2024 жылы Атырау облысына Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түрікменстан ,Украина, Тәжікстан мен Түркия елінен көшіп келген 232 отбасы немесе 286 этникалық қазақ «Қандас» мәртебесін алды , - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Былтыр Мансап орталықтарына 25 қандас жұмыссыз ретінде тіркелген. Бүгінде оның оны тұрақты жұмыспен қамтылып, біреуі әлеуметтік жұмыс орнына және бір азамат ақылы қоғамдық қызметке орналасты. Сонымен қатар тағы бір адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде білім алды.
-Қазақстанға көшіп келуге ниет білдіргендердің ұлтының қазақ екенін растайтын құжаты болмаған жағдайда оны айқындау бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Кейін жергілікті атқарушы орган комиссиясының ұсынысы негізінде «Қандас» мәртебесін беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылданады. Облыста қандастарды уақытша орналастыру орталығы жұмыс істейді, қазір орталықта қандас тіркелмеген. Тұрғын үй кезегінде 41 қандас тіркеуде тұр, - деді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.
Айта кетейік, этникалық казақтарға «Қандас» мәртебесін тағайындау және ұзарту туралы өтініштер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «migration.gov.kz» порталы арқылы қабылданады.