Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл атап өтілетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай менің тапсырмама сәйкес, республикалық ономастикалық комиссия ерекше шешім қабылдады.
Нақтыласам, республика бойынша 500-ден астам көшеге соғыс ардагерлерінің, ел қорғаған майдангер-батырлардың есімдері беріледі. Ерекше атап айтар жайт, бұлар осыған дейін есімдері ескерусіз, тасада қалып келген сол елді мекендердің тумалары немесе сол өңірден шыққан азаматтар болуы тиіс. Бұл жердегі әңгіме, жаңадан берілетін және атауы қайталанатын көшелерге қатысты болып отыр. Ал республикалық ономастикалық комиссияның мына шешімі осы олқылықтың орнын толтырар батыл қадам саналады. Ең бастысы, мұндағы мақсат – Ұлы Жеңіске, соғысқа қатысушыларға, бізге бейбіт күнді сыйлаған батырларға деген құрмет, өшпес ерлігі мен өлмес рухына тағзым».
Осыған орай, мәселенің мән-жайын Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Базарғалиқызынан сұрап білген едік. Оның айтуынша, осыған дейін біздің облыстан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ономастикалық комиссияға 180-ге жуық соғыс ардагерінің тізімі жіберілді. Мұнда есімдері ұсынылған майдангердің кемінде бір мемлекеттік марапат — «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» (І, ІІ, ІІІІ дәрежелі), «Отан соғысы» (І, ІІ, ІІІ дәрежелі) ордендері иесі болуы шарт.
-Біз осынша адамның тізімін жоғарыға жолдағанымызбен, одан қаншасы мақұлданатынын, нақты кімдерге көше аттарын анықтап айту әзірге қиын. Нақты хабарын кейін жариялайтын боламыз, — деді басқарманың өкілі.
Дәулетқали АРУЕВ