Қаңтар оқиғасында 25 полиция ғимараты мен 19 модульдік бекет зақымданды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәртіпсіздіктер кезінде 25 полиция ғимараты мен 19 модульдік бекет зақымданды. Шығын 3 млрд теңгені құрайды. Ғимараттарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Қазір олардың барлығы іске қосылды. 3 модульдік бекеттің жұмысы басталды. 16 бекет қалпына келтіруге жатпайды»,- деді ол.
Сонымен қатар министр Қаңтар оқиғасында Алматы, Шымкент, Ақтөбе Қызылорда, Талдықорған және Тараз қалаларында 900 бейнебақылау камерасы зақымданғанын атап өтті.
«Бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бейнекамералар штаттық режимде жұмыс істейді. Біз бұнымен тоқтамай, қосымша 6 мыңнан астам бейнекамера орнаттық. Оның ішінде: Алматыда – 3 050, Таразда – 1 250, Шымкентте – 1000. Бұл жұмыс жалғасуда. Ішкі істер органдарында заңдылықты сақтау үшін жаппай бейнебақылау енгізілуде. «Көрінбейтін жерлер» алынып тасталуда. Қазіргі таңда, камералар барлық полиция бөлімдерінде орнатылған. Бүгінгі күні бұл жұмыс колонияларда жүргізіліп жатыр», - деді Марат Ахметжанов.