Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖОЛ АШҚАН ДЕКЛАРАЦИЯ

Осыдан екі жыл бұрын ұлттық мерекелер санатына еніп, қайтадан тойланғалы жатқан 25 қазан Республика күні расымен де еліміз үшін аса маңызды тарихи дата. Себебі, дәл осы күні елімізде тұңғыш рет Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Бұл декларация егемендікке есік ашқан алғашқы саяси құжат болатын.  Алайда, көпшілік декларацияның қабылданған күнін білгенімен оны кім жазғандығын, оның ішінде ел үшін маңызды қандай тармақтар болғандығын біле бермейді. Әсіресе, жерлесіміз, заң ғылымдарының докторы, академик Салық Зимановтың декларацияны жазу жолындағы ерен еңбегін білетіндер некен-саяқ. Ендеше, бүгін осынау саяси құжаттың мәні мен маңызына тоқталып,  тарихы хақында әңгімелегенді жөн көрдік.
Жерлесіміз жазған саяси құжат
Тарихқа сәл шегініс жасасақ 1990 жылы әлемнің алтыдан бірін құраған алып империя Кеңес үкіметі саяси-экономикалық мәселелерге тап болып, шаңырағы шайқала бастады. Америка құрама штаттары мен Сауд Арабиясының экономикалық қысымы ресми Мәскеуді әбден тығырыққа тіреді. Соны сәтті пайдаланған Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттер өз алдына бөлек тәуелсіз ел болуға ұмтылды. Алайда, ол үшін алдымен тәуелсіздік туралы декларация керек еді. Бұл орайда, Қазақ КСР басшылығы да декларация қабылдау керектігін ұғынып, алғашқы жұмыстарды бастап кетті. Декларацияны әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы болып заң саласының аса білгір маманы, академик, жерлесіміз Салық Зиманов бекітілді.  Аталмыш комиссия жобаны әзірлеуге бар ынтасымен кірісіп кетті. Әртүрлі елдердің қабылдаған декларациясы да басшылыққа алынып, еліміздің ұлттық ерекшеліктері де ескерілді. Нәтижесінде 17 бөлімнен тұратын саяси құжат дайын болды.  
 – Саяси құжаттың жобасы дайын болғаннан кейін комиссия төрағасы Салық Зиманов Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің сессиясында депутаттарға декларацияны таныстырды. Декларация жобасы сессияда жан-жақты қызу талқыланды. Оның әрбір бабы, керек десеңіз әрбір сөйлемі мен сөзі әртүрлі пікірталас тудырып барып, келісімге келіп, қабылданып отырды. Ол кезде депутаттық корпуста өзге ұлт өкілдерінің саны едәуір болатын. Олардың арасынан декларацияны қабылдау кезінде түрлі қитұрқы сұрақтар қойып, қарсы шығып, сөз сөйлегендер де табылды. «Декларацияның не керегі бар бізге? Біз Кеңес Одағында өмір сүріп жатырмыз. Әлде оған қарсысыңдар ма?» деген мәндегі пікірлер айтылды. «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөйлемдегі «қазақ» деген сөздерді алып тасталуын талап еткен талқылаудың өзі біраз уақытқа созылды. Тіпті қарсылық танытқандардың қатарында ұлты қазақ депутаттар да болды. Сол кезде комиссия төрағасы Салық Зиманов, қазақ тілінде де, орыс тілінде де сауатты баяндама жасап, депутаттардың қойған сұрақтарына толық жауап беріп, жетелеріне жететіндей етіп түсіндіріп отырды. Одан бөлек Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Бәйгелдиев, Өзбекәлі Жәнібеков және тағы басқа да депуттаттар қарсылық танытқандарға дәлелді жауап беріп, комиссия төрағасымен бірге декларацияны жанын сала қорғады. Қазір сол кезде егемендікке қарсы болған депутаттардың бар болғандарына көп адам сенбеуі мүмкін. Бірақ солай болды. Оны біз өз көзімізбен көрдік. Егемендікті қабылдау оңайға түскен жоқ. Сөйтіп, Егемендік туралы декла¬ра¬ция 25 қазан күні сағат 18:55-те қабылданды. Құжат қабылданған кездегі әсерді ұмыту мүмкін емес. Декларация қабылданғаннан кейін еліміздің әнұраны орындалып тұрғанда сессияға қатысушы барша депутат пен үкімет мүшелерінің көздеріне жас алғаны менің есімнен ешуақытта кетпейді. Бұл кеудемізді кернеген үлкен шаттық, тебіренгеннен шыққан көздің жасы еді, – деп еске алады сол кезде Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған Қуаныш Айтаханов. 
Нәтижесінде 261 депутат бұл құжатты қолдайтындығын білдіріп дауыс берсе, 18 депутат қарсы болып, 2 адам қалыс қалған. Бұл расымен де аса маңызды құжат болатын. Алайда, тап сол кездегі саясатқа байланысты жаһанға жар салып, айтылмады. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін барып декларацияның мән-маңызын ұғына бастадық. Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесі мен конституциялық Кеңесі өз заңдары мен қаулыларын аталмыш  құжатты басшылыққа алып шығара бастаған. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіздік Декларациясы егемен еліміздің алдағы өміріне адастырмас темірқазықтай бағыт беріп тұрды. 
Егемендікке есік ашқан...
Декларацияның бірінші тармағында Қазақ КСР-і басқа республикалармен бірге Егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде кіретіні және олармен қарым-қатынасты шартты негізде құратыны айтылды. Сонымен қатар Қазақ КСР-і егемен мемлекет ретінде тиісті одақтан еркін шығуға құқылы екені көрсетілді. Декларацияда республиканың барлық ұлттық байлығы – жері және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстары, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал Қа¬зақ КСР-нің ерекше меншiгiнде бола¬тын¬дығы және олар мемлекеттің егемен¬дiгiнiң негiзiн құрайтындығы жазылды. Сондай-ақ, аталмыш саяси құжат Қазақстанның халық¬аралық қатынастың толыққанды субъектісі ретіндегі конституциялық-құқық¬тық мәртебесін анықтады. Қазақ КСР-нің мемлекеттік билігінің респуб¬лика ішінде ғана емес, Одақтық шартта бел¬гі¬ленген шеңберде сыртқы қатынаста да үстем, дербес, толық болатындығын бекітті. Ерекше айта кететін жағдай, декларацияда өзге де құқықтық міндеттермен қатар қазақ ұлтының менталитетіне де баса көңіл бөлінді.  Бұл норманың енгізілуі жойыла бастаған қазақ тілі мен мәдениетіне деген мемлекеттің қамқорлығын көрсетеді. 
Декларация республиканың барлық азаматы үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылысты көрсетті. Экологиялық қауіптіліктің қайнар көзі болып табылатын объектілердің қызметіне және жұмысына тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидаттары енгізілді. Мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принципі жарияланды. Қазақ КСР Президенті республиканың басшысы болды және жоғары әкімшілік және атқарушы билікке ие болды. Заң шығарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырса, жоғарғы сот билігі Қазақ КСР Жоғарғы Сотына тиесілі болды. Тоқ етерін айтқанда саяси құжат егеменді қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру процесінің басталуын белгіледі және ұлттық заңнаманы құрудың негізі болды. 
Осылайша 1990 жылдың 25 қазанындағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңымен бірге 1991 жылдың 16 желтоқсанында жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін қалап, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін формальдау жолында іргелі заңнамалық акт болды. Оларда қамтылған негізгі мемлекеттік-құқықтық және қоғамдық-саяси идеялар Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылдардағы конституцияларында және Республиканың егемен мемлекет мәртебесін жүзеге асыратын заңнамалық актілерінде көрініс тапты.
Мереке қалай тойлануы керек?
Елімізде тәуелсіздік декларациясы 1990 жылдың 25 қазанында қабылданғанымен ресми мереке есебінде 1995 жылдан бастап тойлана бастады. Осылайша, 14 жыл тойланған ұлық мереке 2009 жылы ұлттық мерекелер санатынан алынып тасталды. Ал, 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайтадан тойланатын болып бекітілді. Сөйтіп араға 13 жыл салып қайта оралған мереке соңғы екі жылдан бері тойланып келеді. Алайда, бұл мереке өз мәнінде тойланып келе ме?! Әрине, қазірдің өзінде атаулы күнге орай кітапханалар мен мәдениет үйлерінде, мектептерде түрлі кездесулер, кітап көрмелері, концерттер, байқаулар ұйымдастырылуда.  Әрине, мұның бәрі дұрыс. Алайда, ұлық мерекені өз мәнінде тойлау үшін бұл жеткіліксіз. Ең бірінші – атаулы күннің маңызына үңілген дұрыс. Сол кездері декларацияны жазып, оны жан-тәнімен қорғап шыққан жерлесіміз, академик Салық Зиманов бастаған ұлт зиялыларын ұлықтаған жөн. Мысалы, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінде Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды желтоқсан құрбандары, 9 мамыр Жеңіс күнінде  соғыста ерлік көрсеткендер ұлықталады. Сол сияқты 25 қазан – Республика күнінде де декларация авторлары мен оны қорғап шыққан ұлт жанашыларының еңбегі ескерілуі тиіс. Олардың өмір деректері мен еңбектері оқушыларға таныстырылып, көзін көрген кісілермен кездесулер ұйымдастырылса мереке шырайы кіре түседі. Ал, бұл шаралардың бірі де жасалмай әдеттегідей концерт, спорттық жарыс, салтанатты жиын өте берсе Республика күнінің өзге мерекелерден айырмасы болмай қалары сөзсіз. 
Түйін 
Еліміздің Тәуелсіздік декларациясы қабылданған күн ешқашан ұмыт болмауы керек. Сол мақсатта 2022 жылдан бері Республика күні ұлттық мереке есебінде тойланып келеді. «Ештен кеш жақсы» демекші мұның өзі үлкен жеңіс. Ендігі мәселе – бұл күнді жай демалыс берілетін мереке деп санамай кейінгі жас ұрпаққа тереңінен түсіндіруіміз керек. Сонда ғана мерекенің мән-маңызы артып, тарихи датаның салмағы арта түседі. 
 
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
 
 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT