«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесі мүшелерінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Қазақстан» РТРК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды телеарнаның баспасөз қызметі.
Берік Уәли 1977 жылы дүниеге келген. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы мамандығы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын журналистика мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
2019 жылғы наурызда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар 2019 жылдың қыркүйек айында «ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.