстүрлі байқау он жылдан бері өткізіліп келеді және үздік мамандарға өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік береді. Былтыр конкурсқа Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе және Павлодар облыстарының, Шымкент қаласының, сондай-ақ Румыниядағы ҚМГ еншілес кәсіпорындарынан 300 қызметкер қатысты.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «ҚазМұнайГаз» жекелеген жұмысшы мамандықтары бойынша «WORLDSKILLS KMG» ұлттық чемпионатын, түркітілдес елдердің өкілдері қатысатын «TurkicSkills» кәсіби шеберлік чемпионатын өткізуді, әйелдер арасында жұмысшы мамандықтары үшін модульдік оқыту бағдарламасын қолға алуды, серіктес компанияларда тағылымдама ұйымдастыруды, өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында «АЛЫП» жобасын іске асыруды, жастар форумдарын өткізуді жоспарлап отыр.
Компанияның басты құндылығы – адамдар. «ҚазМұнайГаз» жүйесінде еңбек ететін барша қызметкерді ұлттық компанияның 23 жылдығымен құттықтаймыз! Компанияның бүгінгі жетістігі – қызметкерлердің қажырлы еңбегінің жемісі.
Қорыта келгенде, «ҚазМұнайГаз» еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мұнай-газ саласындағы стратегиялық маңызды бағыттарды дамытуды көздейтінін атап өткен жөн. Ұлттық компания геологиялық барлау және мұнай-газ химиясындағы ауқымды әрі көп қаржыны қажет ететін жобаларға бастамашылық етеді. Бұл бастамалар жаңа ресурс көздеріне жол ашып қана қоймай, еліміздің экономикалық өркендеуіне ықпал етеді.
ҚМГ жекеменшік бизнес тәуекел ете бермейтін, алайда еліміз үшін аса маңызды салаларды дамытуды қолға алады. Дәл осы стратегиялық қадам компанияның басты миссиясын айқындай түседі.