Биыл өңірде жеті айда 123 жол-көлік оқиғасы бойынша еурохаттама толтырылды Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасына ұшыраған азаматтар полицияның көмегінсіз сотқа жеткізбей, «Еурохаттама» (Европротокол) мобильді қосымшасы арқылы сақтандыруды рәсімдеуде. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет мәлім етті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сақтандыруды оңайлатылған тәртіппен ресімдеу үшін үш міндетті шарт бар. Яғни, ЖКО-ға тек екі көлік құралы ғана қатысқан жағдайда рұқсат етіледі. Сонымен қатар жүргізушілерде қолданыстағы сақтандырудың болуы және келіспеушіліктер мен апат салдарынан зардап шеккендер болмауы тиіс. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы жол көлік оқиғасына ұшыраған екі жүргізушіде 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын зақымдану болғанда ғана онлайн түрде өтініш бере алады. М.Ердәулеттің айтуынша, жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін мобилді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын жүктеп, тіркеліп және оқиға материалдарының фото мен бейнесін салу керек. Бағдарламаны қолдану кезінде қиындық туындаса, жүргізушілер жақын жердегі полиция бөлімшесіне жүгіне алады. Олар қосымшаны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.
-Оның мынадай артықшылықтары бар, азаматтарға ұсақ жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін полицияны күту қажеттілігі болмайды. Бұл дегеніміз – жолда көлік кептелісі төмендейді. Жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Әкімшілік және сот рәсімдерінің болмауына байланысты сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Дәлірек айтса, егер бұрын осының бәрі 30 күннен 90 күнге дейін уақыт алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға 5 күн уақыт ғана кетеді,- деді М.Ердәулет.