Бүгін қазақстандықтар Республика күні мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Құжатта ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде танылды.
Одан бөлек декларация аясында ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, Қазақстан халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және ұлттық қадір-қасиетті нығайту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Сондай-ақ егемендік туралы декларацияда еліміз мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру туралы айтылған. Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы саналды.
Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 25 қазан Республика күні мерекесі ретінде аталып өтіле бастады.
Алайда 2009 жылы сәуірде Республика күні мерекелер қатарынан алынып тасталды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні тарихи мерекесін қайтаруды ұсынды. Одан бөлек, Президент Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
Осылайша 2022 жылдан бастап қазақстандықтар Республика күні мерекесін атап өтеді. Бұл күндері барлық өңірлерде түрлі бағыттағы мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Биыл Астанада Республика күні мерекесіне орай елордада 200-ден астам іс-шара өтеді. Оның ішінде мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік, мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрікті жерлерге экскурсиялар.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер өткізу және басқа да көптеген іс-шара жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі Республика күні мерекесі күні барлық өңірде жедел штаб жұмыс істейтіні туралы мәлімет жасады. Бұл күні қоғамдық тәртіпті 20 мың полицей мен Ұлттық ұлан әскері бақылайды.
Айта кетейік, биыл қазақстандықтар Республика күніне мерекесіне орай бір күн (сәрсенбі) демалады.