Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Далада жатқан ақша жоқ

Жуырда Үкімет отырысында  осы жылдың 9 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Расында, бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатына сай және уақытылы игерілуі елдің экономикалық дамуына ықпал етеді. Осы орайда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында облыстың қаржыгерлеріне арналған семинар-кеңес өтті. Маңызды мәселелер талқыланған басқосуды Атырау облысы бойынша қазынашылық департаменті ұйымдастырды.

Бюджет тиімді игерілуі тиіс

Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің қатысуымен өткен басқосуға Атырау облысы бойынша қазынашылық департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды тұлғалары, мекеме басшылары мен есепшілері қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, Атырау өңірінде ірі кәсіпорындар орналасқан. Облыста 9 айдың есебі бойынша тауар айналымы 5 триллион теңгеден асты. Мемлекет қазынасы салық түсімдерінен құралатыны белгілі. Жылдың аяқталуына санаулы айлар қалды. Ендеше, бюджет қаражатының игерілуіне жауапты мамандар тиісті шаралар қабылдап, межеленген жоспардың орындалуын қамтамасыз ету керек, — деген Марат Бисенғалиұлы қаржының уақытында игерілуі жоспарлаудан басталатынына маңыз берді.

Қазына қаржысы қадағаланады

Семинарда Атырау облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы  Кенжетай Тайшықов «мемлекеттік және жергілікті атқарушы орындар жылдың соңына дейін барлық ресурстарды экономиканың сапалы өсуіне жұмылдыруы керек» деді. Сондай-ақ  бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануын және ықтимал бұзушылықтарға жол бермеуін, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да еске салды.

– Қаржы жылының аяқталуы және 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша жұмыстардың басталуы қарсаңында мемлекеттік бюджетті атқару кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларға ерекше назар аударылатын болады. Жылдың соңғы айларында мемлекеттік қаражатты пайдалану кезіндегі бұзушылықтар мен мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін барлық бюджет шығыстарының мониторингін күшейту жоспарлануда. Бұл алдағы жылдарға арналған бюджетті әзірлеу кезінде ескеру қажет сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік береді, — деп нақтылады басшы.

Ал, Атырау облысы бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Айнұр Сеитова 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 738 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетілгеніне тоқталды.

– Оның ішінде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 50 мекемеге, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 530 мекеме, жергілікті өзін-өзі басқару бойынша – 68, сонымен қатар, квазимемлекеттік сектордың 7 субъектісіне және қазынашылық сүйемелдеу бойынша 83 шотқа қызмет көрсетіледі, — деді ол.

Әрине, мемлекет қазынасындағы әр тиынның орынды жұмсалуы қырағы бақыланады. Қазынашылық барлық деңгейде бюджеттік рәсімдердің орындалуын бақылай отырып, мемлекеттік қаржыны жедел басқару үшін ақпараттық негіз болып табылады. Осы жылдың 9 айы бойынша 347 мың құжат қабылданып, 328 мың құжат орындалған және 19 300 құжаттың қателері анықталып қайтарылған.

Мамандар «тексеру барысында анықталған әрбір қаржылық бұзушылық  сыбайлас жемқорлыққа әкеледі деуге болмайды. Дегенмен, қазынашылықта қаржылық және бюджеттік тәртіпті сақтау қадағаланады» деп тұжырымдайды.

Білім саласында былық бар ма?

2023-2024 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның аумақтық департаменттері білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Ол әр салада жеке дара өзіндік сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға мүмкіндік беретін схемалардың бар екендігін көрсетті. Бұл туралы Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин айтып берді.

– Білім беру саласы бойынша: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың тамыз айынан бастап Үкімет мұғалімдердің айлығын 2 есеге көтеру жұмыстарын бастаған болатын. Сәйкесінше, мұғалімдердің жалақысының өсуі соңғы 4 жыл ішінде жыл сайын біртіндеп, 25%-дан өсті. Дейтұрғанмен, қаржы ресурстарының ұлғаюы орта білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өсуіне ықпал етті. Білім беру саласында жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, тәуекелдер бюджет қаражатын жоспарлау, игеру кезінде, еңбекақы төлеу қорының қаражатын жымқыру, іс жүзінде жұмыс жасамайтын адамдарды штатқа тіркеп, заңсыз жалақы аудару деректері, сондай-ақ, жалған дипломдарды пайдалану арқылы негізсіз жұмысқа орналасу тәуекелдері анықталды. Талдау қорытындысымен Атырау облысы бойынша 90 млн. теңге көлемінде қаржылық тәуекел анықталып, 1 қылмыстық іс қозғалып, 7 млн. теңге көлеміндегі қаражат бюджетке кері қайтарылды.

Жымқыру фактілерінің басым бөлігі – бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерінің автоматтандырылмауы, бухгалтерлік есеп жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлар арасындағы интеграциялаудың болмауы салдарынан орын алғандығын көрсетті («НОБД», «Қазынашылық-клиент», «Enbek.kz»), — деді спикер.

Сондай-ақ, бухгалтерлік есеп жүйесінен жүктеп алынатын «swift-файл» форматындағы құжаттарды өзгерту мүмкіндігінің болуы салдарынан «Қазынашылық-клиент» жүйесіне қате ақпараттар жүктеліп отырған.

Білім беру саласы бойынша 9 жемқорлық тәуекелдері анықталып, оларды жою жөнінде 12 ұсыным берілді.

Семинарға қатысқан Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мәулен Мутиев қаржы саласындағы жұмыстар күн тәртібінен түспейтінін айтты.  Басшы бюджет қаражатын мақсатты, негізді пайдалану үшін жағдай жасайтын нормалар мен талаптарды орындау, мемлекеттік қаржының неғұрлым ашық және тиімді жұмсалуы қамтамасыз етілетініне маңыз берді.

Жиында белгілі болғанындай, қаржының толыққанды игерілмеуіне себеп көп екен. Атап айтқанда, жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі, кестеден кешігушілік, мемлекеттік сатып алу мен тіркеу жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалмауы қолбайлау болуы мүмкін.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT