Ел болашағының баянды болуы – сол елдің білім жүйесінің сапасы мен ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Бүгінде елімізде іске асып жатқан конституциялық реформалар қоғам дамуының жаңа белесін айқындап берді.
Атап айтқанда, Конституцияның жаңа жобасының 33-бабында мемлекеттің білім саласындағы жауапкершілігі нақты көрсетілген. Онда әрбір азаматтың тегін орта білім алуға құқығы мен бұл білімнің міндеттілігі айқын жазылған. Бұл кез келген баланың, оның әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуына мемлекет тарапынан берілген мызғымас кепілдік. Сонымен қатар, азаматтарымыздың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін білім алу құқығының сақталуы дарынды жастардың өз әлеуетін іске асыруына даңғыл жол ашады. Бұл нормалар білімнің тек жеке тұлғаның игілігі емес, жалпыұлттық құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мемлекетіміздің өзін құқықтық әрі зайырлы деп тануы және білімгі баса мән беруі біз сияқты педагогтар қауымы үшін де зор маңызға ие. Осы ретте, жаңа өзгерістер еніп жатқан конституциялық өзгерістерді толықтай қолдаймын. Білімге басымдық берген мемлекеттің болашағы әрқашан жарқын болмақ. Біздің ортақ мақсатымыз – осы құқықтық негіздерге сүйене отырып, білімді әрі парасатты ұлт қалыптастыру. Жаңаланған Конституция — бұл әділетті Қазақстанның және сапалы білімнің алтын діңгегі. Осы ұлы істе бірлесе еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне үлес қосу баршамыздың азаматтық парызымыз.
Айзада СЕРҒАЛИЕВА,
«Нұр-шуақ» бөбекжай бақшасының педагогы



