Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

КӘСІБІНЕН НӘСІП ТАПҚАН – АЗАТ

Бүгінгі таңда ауданда өзінің қалаған кәсібін ашып, халыққа да, мемлекетке де пайдасын тигізіп жатқан азаматтар қатары көбейіп келеді. Бұл кәсіпкерлердің мемлекет тарапынан шағын бизнеске көрсетіліп жатқан қолдауды жете түсініп және олардың осы саланы меңгеруге деген құлшыныстарының арқасы. Міне, осындай шағын бизнесті дамытуға белсенділік пен іскерлік танытып келе жатқан аудан кәсіпкерлерінің қатарында сағыздық кәсіпкер Азат Нәбиев те бар.

dsc_1053Сағыз ауылымен көршілес Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қопа ауылдық округіне қарасты Ебейті ауылында дүниеге келген Азат орта мектепті бітірген соң Ақтөбе теміржол колледжінде оқып, механик мамандығын алып шығады. Алайда, мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң Ақтөбе қаласында жүн-тері жинайтын кәсіпкердің қарамағында еңбек етеді. Сол жерде біраз жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған ол өз алдына кәсіп ашуды ойлайды. Сөйтіп, 2019 жылы  «Жылжымалы қой қырқу орнын ашу» бағытында жоба жасақтап, 1 миллион 400 мың теңге грантқа ие болады. Сол жылы алған қаражатына қой қырқу агрегатын, электр қозғалтқышы (электродвигатель) және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алған соң келесі жылы көктемнен бастап шаруа қожалықтарын аралап, қой қырқуды бастайды. Кезінде жүні – киім, терісі – бұйым болған қойдың терісін бүгінгі күні топыраққа көміп, жүнін жаппай өртеп жатқан шаруагерлер Азаттың қой қырқамын деген ұсынысын қуана қолдайды. Өйткені, қой қырқудың өзі адам күші мен біраз уақытты талап етеді. Сөйтіп, Азат көмекшісімен бірге жылжымалы қой қырқу пункітімен қожалық қойларының жабағы жүнін қырқып, жинайды.  Жинаған жүнін тайлап, Атырау қаласындағы «Каспий Лана Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырады. Алайда, ашылғанына екі-үш жыл болған аталмыш серіктестіктің жұмысы пандемияның әсерінен және басқа да түрлі себептермен тоқырауға ұшырап, көп ұзамай жұмысын тоқтатады. Азаттың тапсырған 20 тонна қой жүні басқа да кәсіпкерлердің өткізген шикізаттарымен бірге әлі күнге дейін өңделмей серіктестік қоймасында жинаулы тұр. Енді оны кері тасымалдауға жұмыстану керек. Кәсіпорынның жұмысы тоқтап, жинаған жүні өтпей тұрса да Азат жұмысын тоқтатқан емес. Қазіргі таңда үш адамды жұмыспен қамтып отырған ол көктемгі қой қырқымы біткеннен кейін баклашка, картон қораптарын жинап, қаладағы аталмыш тауарларды қабылдайтын жерге тапсырады. Күзем басталғанда қайтадан шаруашылықтарды аралап, науқан біткен соң қайтадан  баклашка, картон қораптарын жинауды бастайды. Енді шаруашылықты араламай қойды бір жерден қырқу үшін ауылдың шетінен жер алып, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен. Оның ауласында тайланған қой жүндері, бос баклашкалар, картон қораптары жинаулы тұр.
– Жобаның іске асуына мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржының көп көмегі болды. Соның арқасында кәсіп ашып,  біраз жұмыс атқарылды. Пандемияның салқыны жұмысымызға әсер еткенімен, жұмысты мүлдем тоқтатуға болмайды. Қазір жасап жатқан жұмысымызды кеңейту мақсатында қой қырқу пунктінің құрылысын салып жатырмыз. Бұл жерде қой қырқылып, дәрілеу ваннасына (кубка) түсіріледі. Тек қой қырқып қоймай, науқан біткен соң баклашка, картон қораптарын жинаймыз. Әзірге оларды қалаға тапсырып жатқанымызбен болашақта өзіміз өңдеуді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа жиналған қой жүнін жуып, түтіп, тайлап саттыққа шығарамыз. Оларға бөлек нысандар салынып, қажетті құрал-жабдықтар алынады. Бұл да болашақтың еншісінде. Бірақ оның бәріне қаражат қажет. Мемлекет тарапынан бір мәрте қолдау көрсетіліп, аяққа тұруға көмектесті. Әрі қарай дамыту менің жұмысым. Егер жоспарымыз жүзеге асырылып жатса біраз жұмыс орны ашылар еді. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан салынып жатқан құрылыс нысанына газ, электр желілерін жүргізуге көмек болса жақсы болар еді.  Қазіргі заманда жұмыс таңдауға болмайды, - дейді кәсіпкер Азат Нәбиев.
Міне, ашқан кәсібінен нәсіп тауып отырған Азаттың алға қойған мақсаты орасан. Әр нәрсені сылтауратып ашқан кәсібін жарты жолда тастап кететіндердің санатына жатпайтын оның кәсібі қанат жайып, кеңейетіні сөзсіз. Ендеше, халыққа қызмет көрсетіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жанның әрі қарайғы ісіне сәттілік тілейміз.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521