Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕЛ БОП КҮРЕСІП, БІРГЕ ЕҢСЕРЕМІЗ!

Коронавирус. Дүйім дүниеге таралып үлгерген індет Қазақстанды айналып өткен жоқ. Еңсемізді түсіріп, ауру дендеген уақытта ақ халатты абзал жандарға үлкен жауапкершілік түсті.

Бұған қоса, пандемияның ел көлемінде таралуына тосқауыл қою үшін президент Қ.Тоқаев төтенше жағдай жариялап, жан-жақтан қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бүгінде бұл індетті сейілгеніне ел болып қуанып отырмыз. Десек те, әлі де қуануға ерте. Өйткені, пандемия толық жойылған жоқ. Сондықтан, әлі де сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Осы тұста, тағы бір айта кетерлігі, ел президентінің «Біз біргеміз. Бұл қиындықты ел болып, қоғам болып еңсереміз» деген үндеуіне тоқталғым келеді.

Иә, қазақ халқының басынан небір қиындықтар, зұлмат жылдар, қанды соғыстар да өтті. Оның барлығын қазақ халқының қайсарлығының арқасында еңсерілді. Еліміздегі дүрбелең басталғаннан халықты ақпараттандыруға бұқаралық ақпарат құралдары да сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ, өскелең, жаңашыл жастардың қайырымдылық шараларын өткізіп, ерікті жастардың ауруханаларда науқастарды жеткізуге аянбай еңбек еткеніне куәміз. Оған дәлел өзімде осынау індеттің кесірінен ауырып, емделіп, бүгінде балаларыма қауыштым. Сондықтан, бұл тұста дәрігерлердің еңбегін ешкім жоққа шығара қоймас.

Қазіргі таңда, коронавирус індетіне шалдыққан науқастардың азайып, күрт төмендеуі әсерінен ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Олардың айтуынша, Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендетіліп, вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін төмендеген. Ал, сауығып шыққан адамдар саны 76 пайызға жетті. Репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсек орындарының жүктемесі 26 пайызды құрайды.

Сондай-ақ, 17 тамыздан бастап барлық өңірде сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар, бассейні жоқ фитнес орталықтары, бассейні жоқ моншалар мен сауналар, балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, ашық ауадағы аттракциондар ашылады. Алайда, жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80 пайызы үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылады. Осы тәрізді, ең бастысы әлі де қауіпсіздік шарасына бей жай қарамауымыз қажет.

Мұны да нақты шегелеп айтқан ҚР Премьер-министр Асқар Мамин:

«Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады. Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адам үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастау қажет», - деді.

Ендеше, індеттің толықтай жойылып, ең керемет күндердің алда екендігіне сенім артып, ендігі уақытта тағы бірге еңсереміз деген ойдамын.

Мақсот КАРИН,

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521