«Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс».
(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)
Елімізде соңғы кезде біліммен бірге ғылым саласын да дамытуға зор көңіл бөлінуде. Күні кеше елімізде алғаш рет 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күні аталып өткен болатын. Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – материалдық-техникалық базаның толыққанды қалыптаспауы, екіншісі – ғалымдарды, соның ішінде жастарды ынталандыру, атап айтқанда, қаржылай қолдау ұйымдастыру ісі ақсап тұр. Мұны біз тілдескен атыраулық ғалымдар да жасырмады...
Жалпы, Атырау – мұнайлы мекен, өндірісті өңір. Ендеше, ғылыми-техникалық жетістіктер бұл жерде ауадай қажет. Осы орайда, аймақтағы ғылым саласының жай-күйі нешік? Мұнда ғылымның нақты қай бағыты дамыған? Жергілікті ғалымдарды қандай мәселелер толғандырады? Міне, бүгінгі әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбімек.
Ғылымға қызығатын жастар көп
Құрманғазы ауданынан шыққан атақты ғалым, техника ғылымдарының докторы, Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Есенғали Ғилажевтың пікірінше, бір кездері Ғылым академиясының жабылып қалуы елдегі ғылыми базаның күйреуіне әкеліп соққан...
– Бұрын ғылымның әр бағыты бойынша арнайы база болды. Ғылыми орталықтар жұмыс жасады. Мәселен, Ғылым академиясы ғылыми институттарға бағыт-бағдар беріп отырды. Соған сәйкес, ғалымдарға қажетті қаражат бөлініп, керек құрал-саймандар алынды. Ал, академия жабылғанда соның бәрінен айырылып қалдық. Сол кезде министр болған Бақытжан Жұмағұлов «көше бойында көлік тоқтатқан МАИ қызметкеріне дейін ғылым кандидаты, ал, совхоз директоры ғылым докторы болып кетті» деп айтқаны бар. Ешқандай ғылыми еңбек жазбай, елдің маңызды бір мәселесін шешетін жаңалық ашпай ғалым атануға бола ма? Бұдан ғылым қалай дамиды, материалдық база қалай құрылады?
Бүгінгі ахуалға келсек, ғылымға қазіргі жастар қызығады, сол жағы қуантады. Баяғыда ғылым кандидаттарына қарата «ғылымның есігінен қарап тұрғандар», ал, ғылым докторларына «сол есіктен кіргендер» деп айтылушы еді. Енді сол кездегі кандидаттардың орнын бүгінде магистранттарымыз басып жатыр. Баяғыда демекші, кеңес дәуірінде қай саланы алсақ та, орталық – Мәскеу қаласына қарады ғой. Жас ғалымдар шет тілінде жазылған еңбектерді пайдалана алмады. Ал, қазір олай емес, ғалым боламын дейтін жанға барлық мүмкіндік бар.
Бірақ, шетелдік ғылыми журналдарға мақала шығару оңай емес. Оның талаптары өте қатал. Бұрын шетелдік басылымдарға тек бір ғана мақала берсе жететін еді. Бүгінде оның төрт деңгейі бар. Біздің студенттер көбіне үшінші-төртінші деңгейдегі мақаланы жазып жүр. Ал, алдыңғы деңгейге сай келетін мақаланы жазу үшін айлап емес, жылдап жұмыстануға тура келеді.
Ал, өзім еңбек ететін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Мұнай химиясы» зертханасы инженерлік бағытта жемісті жұмыс жасап келеді. Мұнда отыздай ғалым өздері ойлап тапқан ғылыми жаңалықтарға өнертабыс патентін алып үлгерген, - дейді ол.
Ғалымнан блогер көбейді
Иә, «оқу – инемен құдық қазғандай» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. Қалай болғанда да, ғылымсыз ешбір сала алға баспайтыны анық. Сондықтан ғылымды дамыту бір сәтке де толастамауы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлыынң өзі де биылғы халыққа Жолдауында шегелеп айтқан еді.
«Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деді Президент.
Алайда, соңғы кезде қоғамда ғылыми негізі жоқ алыпқашпа әңгімелермен халықтың санасын улап жүрген блогерсымақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Оларды күні кеше Президент те Мәслихат депутаттарының Республикалық форумында сынға алған болатын. Ал, Есенғали Ғилажұлы блогерлерге қай мәселені де ең алдымен ғылыми тұрғыдан зерттеп алуға кеңес береді.
– Қазір қоғам арасында қит етсе, «ауаны ластап жатыр» деп өндіріс орындарын жабу қажеттігін алға тартатын блогерлер жиіледі. Мәселен, біздегі Атырау мұнай өңдеу зауытын жабу керектігі халық арасында көп айтылады. Бірақ, оны жауып, ел экономикасын құлдыратып алғаннан не пайда? Одан да зиянын азайтып, табысын көрген тиімді. Бұл үшін жаңа технологиялар қажет. Ал, оның артында үлкен ғылыми ізденістер тұр. Айтқым келгені, елдегі маңызды мәселелерді алыпқашпа әңгімелер шеше алмайды, ол үшін нақты ғылыми жұмыстар жүргізген жөн.
Сол сияқты, елімізде жастардың бірқатары намазға жығылып, дінге бет бұрып кетті. Әрине, Құдайға сеніп, иман келтіру керек шығар, бірақ білім мен ғылым да керек қой. Егер жастардың дені діннің соңында жүрсе, ғылымды, елді кім дамытады? Мәшһүр Жүсіптің сөзі бар ғой, «Құнанбайдың баласының Құдайы қайда екенін білмеймін, ал, менікі – жүрегімде» деген. Сол секілді, Құдайға құлшылық ету үшін бастысы, шынайы ниет болса жетіп жатыр деп ойлаймын. Ал, ғылымды ел болып дамытуымыз керек. Онсыз озық елдер қатарына қосыла алмаймыз, - дейді Қазақстанның құрметті профессоры.
Ядролық физика институты алда келеді
Енді елімізде ғылымның нақты қай бағыты жақсы дамып келе жатыр десек, қазір Ядролық физика институтындағы ғалымдардың жетістіктерін шетелдік мамандардың өзі мойындап отыр. Бұның өзі – мақтануға тұрарлық жоғары жетістік. Осы орайда, Атыраудан аталған институттың филиалын ашу да ойда бар екен.
– Ғылым бір орында тұрмайды, жыл сайын қарыштап дами береді. Қазір тіпті, радиацияны емдік мақсатта да пайдалануға болатыны дәлелденіп отыр. Бұл арқылы көптеген аурулардан емделуге болатыны айтылып та, дәлелденіп те жүр. Сондай-ақ, мұнайды алатын болсақ, біз оны 450 градусқа дейін қыздырып, одан бензин, керосин секілді өзімізге қажетті заттарды аламыз. Ал, енді осының бәрін айналаны түтіндетпей арнайы трубка арқылы да алуға болады. Бұдан бөлек, елімізде қазір медицина ғылымы да жақсы дамып жатыр.
Айтпақшы, білім берудің болондық жүйесін енді түсініп жатырмыз. Бұрын балаға тапсырманы үйіп-төгіп, артынан төмен бағаны сатырлатуыш едік. Енді болондық үрдіс бойынша дәріс тек 10-15 минут қана оқылады да, қалғаны студенттердің талқысына салынады. Осылайша, студент алда өтетін дәріске дайындалып келеді. Бұрынғыдай ешкім шұбыртып лекция жазып жатпайды. Бұл да болса, жоғары білім берудегі тың әдістердің бірі деп топшылауға болады, - дейді ол.
Басты мәселе – климаттың өзгеруі
Қазір тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе – климаттың күрт өзгеруі. Алысқа бармай-ақ Атырауды алсақ, биыл көктемде өр суы арнасынан асып, Құлсары қаласын басып қалды. Бұлай боларын ауа райын болжаушылар да күтпеді. Тіпті, мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз да дайын болмады. Ғалымдар мұның артында жаһандық жылыну мәселесі жатқанын айтады. Яғни, уақыт өткен сайын күн де мөлшерден тыс ысып жатыр. Осыдан келіп, Солтүстік мұзды мұхитта мұзтаулар еруде. Ал, күннің ысуына не әсер етті? Бұған өндірістің де өз әсері бар. Себебі, одан көптеген зиянды заттар шығып, ауаға қосылады. Сондықтан өндіріс қуатын шектеп отыру керек.
– Соңғы кезде электр қуатымен немесе сутегімен қозғалатын көліктер көптеп шығарылуда. Неге? Себебі, мұнай-газ өндірісінен шығатын улы газдарды азайту керек боп жатыр. Жарық пен жылу беретін орталықтардың жұмысын да шектеу қажеттігі туындап отыр. Былайша айтқанда, әлем от жағудан бас тартуда. Өйткені, күннің ысып кетуінен қауіптенуде. Қарапайым мысал келтірсек, біз қазір көлікте жағып жүрген көмірқышқыл газы аспандағы озон қабатын тесіп өтіп, радиацияның көбірек түсуіне алып келуде. Бұдан күн ысымай қайтеді? Екіншіден, полимерден жасалған заттар әлемді жаулап алды. Біз оларды күнделікте өмірде пайдаланып келеміз. Ал, олар ұзақ уақытқа дейін ыдырамайтыны белгілі. Бұл табиғатқа ауыр зардабын тигізуде. Бұрынғы ата-бабаларымыз қандай ақылды болған десеңізші! Олар барлық масқатқа да бір дорбаны пайдаланатын еді. Одан ешкім жапа шеккен жоқ. Ал, қазіргі адамдар дорбамен жүруге ұялады ғой, - дейді құрманғазылық ғалым Есенғали Ғилажев.
Р.S. Қорыта келгенде, әңгімеміздің соңын Мемлекет басшысының: «Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек» деген сөзімен аяқтағымыз келеді.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ
ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫНАН...
«...Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды».