Атырауда “Менің елім, менің жерім…” атты суретшілердің республикалық симпозиумы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Республика күніне арналған іс-шараға Атыраудан және еліміздің өзге өңірлерінен келген 15 суретші қатысты. Олардың арасында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері мен мәдениет саласының үздіктері бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.Қылқалам шеберлері қазанның 20-23 аралығында студиялық шеберханада жасалған эскиздік жұмыстарды кенеп бетіне түсіріп, композиция жасады. Осылайша Ш.Сариев атындағы облыстық өнер музейінің алтын қоры “Менің елім, менің жерім…” тақырыбындағы 15 жаңа туындымен толықты.
- Шығармалар композициясын кенеп бетіне түсіріп, оны Алматыдағы өнертанушыға жіберіп бекіттік. Кейін үйде жұмыс жасап, Атырау қаласындағы студияда картиналарды аяқтадық,- деді Орал қаласы Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Қуандық Мәдіров.
Қатысушыларға арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сәуле МАҒАУ