Дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті сенатына кандидат Сағындық Лұпановтың сайлаушылармен кездесуі өтті.
Оған мәслихат депуттаттары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Кездесуді кандидаттың аудандағы сенімді өкілі Жарас Есенғалиев ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде сөз алған кандидат Сағындық Лұқпанов:
– Бүгінде кезек күттірмейтін мәселелердің бірі денсаулық сақтау саласы екені айтпаса да түсінікті. Әлемді әбігерге салған коронавирус дерті осы салаға баса назар аудару керектігін көрсетіп отыр. Сондықтан мен сайлауалды бағдарламама ұлт саулығын жақсартуды басты міндеттерімнің бірі есебінде кіргіздім. Сонымен қатар, білім беру, экономиканы әртараптандыру, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, алыс ауылдарға жол тарту сынды өте өзекті мәселелерді де сенат депутаты болып сайлансам басты назарда ұстайтын боламын, – деп өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Жиын барысында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали кандидатқа алдағы сайлауда сәттілік тілей отырып, соңғы жылдары өр суының тасымауын, Ойыл өзенінің тартылып бара жатқанын мәселе қылып көтеріп, үміткерден сенат депутаты болып сайланып жатса осы бір түйіткілді назарға алуды сұрады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарын сайлау 12 тамыз күні өтеді. Оған қазіргі таңда Атырау облысынан 3 үміткер тіркеліп, бақтарын сынауда.
Дулат МӘТЖАН