Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар және еңбек ахуалының жай-күйі бойынша жиын өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен өңірдегі бірқатар компанияның өкілдері қатысты. Атырау облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығының басшысы Қайрат Умаровтың сөзінше, жұмыссыздықты азайту және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту күн тәртібінен түспеген мәселе.
- Күні бүгінде қала мен аудандардағы мансап орталықтарына 2507 адам жұмыспен қамту мәселесіне байланысты хабарласып, оның 2143-і қолдау шараларымен қамтылды. 1282 адам жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алса, 861 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек «Теңізшевройл» ЖШС-нің мәліметі бойынша биыл «Келешек кеңею» жобасында құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты Атырау облысынан 4 мыңнан астам адам жұмыстан босатылды. Дегенмен «Теңізшевройл» ЖШС – нің қолдауымен қайта даярлау курстары ұйыдастырылып, 225 адам 6 мамандық бойынша білім алды. Қазіргі уақытта облыс бойынша жұмыссыздар есебінде 1188 инженерлік-техникалық қызметкер тіркелген, - деді Қ.Умаров.
Сонымен қатар ол, жұмыспен қамту мақсатында 2025-2029 жылдар аралығында облыс бойынша жүзеге асатын инвестициялық жобаларға осы 1188 инженер маманды қайта даярлау курстарынан оқытып, жұмыспен қамтуға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Жұмыссыздардың санын азайту мақсатында жасалып жатқан жұмыстың бірі – нарыққа қажетті маман иелерін анықтау. Мансап орталықтары 122 ірі кәсіпорынға хат жолдап, оларға қажетті мамандардың тізімін жасақтайды.
Соның қорытындысына сәйкес жұмыссыз жүргендерді қызметпен қамту жоспарланып отыр. Жиын соңында Жасұлан Бисембиев жауапты басқармаларға жұмыс күшін нығайтып, кадр санын жоспарға сай көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларда атыраулықтардың қызмет етуін ұйымдастыру жұмысына басымдылық беру керектігін айтты. Пробация есебінде тұрғандар мен жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмыспен қамту шарасын күшейту керектігін жеткізді. Статистикалық мәліметке сәйкес, облыстағы халық саны - 709 402 адам, оның 351 993-і жұмыспен қамтылған. Экономикалық белсенді халық - 369 964. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9% болса, жастардың жұмыссыздық көрсеткіші 2,5%-ды құрап отыр. Биыл 11 ай қорытындысы бойынша 18808 адам (2023ж. 9452 адам) тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Бүгінде 14 555 адам ресми жұмыссыз ретінде есепте тұр.