Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еңбек – қадірлі құндылық

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы ел болашағының бағыт-бағдарын айқындап берді.

Президенттің бұл Жолдауы елдің саяси жүйесінің тиімділігін арттырумен қатар, экономикалық тұрақтылық пен даму мәселелеріне ерекше назар аударып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған негізгі бағыттарды көрсетті. Жолдауды халыққа түсіндіру және оның маңыздылығын арттыру мақсатында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы Жылыой ауданының білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен кездесу өткізді.

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметінің хабарлауынша, баяндамашы Жолдауда көтерілген негізгі мәселелерді, оның ішінде елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуына басымдық берілгенін ерекше атап өтті.

-Президент Тоқаевтың «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі» деген пікірі қоғамда еңбекке деген құрметтің артуы қажеттігін көрсетеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде еңбек адамына деген сый-құрметтің төмендеуі байқалғаны рас. Осыған байланысты мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау арқылы еңбекке деген көзқарасты жаңғыртуға шақырып отыр. Бұл бастама тек ел экономикасының дамуына емес, сонымен қатар, қоғамдағы әрбір еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған, — деді Қ.Сүндетұлы.

Сондай-ақ спикер білім беру мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті атап өтті. Әсіресе, кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестік пен еңбек құқықтарын қорғаудағы рөліне ерекше мән берілді.

Сонымен қатар, жиында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің заңгері Юлия Айбосынова еңбек дауларын шешудегі келісу комиссияларының қызметі туралы баяндама жасады. Комиссиялардың рөлі мен олардың еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешудегі маңыздылығы айтылып, комиссия мүшелеріне көрсетілетін құқықтық көмек туралы кеңінен түсініктеме берілді.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, толғандырған сұрақтарға толық жауап берілді. Бұл жиын еңбек құндылықтарын насихаттауға, қоғамдағы әр адамның еңбегін қадірлеуге, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының рөлін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT