Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бірлігімізге бекем болайық

 Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр, мемлекеттік органдар, аймақ пен қала басшыларымен өткізген кеңесте айтқан еді. 

 Мен де өскелең ұрпақты түрлі алыпқашпа әңгімелер мен сенімсіз ақпараттарға сенбеуге шақырамын. Мемлекет басшысы ұлтымыздың ұлы мейрамы Наурыздың қарсаңында елімізде тату-тәтті тірлік кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерін бір мүддеге ұйыстыратын, халықты берекелі бірлікке үндейтін үлкен мәселе көтеріп отыр. Бұл – өте құптарлық іс. Өйткені, жасыратыны жоқ, қазір жастардың санасын ғаламтор «ғажайыптары» әбден улап алды десе болады. Әрине, заман көшінен қалмаған жақсы ғой, бірақ оның да өзіндік өлшемі болады емес пе?! «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген сөз тегін айтылмаса керек. Технологиясы таңдай қақтырған бүгінгі заманда қажетті-қажетсіз ақпарат ағыны өте көп. Арасында дәйектісі де, дәйексізі де бар. Осы орайда, көзбен көріп, қолмен ұстамаған нәрселерге сене беруге болмайтынын айрықша атап өткім келеді. Өзге елдерден келіп жатқан түрлі діни ағымдар, дәстүріміз бен ділімізге жат қылықтар, дөрекі ойындар мен басқа да күдікті нәрселерден жас ұрпақ бойын аулақ салса екен деймін. Себебі, біз, аға ұрпақ өкілдері ел ертеңі не болар екен деп ерекше алаңдаймыз. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтарымыз елімізде оң өзгеріс болып жатқанын сезінуі қажеттігіне тоқталды. Ол үшін игі бастамалардың мән-маңызын халыққа ұдайы айтып отырған жөн-ақ. «Біз тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол бермейміз. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Мен бірнеше рет айтқанымдай, бізге, ең алдымен, заң үстемдігі аса қажет. Заң сақталса және азаматтық жауапкершілік жоғары болса, қоғамда тәртіп болады. Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады. Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады» деді Қ.Кемелұлы. Ендеше, жаһандану мен реформалар кезеңінде атадан балаға мирас болып келе жатқан береке-бірлгіміз бен ырыс-ынтымағымыздан айнымайық, ағайын! Ұлдай ӘЙТІШЕВА, еңбек ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT