Атырауда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Департаментте есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев, департамент бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов, Кеңес төрағасының екінші орынбасары Нұрлыбек Даралиев және жеке құрам, кеңес мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, алдын алу жұмыстарының сапасын арттыру.
Кеңес отырысында қазіргі таңда жастардың әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануы есірткі қылмыстарының жаңа қауіптерін туындатып отырғаны ерекше атап өтілді. Интернет-ресурстар мен мессенджерлер арқылы жастарды жылдам әрі оңай табыс табуға қызықтырып, есірткі тасымалдау ісіне тарту фактілері кездесуде. Осыған байланысты профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, әсіресе цифрлық кеңістікте, жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығы талқыланды.
- Есірткі қылмысына қарсы күрес – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Қазіргі жағдайда қоғам болып бірлесіп әрекет етпейінше, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әсіресе жастарды қорғау, олардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеу – баршамызға ортақ міндет, — деді департамент бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов.
Айта кетейік, Кеңес мүшелері тарапынан 2025 жылы 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған. Кезекті отырыс барысында кеңестің атқарған жұмысына талдау жасалды.
Жиын соңында аймақта есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған жаңа бастамалар мен жастарға арналған ақпараттық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Аман ШАМАР



