Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАЙ ҚАЛАДА ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АРЗАН?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында баспана мәселесі айтылған болатын.

СОҢҒЫ АЙЛАРДА ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ ОРТА ЕСЕППЕН АЛҒАНДА БІРАЗ ҚЫМБАТТАП ОТЫР. САРАПШЫЛАР БАҒАНЫҢ ШАРЫҚТАУЫ МАУСЫМДЫҚ СҰРАНЫСҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЕКЕНІН АЙТАДЫ. БҰЛ СТУДЕНТТЕР МЕН ІШКІ МИГРАНТТАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРІ ҚАЛАЛАРЫНА ЖЫЛ САЙЫН КӨП КЕЛУІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ. ПӘТЕР ЖАЛДАЙТЫНДАРДЫҢ НЕГІЗГІ САНАТЫНА ОТБАСЫ ЖОҚ, ЖҰМЫСҚА ЖАҢА ТҰРҒАН ЖАСТАР, СТУДЕНТТЕР, ЖАС ОТБАСЫЛАР, ПӘТЕР САТЫП АЛУҒА ҚАРАЖАТЫ ЖОҚ, ИПОТЕКА АЛУ ШАРТТАРЫНА СӘЙКЕС КЕЛМЕЙТІН АЗАМАТТАР ЖАТАДЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР, ТҰРҒЫН ҮЙДІ ТЕК ЖАСТАР ҒАНА ЕМЕС, ТҰРАҚТЫ ТАБЫСЫ БАР, АЛАЙДА АҚШАСЫН ПӘТЕР САЛУҒА ЕМЕС БИЗНЕС АШУҒА ҚҰЙҒАН ОТБАСЫЛЫ АЗАМАТТАР ДА ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРДЕ ТҰРАДЫ. 

Жас жұмысшы немесе студент жатақханаға қол жеткізе бермейді. Амалы жоқтығынан пәтер жалдауына тура келеді. Кейде жалға берілген екі бөлмелі тұрғын үйде шұбырып 10-15 адам жүреді. Себебі, жалдау ақысын төлеуге бір адамның жағдайы тартпайды. Жолың, тамағың тағы бар. Әрі қаланың орталығынан тұрғын үй жалдау қымбат, шет жақтан автобуспен қатынасаң да оған қарағанда арзандау. Ал, екі бөлмелі үйдің қожайынына онда қанша адам тұрып жатса да бәрібір, ақшасын төлесе болды. Олардың қалай тұрып жатқанымен де шаруасы жоқ. Атырауға бір барғанда осындай жалдамалы тұрғын үйде қонып шықтым. Алдында кішкентай дәліз. Бір бөлме ортасынан көмірмен жылытылатын пешпен бөлінген. Екінші жартысында мигранттар орналасқан. Біз қонған бөлмеге төрт керует қойылған. Тамақты да сол жерде қайнатып ішесің. Екі адам түнгі кезекке кеткен екен. Кейде жалдау ақысын молынан төлейтіндерге қызығып пәтерде бұрыннан тұрып жатқандарды қуып шығатын жағдайлар да кездеседі. 2022 жылы ресейліктер әскерге шақырудан қашып, Қазақстанға ағылғанда осындай жағдайлар орын алғанын естідік.

Жалпы, баспана жалдау ақысы жыл сайын көтерілмесе, түспейді. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап тағы да өсу тіркелген. Шілдеде бірден айына 3,6% -ға көтерілген. Алайда, талдау көрсеткеніндей бағаның қатты шарықтауы тамыз айында басталды. 26 тамызда Қазақстан бойынша тұрғын үй жалдау орта есеппен тағы да 8 пайызға қымбаттаған. Айта кетерлігі, бұл өсім мониторинг жүргізілген барлық қалада байқалған. Тұрғын үйді жалға алу бағасы Көкшетауда (16% ), Қостанайда (14%), Петропавлда (13% ), Павлодарда (11% ), сондай-ақ, Шымкент, Ақтөбе, Қарағандыда (10%) басқа өңірлермен салыстырғанда біраз өсті. Алматыда баға бір айда 8%-ға, ал, Астанада 9% - ға өсіп кетті. Ерекшелік Қонаев пен Орал қалаларында болды, онда жалдау құны тамыз айының басынан бастап тиісінше 1% және 2% - ға төмендеді.

Ақшалай мәнде айтсақ, бағалар шамамен 20-60 мың теңгеге өскенін көреміз. Мысалы, егер бұрын Астанада 1 бөлмелі пәтер орташа есеппен 180 мың теңге болса, қазір айына – 200 мың теңге, ал, 2 бөлмелісіне 280 мың теңгеге дейін төлейсіз. Астананың сол жақ жағалауындағы пәтерлердің 80 пайызы жалға беріледі. Алматы қаласында бір бөлмелі пәтер орташа есеппен – 230, екі бөлмелі пәтер – 350, ал, үш бөлмелі пәтер 450 мың теңгеге дейін қымбаттады. Сатып аламын десеңіз, Алматының орталығында үш бөлмелі пәтер 35-40 млн теңге тұрады. Оған көп адамның жағдайы тарта бермейтіні анық. Тек қана Алматының өзінде тұрғын үй қорының 20-25%-ы жалға беріледі екен. Атырауда 1 бөлмелі пәтер – 100-350 мың, 2 бөлмелісі – 160-400 мың, 3 бөлмелі болса 170-900 мың теңге көлемінде. Шымкентте әрбір сегментте баға орта есеппен 20 мың теңгеге өсті. Бір қызығы, кейбір қалаларда әсіресе, 3 бөлмелі пәтерлердің бағаларында ғана өзгеріс болған. Мысалы, Көкшетауда олар орта есеппен – 70, Қарағанды мен Оралда – 50, Қостанайда 45 мың теңгеге қымбаттап отыр.

Қанат ЗАРЛЫХАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT