Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Экологиялық сананы көтеруді көздейді

Өткен жылы мемлекет басшысы қасым-жомарт тоқаевтың бастамасымен «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» жалпыұлттық экологиялық акциясы бастау алғаны мәлім. Республика көлемінде қолдау тапқан кең ауқымды шараға қоғамның барлық өкілдері, әсіресе, жастар жағы жаппай атсалысты. Жай ғана тазалық жұмыстарын жүргізуді ғана емес, халық арасында жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы аясында «ТАЗА ҚАЛА», «ТАЗА АЙМАҚ», «ТАЗА ЖАҒАЛАУ», «ҚАЛАҒА АҒАШ», «МӨЛДІР БҰЛАҚ», «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰСТАР КҮНІ», «ЖЕР САҒАТЫ» және басқа да шаралар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар ауданымызда да жалғасын тауып келеді.

Жаппай халықтық қолдаудың нәтижесінде эко-науқан жаңа қарқынмен жалғасын тауып, аула мен көшелер тазарып, тонна-тонна қоқыстар шығарылуда. Апта сайын өткізілген сенбіліктерде тұрмыстық қалдықтар, пластик және өзге де қоқыс түрлері полигондарға шығарылып, бұрынғы бей-берекет шашылған қоқыс үйінділері жойылып жатыр. Биылғы жылы 5 сәуір - 17 мамыр және 6 кыркүйек - 4 қазан аралығы санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру айлығы болып жарияланған болатын. Оны өткізу жөнінде 32 пункттен тұратын іс-шара жоспары жасақталып, барлық ауылдық округтерге орындау үшін жолданды. «Таза аудан», «Таза өлке» акциялары аясында көктемгі санитарлық тазалық айлығы кезінде сәуір айының 5-нен мамыр айының 17-не дейін 6 сенбілік өтізіліп және күз мезгілінде қыркүйек айының 9-нан қазан айының 4-не дейн 4 сенбілік өткізу жоспарланған. Ауылдық округ әкімдігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес мекемелер аймақтарға бөлініп, ондағы иесіз жатырған қатты тұрмыстық қалдықтар, бүлінген аймақтарды қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Жыл басынан бері аудан көлемінде өткізілген сенбіліктерге барлық ауылдық округтер мен дербес бөлімдердің қызметкерлері, сондай-ақ тұрғындары шығып, аумақтарды тазалауға және ағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты. Оның ішінде 75 мекеме, 1780 адам, 26 арнайы техника қатынаса отырып, 50 тонна қалдық полигондарға шығарылып отыр. Жазғы сенбіліктер мен тазалық акциялары кезінде «Жасыл ел» жастар жасағы, ауылдық округтер мен дербес бөлім қызметкерлерімен бірлесе отырып аумақтарды тазалаған болатын. Оның ішінде 25 мекеме, 1280-ге жуық адам, 18 арнайы техника қатысып, 25 тоннаға жуық қоқыс жиналып, аумақтар тазартылып, ағаш егу жұмыстары да жүзеге асты. Сонымен қатар 19 сәуірде «Өз ағашыңды отырғыз», 26 сәуірде «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциялары аясында саябақтарға жасыл желектер отырғызу жұмыстары жүргізілді. «Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған Өңірлік жоспарына» сәйкес ағымдағы жылы ауданымызда 14 325 түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Осы мақсатта мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, ЖК «AlMali»-мен 3 716,0 мың теңгеге келісім шарт жасақталып 10,0 мың түп оның ішінде шегіршін, үйеңкі және шаған ағаштарының көшеттері сатып алынды. Қазіргі уақытта олардың барлығы ауылдық округтерге тараталып, сенбіліктерде аталған акциялар аясында толықтай отырғызылды. Жоспар бойынша қалған 4 325 түп ағаш көшеттері күзгі тазалық айлығы кезінде отырғызылатын болады. 2025 жылы қоршаған ортаға қатысты тәртіп бұзушыларға айыппұл салу, заңдық жауапкершілік тартқызу сияқты механизмдер де іске қосылып, акцияның әсері тек ерікті тазалаумен шектелмей, жүйелі экологиялық бақылаумен ұштаса түсті. Аудандық полиция бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенетін болсақ, жыл басынан бері тазалықты бұзу фактілері бойынша 390 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Жергілікті әкімдік учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейдтік шараларын жүргізіп келеді. Соңғы кезде тұрғындар тарапынан да белсенділік артып, тазалыққа қатысты құқық бұзушылықтар туралы арнайы іске қосылған чат-ботқа хабарланып отырады. Екі жыл бұрын іске қосылған @ TazaQazBot Telegram-чатына халық тарапынан 15 мыңнан астам өтінім түсіп, оның 90 пайыздан астамы негізінде шара қолданылған екен.

Бұл азаматтардың экологиялық тұрғыдағы белсенділігін арттырып, билікпен бірге қоғамдық бақылау жүргізудің тиімді құралына айналды. Президент өз сұхбатында: «Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді» деп, бұл бастаманың әлеуметтік маңызды мәніне тоқталды. Соынмен қатар, Президент тарапынан әкімдерге тікелей міндет жүктеліп, олар жергілікті деңгейде «Таза Қазақстанның» сапалы жүзеге асуына тікелей жауапты болды. Ол өз сөзінде әкімдердің тек шаруашылықты емес, халықтың рухани-мәдени мәселелерін де назарда ұстап, жұртшылықпен тығыз жұмыс істеуі керектігін айта келе, сонда ғана «ел үшін пайдалы іске жұрт жұмыла кіріседі» деген болатын. Бұл тұста билік өкілдері «Таза Қазақстанды» жаңа қоғамдық руханияттың көрінісі ретінде бағалап, оны тұрақты дәстүрге айналдыруға күш салуда. Акцияға эко-белсенділер мен еріктілердің бастамалары ерекше серпін бергенін айта кетуіміз керек. Олар әлеуметтік желілерде түрлі челлендждер ұйымдастырумен қатар, қоқыс жинау бейнероликтерін таратып, мектептерде эко-сабақтар өткізу сияқты пайдалы шараларды тұрақты жүзеге асырды. «Жасыл ел» жасақтары, студенттік ұйымдар, кәсіпорын жұмысшылары бәрі бірігіп, бұл ұлт руханиятындағы ерекше үрдіске айналған қозғалысқа өз үлестерін қосып келеді. Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясына бүкіл ел бойынша 3,8 миллионға жуық адам қатысқан екен. Миллиондаған азаматтың ерікті түрде қолына күрек алып, туған жерді тазартуға атсалысуы – экологиялық белсенділігінің айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұрынғыдай емес, қазір адамдар айналасының тазалығына немқұрайлы қарамауға тырысып, керісінше, басқаларды тазалық сақтауға шақыратын деңгейге жетті. Қоқысты бөлек жинау бастамалары пайда болып, пластикті қайта өңдеуге өткізу, ағаш отырғызу сияқты пайдалы әдеттер қалыптасты. Экологиялық сана-сезімнің жаңғыруының көрінісі деген осы емес пе?

Иә, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау – әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Экологиялық жағдайды түбегейлі жақсарту үшін мемлекет пен халық бірігіп, жүйелі түрде әрекет етуі қажет. Осы ретте қатарынан екінші жылға жалғасын тауып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» акциясы – бүкіл қоғамды ортақ іске жұмылдырып, Қазақстанның табиғаты мен болашағына деген жауапкершілік сезімін күшейтті десек артық айтқандық болмас.                              

Б. САПАРОВА
Махамбет ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT