Астанада өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосқан компаниялардың, соның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) еңбегін атап өтті.
– Мен экология мәселелеріне көңіл бөлетін кәсіпорындардың жобалары ұсынылған стендтерді қарап шықтым. Сіздерге алғыс айтамын! Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасуда, – деді Мемлекет басшысы.
ТШО-ның бас директоры Кевин Лайон Президентке компанияның экологиялық бастамаларын таныстырып, қоршаған ортаны қорғау мен адамдарға қамқорлық жасау – ТШО-ның негізгі құндылықтарының бірі екенін айтты. Сондай-ақ ол «Таза Қазақстан» науқанының мақсаттары компанияның іскерлік қағидаттарымен үндес екенін атап өтті.
– 2022 жылдан бастап Жылыой ауданында 12 000-нан астам көшет отырғыздық, бұл жұмыс биыл да жалғасады. Қызметкерлеріміз «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктерге және абаттандыру іс-шараларына белсенді қатысады. Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Кұлсары қаласындағы су тасқыны зардаптарын жоюға қатысуымыз болды: 22 000 тоннадан астам қалдық жиналып, сыртқа шығарылды, – деді Кевин Лайон.
ТШО құрылған күнінен бастап экологиялық тиімділікті арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күні компания қоршаған ортаны қорғау шараларына 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Озық технологияларды қолдану нәтижесінде зиянды шығарындылар 70%-дан астамға азайып, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 50%-ға жетті.
Сонымен қатар, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қайта қолдану шараларының арқасында өндірістік қуаты зор Теңіз кен орнында Батыс Қазақстан магистральдық су құбырынан алынатын су мөлшері небәрі 5%-ды құрайды.