Сарапшы өз пайымын өзі Үкімет мүшесі болып жұмыс істеген кезбен байланыстырып түсіндірді.
— Біз кезінде жеке кәсіпкерлердің жұмысын заңдастырғанда бірнеше миллион өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болды. Олардың не істеп жүргенін білмедік. Сондықтан жұмыстарын заңдастыру үшін «жеке кәсіпкерлік» деген ұғымды енгізіп, мейлінше жағдай жасадық. Табысынан 3 пайыз салық төлесе, заңды бизнес субъектісі болып есептеледі дедік.
Өкінішке қарай, қазір 2,4 млн жеке кәсіпкердің 400 мыңға жетер-жетпесі ғана салық төлейді. Қалған 2 миллионнан астамы төлемейді. Олардың ішінде табысы барлар көп қой. Қазір заң жүзінде соларға берілетін үлкен жеңілдікті үлкен кәсіпорындар да пайдаланып жүр, — деді ол Мәжілісте дөңгелек үстел кулуарында.
Экономист елдегі алпауыт компаниялар өзіне қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлерге берілген салық жеңілдіктерін өз салығынан жалтаруға пайдалануы мүмкін екенін айты.
— Біздегі ең үлкен проблема мынада. Бизнес субъектілерінің бір тобына үлкен жеңілдік берсек, қалған субъектілер де сол жеңілдікті пайдаланудың жолын іздейді. Оның мүмкіндіктері өте көп. Қазір Қазақстандағы ең үлкен компаниялардың айналасында солармен жұмыс істеп жүрген мыңдаған жеке кәсіпкер бар. Сол кәсіпкерлерге аударады, олар 3 пайыз салық төлейді. Тіпті төлемеуі де мүмкін. Осылайша ана ақшаның бәрін ешқандай салықсыз пайдалануға болады. Сондықтан осы мәселені реттеу керек. Мен өз сөзімде кейбір бизнес өкілдеріне салық төлемеуге өзіміз жағдай жасап қойғанымызды айттым. Өйткені жеке кәсіпкерлерге қазір ешқандай міндеттеме жоқ. Миллиондаған табыс тауып жатуы мүмкін. Бірақ бір тиынын да мемлекетпен бөліспейді. Оның бәрі осы мемлекеттегі жасалып жатқан игіліктің бәрін көріп отыр, — деді Жақсыбек Құлекеев.
Еске салсақ, 20 ақпанда Мәжіліске Салық кодексінің түзетілген жобасы енгізілген еді. Бүгін сол құжатты пысықтайтын Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісті.
Кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі түзетулер мыналар:
➤ Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету — 20 000 МРП (78,6 млн теңге) 3 800 МРП (15 млн теңге) дейін;
➤ Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру — 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
➤ Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу — тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.