Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ӘУЛЕТ

Бүгінде ұл-қызына ризық-несібе тек адал еңбекпен келетіндігін айтып, соңынан ерген кейінгі жас буынды да өздері жүрген ізбен тәрбиелеп келе жатқан өнегелі отбасылар кім-кімге де болсын үлгі. Міне, сондай үлгілі отбасылардың бірі -  жамансорлық Қошбағанбетовтар әулеті.

Отағасы Серік Қошбағанбетовтың айтуынша бұл әулет атасынан бастап түгелдей мұнайшылар. Оның атасы Қошбағанбет еліміздегі ең қарт мұнайшылардың бірі. 1892 жылы туған  Қошбағанбет ақасақал соғыс жылдарында «Сағыз» кен алаңында дәнекерлеуші болып жұмыс жасап,  тылда ерен еңбек сіңіріп,  жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Ал, оның баласы Жексенғали да сол кен орнында ұңғыларды жер асты зерттеу операторы болған. Кейіннен «Комсомол», «Қошқар», «Байшонас» кен орындарында есеп бөлімінде жұмыс жасап, зейнеткерлікке  шығады. Ата жолын жалғап, әке жолын қууды көздеген Серік Жексенғалиұлы болса еңбек жолын 1967 жылы «Байшонас» кен алаңында оператор болып бастайды.  Кейіннен Отан алдындағы борышын өтеп келген ол 1970 жылы Гурьев политехникалық колледжіне оқуға түсіп, мұнайшы мамандығын алып шығады. Сөйтіп, «Байшонас», «Қарсақ» кен орындарында оператор болып жасап жүріп, 1998 жылы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты еңбек бөлімінің инженері болып жұмысқа орналасады. Аталмыш басқармада әр  жылдары кадр бөлімінің, техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.  2014 жылы кәсіподақ ұйымының төрағасы болып зейнет демалысына шықты. Айтпақшы кейіпкеріміздің өзі ғана емес өмірлік серігі Сәуле де мұнайшы. Ол «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты басқармаларда  әртүрлі мамандықтарда жұмыс жасап, бүгінде отағасы екеуі бейнеттің зейнетін көріп отыр. Мұнайшы ата мен әже  бүгінде екі ұл, бір қызынан бес немере, бір жиен сүйіп, балалардың қызығына кенелуде.

 – Саналы ғұмырымның қырық бес жылында осы мұнай саласында жұмыс жасадым. Оған түрткі болған әкем мен атамның салған сара жолы. Әрине, біз жұмыс жасаған жылдары қазіргідей автоматты қондырғылар мен заманауи техинкалар жоқ. Барлық жұмыс қолмен жасалады. Соған қарамастан өз таңдаған мамандығымызды сүйіп жасадық. Оңай ештеңе жоқ. Барлығы да адал еңбек, маңдай термен келді. Бүгінде жұбайым екеуміз құрметті демалыстамыз. Қазір ел экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан кейінгі мұнайшылардың жасаған жұмысына сүйсіне қарап, сыртынан тілекші болып отырамыз, - дейді Серік Қошбағанбетов. 

Бір қызығы мұнайшылықты ата кәсіпке айналдырған кейіпкеріміздің артынан ерген ұрпақтары мен бауырлары да осы саланы таңдап, бүгінде «қара алтын» өндіруде ерен еңбек сіңіріп келеді. Мәселен, үлкен ұлы Қуаныш Қошбағанбетов «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында механика бөлімінің басшысы болса, кіші ұлы Аманқос та аталмыш басқармада ұңғыларды зерттеу операторы. Сонымен қатар кейіпкеріміздің Алтын атты қарындасы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында геолог болып жұмыс жасаса, туған інісі Сырым Қошбағанбетов «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында мамандандырылған көлік жүргізушісі. Сол сияқты  Амандық, Қуандық, Берік атты бауырлары да осы басқармада мұнайшы. Қысқаша айтқанда Қошбағанбетовтер әулеті мұнай мен газ игеру саласында ата дәстүрден айнымай келе жатқан бірден бір әулет. Бүгінде осы әулеттің жалпы еңбек өтілі  418 жыл. Елімізде өндіріс саласында дәл осылай ұрпақ сабақтастығын сақтап келе жатқан әулет кемде кем шығар. Ендеше еңбегімен көпке үлгілі болып отырған мұнайшылар отбасына тек  қана сәттілік тілейміз. 


Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT