Азаматтардың БЖЗҚ бөлімшелеріне өздері келіп өтініш білдіруін талап етпейтін электрондық қызметтер еліміз бойынша барынша танымал болуда. Олар қол жетімді әрі ыңғайлы. Көптеген салымшылар осы қызмет түрлерін enpf.kz. сайтындағы Жеке кабинетте немесе ұялы қосымшада 24/7 режимінде пайдалануды жөн көреді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап үш ай ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшылары мен алушыларына шамамен 6,8 млн қызмет көрсетті. Азаматтар бұл қызметтердің 68% (4,6 млн) электрондық форматта, 24,8% (1,7 млн) - автоматты түрде, 2,51% (170,5 мың) – қашықтан ақыл-кеңес түрінде алуды жөн көрген. Осылайша, зейнетақы қызметтерінің шамамен 95% қашықтан алуға болады.
2023 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша ең көп сұранысқа ие қызмет – жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жай-күйі туралы ақпарат алу болып қала береді. ЖЗШ - дан 6,3 млн-нан астам үзінді көшірме (жүргізілген операциялардың барлық көлемінің 92,71%) 2023 жылғы қаңтар-наурыз аралығында берілді. Оның ішінде 4,6 млн (үзінді көшірмелердің жалпы көлемінің 73% астамы) электрондық форматта: enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет немесе ұялы қосымша сондай-ақ, egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы алынған. 1,5 млн-нан астам үзінді көшірме (үзінді көшірмелердің жалпы көлемінің 24% астамы) БЖЗҚ дерекқорында көрсетілген электрондық пошта арқылы хабарлау тәсілін таңдаған салымшылар мен алушыларға автоматты режимде жіберілді.
Жыл басынан бері есепті күнге дейін деректемелерді өзгерту бойынша 90,6 мыңнан астам өтініш өңделіпті.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетте өз жинақтары туралы мәліметтерді алумен қатар, салымшылар хабарлау тәсілін таңдауға, жеке деректемелерін өзгертуге, жинақтар туралы хабарлау тәсілін таңдауға, жинақтардың бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аударуға, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеуді және т. б. жүзеге асыра алады.
Жеке тұлғаның БЖЗҚ-да ашылған ЖЗШ болмаған жағдайда, ол алғашқы жарна түскен кезде Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Жыл басынан бері автоматты режимде жарналардың барлық түрлері бойынша 76,62 мың ЖЗШ ашылған.
Қашықтан көрсетілетін қызметтердің танымалдығының артуына қарамастан, кейбір салымшылар Қор мамандарына өздері келіп жүгінуді жөн көреді. Осылайша, салымшылар мен алушыларға Қазақстан бойынша БЖЗҚ бөлімшелерінде жүзбе-жүз қызмет көрсету үдерісі бойынша жыл басынан бері 3 айда 354,6 мыңнан астам (қызметтердің жалпы көлемінің 5,21%) қызмет ұсынылды. Оның ішінде 303,3 мың қызмет тікелей Қордың қызмет көрсету кеңселерінде іске асырылған.
БЖЗҚ-ның барып қызмет көрсету бөлімдері – мобильді агенттер мен мобильді кеңсе экипаждары 49,3 мыңға жуық қызмет көрсетті. Барып қызмет көрсету барысында негізгі қызметтен басқа, кәсіпорындар қызметкерлерімен кездесу барысында Қордың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Осы ретте жыл басынан бері кәсіпорындар мен ұйымдарда 155 мыңнан астам адам қатысқан 7,1 мың таныстырылым өткізілді.
БЖЗҚ салымшылары мен алушылары үшін кеңес беру қызметтерін әрдайым сапалы көрсетуге және ақпараттық арналарды дамытуға ерекше назар аударады. 2023 жылдың 1 сәуіріне әртүрлі кері байланыс арналары арқылы алынған 170,5 мыңнан астам өтініш өңделді.
БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 1418 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары), 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығы (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайты, сондай-ақ, БЖЗҚ-ның Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы алуға болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).