Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін дамытуды ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Өңдеу өнеркәсібінің қазіргі өсу қарқыны экономиканы толыққанды әртараптандыру үшін жеткіліксіз. Бұған қажетті серпін беру мақсатында өңдеуші кәсіпорындардың дамуын ынталандыратын жобалар жүзеге асырылуда, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша қаржыландыру тетіктері арқылы металлургия, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.
Салалық министрліктерге әрі қарай өңдеуге бағытталған өндіріс орындарын ашу мәселелерін алдын ала жан-жақты пысықтау міндеті қойылды. Жалпы алғанда, өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды, тағы осынша нысанның құрылысы аяқталуға жақын, — деп атап өтті Премьер-министр.
Өңдеу саласына келетін инвестиция көлемінің тұрақты өсуі үшін экономиканы шикізатпен қамтамасыз ету маңызды, соған байланысты геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Премьер-министр 2025 жылы 1:50 000 масштабтағы геологиялық картаны әзірлеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Ол қазір пайдаланылып жүрген кеңестік кезеңде жасалған 1:200 000 масштабтағы картаның орнына қолданылатын болады.
Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда мемлекет тарапынан геологиялық барлау жұмыстарына шамамен $500 млн инвестиция салынатын болады. Салыстыру үшін айта кетсек, соңғы 30 жылда бұл салаға барлығы $760 млн жұмсалған. Нәтижесінде перспективасы жоғары учаскелерде сейсмикалық сынақтардан бастап аэрогеофизикалық зерттеулерге дейін барлығы 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі. Кейін әр жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырым аумақта барлау жұмыстары жүргізілетін болады.
Шикізат базасын ұлғайту мақсатында мемлекет қаржысынан бөлек, геологиялық барлауға жеке инвестициялар да тартылуда. 2023 жылдан бері оның көлемі $500 млн-нан асты.



