Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қарапайым болса да қажетті қызмет

«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА «ОСЫ УАҚЫТ ІШІНДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ. ӘРІ БІЗ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ АРҚЫЛЫ ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОР ЖӘНЕ НАҒЫЗ МАМАН БОЛУ ИДЕЯСЫН НАСИХАТТАЙМЫЗ. БҰЛ «АДАЛ АЗАМАТ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС» ҚАҒИДАТЫНА ТОЛЫҚ САЙ КЕЛЕДІ. ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ, КӘСІБИЛІК СИЯҚТЫ ҚАСИЕТТЕР ӨТЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНУҒА ТИІС. ӨЗ КӘСІБІН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАР ҰЛТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ. ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, КЕЗ КЕЛГЕН ЕҢБЕК ҚАДІРЛІ. ЕҢ БАСТЫСЫ, ӘРКІМ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТЕРЕҢ СЕЗІНІП, ӨЗ МІНДЕТІН САПАЛЫ АТҚАРУҒА ТИІС. СОНДА ҒАНА ЕЛІМІЗ ДАМУДЫҢ САРА ЖОЛЫНА ТҮСЕДІ» ДЕГЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҮСТІМІЗДЕГІ 2025 ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ.

Президенттің бұл шешімі еліміздің экономикасын нығайтуға, жастардың болашаққа сенімін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл тек экономиканың емес, бүкіл қоғамның дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Әрбір азамат аталған бастаманы қолдап, жүзеге асуына өз үлесін қосуы тиіс. Өйткені, ол жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, қоғамда олардың маңызын түсіндіру және осы саланы қолдау мақсатында қолға алынып отыр. Жұмысшы мамандықтар – экономиканың негізін құрайтын, елдің өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын қамтамасыз ететін кәсіптер санатына кіреді. Осы мамандықтар арқылы жаңа нысандар бой көтеріп, энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Жалпы, еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде қолдарында дипломы болғанымен, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер көп. Сонымен бірге, жұмыс істеуге желкесі жар бермейтін жандар көбейді. Жасыратыны жоқ, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді» қош көретіндер де жетерлік. Осы ретте оларды қалай ортаға тартуға болады? Ойланып көретін үлкен мәселе. «Жұмысшы мамандықтары жылында» жастарды ынталандыруға баса мән берілсе құба-құп. Қалай айтқанда да, қарапайым мамандық иелерінің қадірі артып, мәртебесі биіктеуге барлық жағдай жасалмақ. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу елдің тұрақты дамуының кепілі болары анық. Экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласындағы қажетті мамандықтардың бірі – ұстаның жұмысы.

Оның қол еңбегі әсіресе, қарбаласқа толы қызметті іркіліссіз атқаруда аса қажет дүние. Нұреден Қуанғалиевтің Ганюшкин бекетіндегі «П Ч - 9» мекемесінің шеберханасында бұл істі тыңғылықты тыңдырып келе жатқанына біраз жылдардың жүзі болды. «Шебердің қолы алтын» дегендей, темірді қыздырып нанша илеп, төске салып ұрғылап не бір тетіктер мен қажетті құрал-сайман жасаудың бас бармақпен көрсететіндей «мынау» деген маманы. Темірден түйін түйетін жігіттің дайындаған сом балғасы мен үшкір сүйменінсіз болат жол бойындағы толассыз тірлік бір бітпейді. Ертеден қара кешке дейін шеберханадан шықпайтын ұстаның қолынан темірге тірелетін істердің бәрі келеді. Темірге «жан бітіретін» ісіне мығым Нұреденнің ұсталығына қанша заман өзгерді, технология дамыды деседе теміржолдың айналасында жүгінбейтіндер кемде-кем. Адамды әрқашан еңбегіне қарап бағалайды емес пе? Сондықтан да оның ұжымдастары арасында беделі жоғары.

– Менің жұмысым үнемі ыссы пештің айналасында өтеді. Қазір ештеңе емес, жаздың қапырық ыстығында қиынға түседі. Бірақ, үйренген ісім болған соң маған сезілмейді де. Адам қандай іспен айналысса, соның жемісін жейді ғой. Ұсталықты өзіме дейінгілерден үйрендім, оның көп оқуы жоқ. Менен кейінгілер жалғастырып іліп әкете ме ол жағын білмедім, негізі керек кәсіп, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Ораз КАМАЛОВ, Ақкөл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT