Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өңірімізде жаңа электр желісі іске қосылды

Бүгінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өте өзекті мәселе. Бұл әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар Қазақстан үшін де жоғары маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында Үкімет пен жауапты ведомстволарға нақты тапсырма берген болатын.

Жолдау жүктеген міндеттің іс жүзіндегі орындалысы облысымызда да жалғасын тапты. Жақында өңірімізде жаңа электр желісі іске қосылды. Ұлттық оператор – «KEGOC» АҚ компаниясының бастамасымен, Энергетика министрлігінің және облыстық әкімдіктердің қолдауымен «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 800 шақырымға жуықтайтын 220 Квт-тық бес электр қуатын тасымалдау желісінің құрылысы межелі мерзімінде аяқталып, пайдалануға берілді. Барлығы 4,2 мың дана электр бағанасы орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы стансалары кеңейтілді. Соның нәтижесінде, қуаттылық «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы Атырау» учаскесінде 100-ден 200 МВт-қа, «Атырау–Маңғыстау» учаскесінде 50-ден 200 МВт-қа артты.

Электр желілерінің сенімділігі еселеніп, апаттың орын алу ықтималдылығы азайды. Нысанның тұсауын кесу рәсіміне Үкімет басшысы Әлихан Смайылов телекөпір арқылы қатысып, жаңа жобаның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығын тілге тиек етті. Жаңғырту жұмыстары жүргізіледі Атырау энергетикалық кешенінің басқарма төрағасы Алтынбек Қаршегеновтың айтуынша, жоғарыда аталған жобадан бөлек, биыл бұл бағытта оның құрамындағы кәсіпорындардың күшімен жоспарлы жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Атырау-Жарық» АҚ бойынша жылға қабылданған инвестициялық бағдарлама шеңберіндегі іс-шараларды орындауға бағытталған қаражат көлемі 1 млрд. 317 млн. теңгені құрады. Жүзеге асқан ауқымды жұмыстардың қатарында Жылыой ауданындағы «Қаратон-2» қосалқы стансасын жаңғырту жобасының бірінші кезеңінің аяқталғанын айтуға болар еді. Нақтыласақ, мұнда ескіріп, тозығы жеткен жабдықтар жаңасымен алмастырылды.

Соның нәтижесінде, олардың қызмет көрсету немесе жарамдылық мерзімі айтарлықтай ұзартылып, сенімділігі артқан. Қазіргі уақытта Атырау қаласындағы 12 төмендетуші трансформаторлық бекетті техникалық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тозған тіреуіштер мен «ВЛ-0,4» сымдары ауыстырылуда. Сымдардың жалаңаштанған бөлігін алмастырудың нәтижесінде желі бойындағы энергия ысырабы мен қызмет көрсету шығындары кеміп, өткізгіштік қабілеттілігі артады, тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтау көрсеткіші көтеріледі. Бұған қоса, жыл басынан бері бірнеше ескірген трансформаторлық бекет пен кешенді трансформатор бекеті (КТП) қайта монтаждаудан өткізілді. Бүгінде Атырау қаласының «Вокзал маңы» шағынауданы мен шаһар аумағындағы Жұмыскер, Ракуша және Еркінқала ауылдарындағы трансформатор бекеттерінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Осы учаскелердегі электр сымдары мен жалпы ұзындығы 1 050 шақырымнан асатын ток тасымалдағыш желілер түгелімен жаңартылып, үш арнаулы автотехника сатып алынды.

Сонымен қатар, электр желілеріндегі ақаулықтарды, жерасты коммуникацияларының тереңдігі мен басқа да өлшемдерін анықтап, жабдықтар мен қондырғыларды сынамадан өткізетін заманауи электротехникалық зертханаларды сатып алуға қол жеткізілді. Орталықтың қуаты ұлғаяды Алтынбек Төлеуғалиұлы Атырау жылу-электр орталығы бойынша қабылданған инвестициялық бағдарламаның орындалуына 5,2 млрд. теңге жұмсалғанын, соның нәтижесінде айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылғанын алға тартты. Бүгінде кәсіпорынға қарасты қуаттылығы 60 МВт-тық газотурбиналық қондырғы іске қосылуға дайындалуда. Бекітілген кесте-жоспарға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Содан соң шетелдік мамандардың қатысуымен қондырғыны жіберіп-реттеу жұмыстары жүргізіледі.

Акционерлік қоғамның президенті Мақсот Әленовтің мәліметінше, қазір кәсіпорын 200 Мвт электр энергиясын өндіреді. Бүгінде екі үлкен нысанда жоспарлы күрделі жөндеу жұмысы толықтай аяқталған. Соның бірі – №8 қазандық агрегаты, екіншісі – №7 турбоагрегат. №5 байланыс трансформаторында жоспарланған жұмыстың дені еңсерілген. Айдың соңына дейін аяқталмақ. Одан бөлек, атқарылу мерзімі шілдеден қыркүйекке ауыстырылған №10 турбогенераторды күрделі жөндеу де мәреге жақындады. Басқа да бірнеше нысанда жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жасалып, қабылдауға дайын тұрса, бірқатары техникалық сынақтан өткізілген.

– Тәжірибеде дәлелденгеніндей, электр қуатын тұтыну көлемінің ең көбейетін кезеңі жаз айлары, яғни, жылдың ең ыстық мезгілі. Ал, күн салқындағанда ол күрт төмендеп, 250-300 МВт-тан аспайды. Тұтыну тарифінің көтерілуі энергияны өндіруге қажетті отынның бағасына, басқа да бірқатар факторларға қатысты. Ащы да болса шындық, соңғы кезде біздің салаға білімді, білікті мамандар тұрақтамайтын болды. Жұмыс күрделі, ауыр әрі жауапты болғанына қарамастан оларға төленетін жалақы жарытымсыз. Уақытша болса да жағдайдан шығу үшін осында көптен бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі, тіпті зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа тартуға тура келіп отыр, – деді ол.

Сарапшылардың пайымдауынша, облыс аумағында, әсіресе қалада көп қабатты тұрғын үйлер, жекеменшік сектор, әлеуметтік және өндірістік нысандар, инженерлік инфрақұрылым, тұрмыста қолданылатын құрылғы-жабдықтардың көбеюінен энергияға деген сұраныс та өсіп барады. Бұл көрсеткіш әр жыл сайын 20 пайызға ұлғайып отырады екен.

Ашығын айтсақ, соңғы бірнеше жылдан бері «Атырау Жарық» АҚ-ның теңгеріміндегі немесе қамтуындағы электр қуатын тасымалдап жеткізуші әуе желілерінің үзілуі, негізгі және қосалқы станциялардағы ақаулардың салдарынан апатты ажыратулар жиіледі. «Өкінішке қарай, заңды тұлға ретінде тіркеліп, бір-бір трансформаторды қолдарына ұстап отырған әлгі бизнесмендер міндеттемесін орындауға келгенде жауапсыздық танытады. Ортақ талап бойынша жылына екі мәрте (көктем мен күзде) техникалық тексеруден өткізіп, ақауы бар-жоғын, жарамдылығын куәландыратын құжаттарын да алмайды.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жекелеген шағынаудандар мен қала маңындағы ауылдар жарықсыз қалғанда барып, жағдайға солардың қарауындағы КтП-лардың біріндегі ақаулықтың себепші болғанын бір-ақ білеміз» дейді мамандар. Жылу ысырабына жол берілмейді «Атырау жылу желілері» АҚ президенті Әлібек Темірғалиевтің сөзіне қарағанда, аталған кәсіпорындағы инвестициялық бағдарлама аясында атқарылуы жоспарланған жұмыстардың қаржылай көлемі 746 млн. теңгеге бағаланған.

Оның айтуынша, қазір саладағы маңызды мәселенің бірі – қаланың оң жағалауын жылумен толыққанды қамтамасыз ету. Қаланың осы бөлігіне жылу энергиясы Жайық өзені арқылы өтетін конструкциялардың диаметрлері 426-530 миллиметрлік екі жылу магистралының бойымен ЖЭО-ның негізгі көзінен жеткізіледі. Бұл жерде туындап отырған үлкен проблема – жыл санап көпір өткеліндегі жылу жүктемесі шамадан тыс артып келеді.

Оның салдары магистралды желідегі гидравликалық режимнің сақталуына теріс әсерін тигізеді. Жаңадан салынған көп қабатты үйлердің пайдалануға берілуіне байланысты қосымша жылу жүктемелерін іске қосу қажеттілігі туындайтыны заңдылық. Осыны ескеріп, кәсіпорын осыдан төрт жыл бұрын «Алматы энергетика және байланыс университеті» коммерциялық емес АҚ-мен бірлесіп, «Атырау қаласында жылу желілерінің сенімділігін және даму перспективасын арттырудың 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған техникалық негіздемесі» атты жоба әзірледі. Қала әкімдігімен келісіліп, бекітілген бұл құжатты қабылдаудағы басты мақсат – шаһардың дамуын, тұрғындар санының өсуін қаперге ала отырып, қолданыстағы жылу желілерін жаңғырту және жаңадан салу. Ол үшін Жайық өзенінің үстімен өтетін арнайы технологиялық көпірді тұрғызу жобасы таңдалды. Оның аясында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бірнеше іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, «РК-120 МВт» аудандық қазандығының қолдағы бар қуатын пайдаланып, қосымша жылыту қазандығын орнату. Қолданыстағы қазандықтың аумағын кеңейту үшін жер телімін бөліп, техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу. Сондай-ақ қаланың оң жағалауынан 200-300 Гкал/сағ жылу жүктемесін қамтамасыз етуге қабілетті қазандықтың құрылысын жобалау және салу. Кәсіпорын бойынша жылу желілерін реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарын жоспарлы жүргізудің нәтижесінде жылу желілерінің тозу көрсеткішін 15,7 пайызға дейін төмендету.

Бүгінде қаланың сол жақ бөлігін жылумен қамту деңгейі қалыпты. Өйткені, бұл беттегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу оң жағалауға қарағанда ешқандай қиындықсыз, кедергісіз таратылады. Әрине, жылудың берілуінде құбырлардағы ақаулардың салдарынан апатты жағдайлардың орын алып жататынын жоққа шығаруға болмайды. Десек те, күш-мүмкіндіктің дер мезгілінде жұмылдырылып, мамандардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында апатты жағдайлар мейлінше қысқа мерзімде қалпына келтіріледі. Тағы бір тоқталар жайт – еліміздің өзге өңірлерінде болып жататын жағдайлармен салыстырғанда, бізде тіркелетін төтенше жағдайлар сипаты мен қауіптілігі жағынан анағұрлым жеңіл. Ал, құбырларға атмосфералық сынаманың қыркүйекте жүргізілуі – мәжбүрлі шара. Негізі, ыстық судың тоқтауы кәсіпорынға да қыруар шығын әкеледі.

Нақтырақ айтсақ, жаз айларында жергілікті атқарушы орындармен келісіліп, әр аумақта күрделі жөндеу жүргізіледі. Сол кезде қысым берілген учаскелер қалады, мұндай желілерге жылу берілмейді. Әйтпесе, қыста күрделі апатқа соқтыруы әбден мүмкін. Талап бойынша, қайткенде де желі толықтай тоқтатылып, тексеруден өткізілуі керек. Мәселен, солтүстік облыстарда жаз айларында ыстық су мүлдем берілмейтін көрінеді. Яғни, көктемде тоқтатылғаннан, күзде бір-ақ қосылады. Тіпті, көршілес Батыс Қазақстан облысында да осындай процедураларды жүргізу үшін 10 күн бойы қалада ыстық су тыйылады. Негізінде, қала ішіндегі желінің ұзындығын ескерсек, барлығын тексеріп, қысқы маусымға дайындау үшін екі аптадай уақыт кетеді. Жылдағы дәстүрге сай, биыл да облыс әкімінің қаулысы негізінде аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға қазанның 1-інен бастап, ал көпқабатты үйлерге 15 қазаннан жылу берілді. Әрине, проблемалар да жоқ емес.

Энергетикалық қауіпсіздік туралы айтқанда, жылуды тасымалдау жайын ұмытпағанымыз абзал. Өйткені, жыл сайын шаһардың оң жақ бөлігі қарқынды дамуына байланысты жылу-электр орталығынан жылуды тар көшелермен жеткізу қиындай түсетіні жасырын емес. Орталық көпір астындағы желілерді ұлғайтудың мүмкіндігінің жоқтығынан басқа да жолдары қарастырылып жатқандығы белгілі болды. Кәсіпорын басшысының айтуынша, әзірге оның бір ғана шешімі бар екен, яғни коммуникациялық жүйелерге жоғарыдағы жобада айтылған арнайы технологиялық көпір салынуы тиіс. Сол арқылы жылу жүйелерін де, басқа да коммуникацияларды да жүргізуге болады. Ол үшін қаражат керек. Екіншіден, ел арасында «Фин қазандығы» аталып кеткен нысанның қуатын арттыру мәселесі тұр. Яғни, қаланың оң жақ бөлігі жоғары жылдамдықпен дамуына байланысты оның да мүмкіндігін молайту қажет.

Тұтынушылар қатары көбейгендіктен, жаңа жылу жүйелерін салу үшін тағы да арнайы «дәліз» керек. Ал, қаланың сол жағында мұндай мәселе жоқ деуге болады. Соңғы 10-12 жылда бізде бірінші, екінші дәрежелі апат болған жоқ. Өткен жылы аздаған ақаулар орын алды. Мұның барлығы жылу жүйелері мамандарының кемшіліктерді дер кезінде анықтағанының нәтижесі деп санаймын. Осыдан он бес жыл бұрын қазынадан бөлінген қыруар қаражатқа облыстағы энергокешен толықтай жаңаруға тиіс еді. Өкінішке қарай, бұл шаруа да қағаз жүзінде қатқанымен қозғалыссыз қалды. Қысқасы, жылу желілерін жөндеу және жүйелерді қайта жаңғыртудан өткізуге жергілікті бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Соның өзінде, біз инвестициялық бағдарлама арқылы 72 пайызға ескірген желіні 60 пайызға дейін түсірдік. Осылайша, жыл сайын 20 шақырым желіні ауыстырып келеміз.

Алайда, ескі жылу жүйелерін дер кезінде жаңарту үшін бұл көрсеткіш жылына 40 шақырымға жетуі тиіс. Егер арнайы бағдарлама бойынша магистралдық жүйелерді жаңартып отырсақ, 2030 жылға қарай тозығы жеткен жылу желілерінің үлес салмағын 15 пайызға түсіре аламыз. Ал, шағын диаметрлі кварталдық жүйелерді біз жыл сайын жөндейміз. Аймақта ыстық судың коррозиясы жоғары болғандықтан құбырларды жиі ауыстыруға тура келеді. Оның да шешімін қарастырудамыз. Басты мақсат – қолдағы бар мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, жылудың орынсыз ысырабына жол бермеу, – деп сабақтады сөзін кәсіпорын басшысы.

Тобықтай түйін Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Ал, бұл бағыттағы алғашқы қадамның бастауын аймақтан алатыны даусыз.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет freepik сайтынан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT